Accessibility links

Әкімі "оппозицияға өткен" мимырт қала. Павлодар облысы Ақсу қаласының тіршілігі қандай?


Әкімдер арасындағы тартыстың астарында не бар?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:35 0:00

Павлодар облысындағы әкімдер арасындағы тартыстың астарында не бар?

Қазақстан тарихындағы сирек құбылыс – "әкімдердің алғашқы тартысы" Павлодар облысы басшысы Әбілқайыр Сқақовтың өзіне бағынышты Ақсу қаласы әкімі Нұржан Әшімбетовті орнынан алуымен аяқталды. Сол тартыстың "эпицентрі" – Павлодардан 50 километр жердегі Ақсу қаласы. Әкімі жоғарыға "оппозицияға" шыққан қаланың тұрмыс-тіршілігі қандай? Экс-әкім айтқандай, өңірді жемқорлық жайлаған ба? Бұл текетірестің артында қандай себеп тұр? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Азаттық тілшісі Павлодар облысына барып қайтты.

ЭКС-ӘКІМНІҢ ҚОҢЫРАУЫ

Қала әкімдері Азаттық тілшісіне сирек қоңырау шалады. 21 мамырда кешкісін тілшіге телефонмен хабарласқан Нұржан Әшімбетов Павлодарда таңертең баспасөз жиынын өткізетінін айтты.

– Сағат 18.00-де облыс әкімдігінің кадр бөлімінен адамдар келіп, жұмыстан шығарылғаным туралы бұйрықпен таныстырды. Осыған байланысты ертең, 22 мамырда баспасөз жиынын өткіземін. Таңертең сағат 10-да "Чайка" қонақ үйінде оффлайн болады, – деді Әшімбетов.

Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов жұмыс орнында отыр. Ақсу, Павлодар облысы, 21 мамыр 2021 жыл.
Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов жұмыс орнында отыр. Ақсу, Павлодар облысы, 21 мамыр 2021 жыл.

Нұржан Әшімбетовтің орнынан кетуіне мемлекеттік қызмет агенттігі Павлодар облысы бойынша әдеп комиссиясының 19 мамырдағы шешімі негіз болған. Комиссия Ақсу қалалық әкімдігі қызметкерлерінің арызын қарап, Әшімбетов қоластындағы адамға дөрекілік жасағаны үшін "орнынан кетсін" деген ұйғарымға келген.

– Комиссия ұсынысы қызметтен кетіруге негіз бола алмайды деп есептеуші едім. Алдымен оны президент әкімшілігі қарауы тиіс еді. Кейде шешім бірнеше күн не аптаға созылатын. Байқағаныңыздай, менің ісімде бір жарым тәулік жеткілікті болды, – дейді Ақсу қаласының экс-әкімі.

Оның айтуынша, "әдеп комиссиясын" ұйымдастырған да, ақпанда болған жиындағы "дөрекілігін" "еске түсіріп", арыз жаздырған да Павлодар облысының әкімі – Сқақов.

ҚОНАҚҮЙДЕГІ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ЖӘНЕ "1937 ЖЫЛҒЫДАЙ ҚУҒЫН"

Әшімбетов Ертіс өзені жағасындағы "Чайка" қонақүйінің кіреберісіндегі шағын бөлмеде журналистермен кездесті. Ресепшннің дәл алдына бірнеше үстелді қатар қойып, үстіне мата жауып, "баспасөз мәслихатынан" белгі беретін микрофондар, су мен стақан қойған. Жиынға бірнеше республикалық телеарнадан, ақпарат агенттіктерінен тілші келді. Бірақ әкімдікке қарайтын ақпарат құралдарының журналистерін байқамадық.

Қазақстанда облыс әкімінің құзыреті өте кең, әсіресе алыс аймақтардағы ақпарат құралдарының дені әкімдіктің сөзін сөйлейді.

Павлодар облысы әкімінің шешімімен Ақсу қаласы әкімі қызметінен босатылған Нұржан Әшімбетов баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Павлодар қаласы, 22 мамыр 2021 жыл.
Павлодар облысы әкімінің шешімімен Ақсу қаласы әкімі қызметінен босатылған Нұржан Әшімбетов баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Павлодар қаласы, 22 мамыр 2021 жыл.

Баспасөз мәслихатында Павлодар облысының қазіргі әкімі Әбілқайыр Сқақовтың және экс-әкімі Болат Бақауовтың атына ауыр сын көп айтылды (Бақауов былтыр "Билiктi немесе лауазым өкiлетін асыра пайдаланды", "Лауазымын теріс пайдаланды" деп айыпталып, мамырда 3,5 жыл бостандығын шектеу жазасына кесілген). Экс-әкімнің айтуынша, аймақтағы әлеуметтік жобаларға бөлінген қаржы басқа мақсатқа жұмсалады, жер конкурс арқылы жалға берудің орнына жеке адамдарға беріледі, мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген қаражат жекеменшікке салынады, статистика бұрмаланады. Әшімбетов қызметте болған төрт айдың ішінде осы "заңсыздықтармен" күресуге тырысқанын, сол үшін "1937 жылғыдай қуғынға ұшырағанын" айтады.

Экс-әкімнің сөзіне сенсек, құрылыспен айналысатын "Таза Стар" серіктестігі бір өзі бюджетке 57 млрд теңге қаржы құйдық деп есеп берген, сол арқылы олар статистиканы бұрмалаған.

Әшімбетовтің айтуынша, "облыс басшылығының әлсіздігі" кесірінен ERG (минералды ресурстарды өндіріп, өңдеу және тасымалдаумен айналысатын компаниялар тобы) компаниясы әлеуметтік жобаларға, нақтырақ айтқанда Ақсу қаласының жылыту жүйесіне деп бөлген 650 млн теңге (1,5 млн АҚШ доллары) ERG-дің өзіне қарасты Ақсу ферроқорытпа зауытының "шығындарын өтеуге жұмсалған".

ERG компаниясына тиесілі Ақсу ферроқорытпа зауытының мұражаларынан әуеге тарап жатқан түтін. 22 ақпан 2018 жыл.
ERG компаниясына тиесілі Ақсу ферроқорытпа зауытының мұражаларынан әуеге тарап жатқан түтін. 22 ақпан 2018 жыл.

Бұған таңқалған Әшімбетов Ақсу қаласы мәслихатының депутаттарымен сөйлесіп, олар ERG-дің құрылтайшысы Александр Машкевичке хат жазыпты, ол жақтан әлі жауап келмеген. Экс-әкімнің айтуынша, қала жолын жөндеу, көшені абаттандыру бойынша мәселе көп, демеу қаржы соған жұмсалуы керек.

Бұрынғы әкімнің айтуынша, Қазақстан үкіметінің "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында бизнесті қолдауға бөлінген 1 млрд теңге (2 млн 400 мың доллар) "AksuTransLogistic" жекеменшік компаниясы жер телімінің ішкі суару жүйесін тартуға жұмсалған, мұны Сқақовтың өзі де мойындаған.

– Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны [Ақсу қаласы] құрылыс бөлімі игереді, бұл қаржы үшін біз жауап береміз, ал ақша мақсатты түрде жұмсалып жатқан жоқ, – дейді Әшімбетов.

СОТТАЛҒАН БАҚАУОВТЫҢ "СҰЛБАСЫ"

Ақсудың бұрынғы басшысы қылмысы үшін сотталған бұрынғы облыс әкімі Болат Бақауовқа қатысы бар мекеме тұрғындардың, бас сәулетшінің қарсылығына қарамастан Ақсу маңынан сүт фермасын салған дейді.

– Тексере келе бұл зауытты салған "КронАгро" компаниясының төрт құрылтайшысы барын, соның бірі Гүлнәр Жұмабекова екенін анықтадым. Арнайы сұрау жібергенімде бұл кісі Бақауовтың туған әпкесі болып шықты, – деген Әшімбетов осы іске қатысты құжаттардың жоғалып кеткеніне де назар аударады.

Қоғамдық көлік аялдамасында тұрған автобус пен адамдар. Ақсу қаласы, Павлодар облысы, 21 мамыр 2021 жыл.
Қоғамдық көлік аялдамасында тұрған автобус пен адамдар. Ақсу қаласы, Павлодар облысы, 21 мамыр 2021 жыл.

Ал бас сәулетші құрылыс салуға қарсылық білдіргеннен "екі күннен соң жұмыстан кеткен". Әшімбетов осы құрылыс заңсыз салынды деп сотқа шағым да түсірген. Ақсуды аралай жүріп, тұрғындардың бұл сүт фермасы құрылысына неге қарсы болғанын түсіндік.

Әшімбетовтің облыс басшылығына тағар міні мұнымен аяқталмайды. Кейде ол тіпті саяси мәлімделер де жасайды. Ол аймақтағы шенеуніктердің арасындағы өзара тартыс кесірінен елдің дамымай жатқанын, жемқорлық пен кәсіби біліктің төмендігін, құжат қабылдау кезінде жариялықтың болмайтынын, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары солардың кесірінен орындалмай жатқанын айтады. Әшімбетовтің сөзінше, басқа мемлекеттік қызметкерлер "қолы таза емес болғандықтан", мұндай былықты ашуға тырыспайды. Бұған қоса ол ауыл әкімін сайлау кезінде Павлодар облысындағы туған ауылына барып сайлауға түсіп, "демократияны сынап көретінін" де айтты. Дегенмен, Нұржан Әшімбетов "өзін оппозиция қатарына қосу керек емес" екенін де ескертті.

СҚАҚОВТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?

Әшімбетов пен Сқақов арасында текетірес басталғалы бір айдан асса да, Ақсу әкімі облыс басшысына түрлі айып тағып жатса да, Әбілқайыр Сқақов бұл іске қатысты жария түрде түсініктеме бермей келеді. Облыс әкімі Нұр-Сұлтаннан арнайы барған Азаттық тілшісін де қабылдамады, жіберген сұрақтарға да жауап бермеді.

Павлодар облысы әкімдігі алдындағы алаңдағы Абай ескерткіші. Павлодар, 21 мамыр 2021 жыл.
Павлодар облысы әкімдігі алдындағы алаңдағы Абай ескерткіші. Павлодар, 21 мамыр 2021 жыл.

21 мамырда Павлодар облыстық әкімдігінің кіреберісіндегі қызметкерлер Әбілқайыр Сқақовтың жұмыста жоғын, қалаға шығып кеткенін айтып, баспасөз қызметіне хабарласуымызды сұраған. Облыс әкімнің баспасөз хатшысы Қатира Мағдатқызы да орнында жоқ екен. Телефонмен хабарласқанымызда күте тұруымызды өтінді. Кейін бізге:

– Бұл жайтқа қатысты қандайда бір баға беріп, пікір білдіру дұрыс емес деп есептеймін. Түйінді тек сот шығарады, – деп қысқа жауап берді.

22 мамырда облыс әкімдігінің телеграмдағы Press Pavlodar region парақшасында Әшімбетов айтқан бірнеше мәселе бойынша түсініктеме жарияланды. Мәселен, Ақсуға 57 млрд теңге инвестиция салдық деп "жалған ақпарат берді" деген "Таза Стар" компаниясы 2020 жылға арналған "Негізгі капиталға салынған инвестициялар туралы есепте" "нөлдік" есеп тапсырған. Яғни былтыр компаниядан қандай да бір инвестиция салынғаны жайлы хабарлама түспеген. Осылайша әкімдік Әшімбетовтің айтқан ақпараты шындыққа жанаспайды деп отыр. Бұған қоса, әкімдік "Бақауовқа қатысы бар "AksuTransLogistic" компаниясына бөлінген қаржы туралы да мәлімет берді. Әкімдік телеграм арнасының дерегі бойынша, үкіметтің "Жұмыспен қамтудың жол картасы" жобасы аясында қаржыландырылатын нысандардың тізімін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов басқаратын ведомствоаралық комиссия (ВАК) бекітеді. "ВАК хаттамасына сай, 2021 жылдың 10 наурызында 18 жобаның тізімі бекітілген, оның алтауы – жер суару инфрақұрылымы жобасы", арасында Әшімбетов айтқан "AksuTransLogistic" те бар.

Теміржол вокзалы алдындағы алаңда тұрған адамдар мен автокөліктер. Павлодар қаласы, 21 мамыр 2021 жыл.
Теміржол вокзалы алдындағы алаңда тұрған адамдар мен автокөліктер. Павлодар қаласы, 21 мамыр 2021 жыл.

24 мамырда Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Ақсуға барып, ондағы қызметкерлерді жаңа әкім Жанат Шұғаевпен таныстырды. Бұған дейін Павлодар ауданы әкімі қызметін атқарған Шұғаевты мақтаған Сқақов Әшімбетовтің сөзіне пікір білдірді.

– Өкінішке қарай, соңғы бір ай ішінде біздің металлургтер қаласының аты бүкіл ел аузында. Ақсудың бұрынғы әкімінің сөзі баспасөз бетінен түспеді. Құзыретті органдар оның әрбір сөзін зерттеп, тексеріп жатқанына сендіргім келеді. Нұржан Кемерұлының бірқатар мәлімдемелерін мемлекеттік органдар ресми түрде теріске шығарып та үлгерді. Басқа мәселелер бойынша тексеру жүріп жатыр. Қала әкімдігі ұжымының ішінде қалыптасқан жағдай да қоғам талқысына түсті. Осындай жағдайда, өкінішке қарай, Ақсу қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері төмендеп барады, – деді Сқақов.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Әшімбетовтің сөзіне жауап ретінде Сқақовтың осы комментариін пайдалануды өтінді.

Кейінірек ERG компаниясы да Әшімбетовтің сөзіне байланысты мәлімдеме жасады. Компания ақпаратына қарағанда, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандум аясында Павлодар облысына биыл 3,4 млрд теңге, соның ішінде Ақсу қаласындағы қара металлургия колледжіне 30 млн теңге материалдық көмек көрсетілмек. Бұған қоса, қала инфрақұрылымын жақсарту мақсатындағы "ERG қаласы" жобасы ұйымдастырылады.

АҚСУДАҒЫ "БОТТАР СОҒЫСЫ"

Есесіне, тұрғындар бар-жоғы 70 мың халқы бар қалада кеткен әкімді жақтайтындар мен даттайтындар арасында республика деңгейіне байқалмайтын "ақпарат соғысы" жүріп жатыр дейді.

Ақсу қаласы, Павлодар облысы, 21 мамыр 2021 жыл.
Ақсу қаласы, Павлодар облысы, 21 мамыр 2021 жыл.

Ақсуда тұратын азаматтық белсенді Евгений Хабаров қос әкім арасындағы дау-дамайда ақпараттық тартыс басымырақ екенін байқаған. Оның сөзінше, кейінгі бір айда қалада фейк жаңалық көбейіп, қаралау үрдісі белең ала бастаған.

– Кейінгі кездері жалған ақпарат тарату жиілеп кетті. Қазір қаладағы пабликтерде "боттар" күш алған. Мәселен жұрт сүт фермасына шағымданып, қаланы жайлаған жағымсыз иіс жайлы жаза бастап еді, фейк-аккаунт қаптап кетті. Олар, керісінше, шаруашылықты жөн-жосықсыз мақтайтынын байқадым. Ең қызығы, кәсіпорынның пайдалы екенін жарыса жазғандардың арасында Ақсуда тұрмайтын желі қолданушылар да көп, – дейді белсенді.

Осыған қарап, Әшімбетовтің облыс әкіміне "оппозицияға шығуының" артында әлдебір саяси күштер тұр ма деген болжам да көбейген.

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, саясаткер Серікбай Әлібаев.
Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, саясаткер Серікбай Әлібаев.

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты, саясаткер Серікбай Әлібаевтың пікірінше, бұл әкімдер арасындағы текетірес емес.

– Әкімдердің қолынан не келеді? Халық сайламағандықтан, олар белгілі бір топ немесе тұлғаға тәуелді. Бұрын жоғары лауазымға әбден пісіп-жетілген адамды қоятын. Бұл тәжірибе Еуропаның кей елінде әлі де бар. Өңірді, оның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жетік білмеген соң әкім не істей алады? Тек алаңдап, біреуге жалтақтаумен отырады. Меніңше, Әшімбетов пен Сқақов арасындағы дау елдегі кландар тартысына көбірек ұқсайды, – дейді саясаткер.

ТОМАҒА-ТҰЙЫҚ ҚАЛА

Сібірдің оңтүстігі саналатын болған соң ба, Ақсу суық, сұрқай қала болып көрінеді. Көшеде бейсауат жүрген адам аз. Кездескендерінің өзі орта жастағы я қартаң кісілер.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қала тұрғындарының бестен бірі екі ірі мекемеде жұмыс істейді, жастар жағы көршілес ірі қалалар – Нұр-Сұлтан, Павлодарға, болмаса Ресейге кетеді.

Ақсу қаласында қыс мезгілінде түсірілген сурет. 22 ақпан 2018 жыл.
Ақсу қаласында қыс мезгілінде түсірілген сурет. 22 ақпан 2018 жыл.

1993 жылға дейін Ермак деп аталған Ақсу – өндірісті қала, мұнда екі бірдей ірі өндіріс орны Ақсу ферроқорытпа зауыты мен электр станциясы орналасқан. Совет одағы кезінде тас көмірдің арқасында ірі елдімекенге айналған.

Қаланың көп жері совет заманын еске түсіреді, кей тұста ескі мен жаңа қабысып жатыр. Бір жерден екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің портреттерін байқасақ, енді бір жерде төбесінде ұмыт бола бастаған "Қазақстан барысы" символы тұрған арканы көрдік. Совет заманындағы бірыңғай үлгідегі бес қабатты үйлер, әлдеқайда асыққан бірен-саран жолаушы. Көлігі сирек көшеде жаяуларға жолақ салыныпты. Анда-санда кезігетін көліктің көбі ескі. Ақсудан екі бірдей аса ірі өндіріс ошағы бар қаланың нышаны байқалмайды, Қазақстандағы көп моноқаланың бірі дерсің. Қаланың шет жағында жаңа ықшамаудан салынып жатыр, бірақ тұрғын көбейгені байқалмайды.

"БІРЕУДІҢ ЖОЛЫН КЕСКЕН БОЛАР"

Бірен-саран кездескен тұрғынды сөзге тартсаң, биліктегі "текетірестен" хабардар болып шығады.

Қалада таксист болып істейтін Дастан Егінбаев оқиғаны әу бастан бақылап отырғанын айтады. Сөзінше, жергілікті жердің мәселесін жоғарыдағы басшы емес, жергілікті әкім жақсырақ біледі.

– Меніңше, Әшімбетов дұрыс жасады. Бұған дейін биліктегілер ойына келгенін істеді, халықпен санаспады. Ал жаңа әкім келе сала, проблемаларды шешуге кірісті. Өзгеріс бар. Бұрын арыз-шағым айтылғанмен, шешілмейтін. Әкімге жетпейтін. Болса да баяу жететін. Қазір жұрттың мұң-мұқтажы әкімге жетеді. Көзбе-көз кездеспесе де, әлеуметтік желіге алаңдатқан сұрақтарды жазып көріңіз. Бірден реакция болады, – дейді таксист жігіт.

Оның сөзінше, Әшімбетовтің келуімен қаладағы жол сапасы жақсара бастаған.

Совет көсемі Владимир Лениннің әбден тозған мүсіні тұрған жерден өтіп бара жатқан бала жетектеген әйел. Ақсу қаласы, 21 ақпан 2018 жэыл.
Совет көсемі Владимир Лениннің әбден тозған мүсіні тұрған жерден өтіп бара жатқан бала жетектеген әйел. Ақсу қаласы, 21 ақпан 2018 жэыл.

Өзін Руслан деп таныстырған ақсулық азаматтың пікірінше, әкім ауысқанмен, қаладағы проблема шешіліп жатқан жоқ. Ол қала әкімінің лауазымы жоғары шендімен алысуын "әдепсіздікке" балады.

– Білмеймін, бұлай істеуге болмайтын сияқты. Меніңше, қауіпті. Лауазымы жоғары адамның қолы ұзын, мүмкіндігі көбірек. Оның үстіне, бұл оқиғада бір адам екінші біреудің жолын кескен сияқты. Мәселе содан да шығуы мүмкін, – деп топшылайды Руслан.

Ал Евгения есімді қарт кісі орнында көп отырмаған әкімнің жұмысына баға беру қиын дейді.

– Біз сияқты қарапайым адамдарды жолатпайды ғой. Тек [қабылдауына] жазыламыз. Бірақ қабылдай ма, жоқ па, белгісіз. Әкімді көргенім жоқ. Танымаймын. Онлайн кездесу болды деп естідік. Соған көбі қатыса алмады. Бәрінің бірдей интернеті жоқ қой, – деді зейнеткер.

Бұдан соң дауға түрткі болған "КронАгро" шаруашылығына бет алдық. Ақсудың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан кәсіпорын биік дуалмен қоршалған екен. Қала шетіндегі тұрғын үйлер мен сүт фермасының арасы шамамен 400-500 метр. Жауын жауып тұрғандықтан жағымсыз иіс сезбедік. Ішке кіруге беттегенімізде күзетші "рұқсат жоқ" деп, ары өткізбеді. Сәлден соң өзін қауіпсіздік қызметінің өкілімін деп таныстырған, бірақ аты-жөнін айтпаған азамат жеке меншік мекеме болғандықтан, аумақты видео және фотоға түсіруге болмайтынын ескертті.

Бұдан соң сүт фермасы маңындағы көпқабатты үйлерге бардық. Күн жауып тұрғандықтан, далада ешкім жоқ. Сол жердегі дүкендердің біріне кіріп, қолаңса иіс жайлы сұрадық.

– Өте жаман иіс, сасық. Шыдау мүмкін емес. Кейде дүкеннің ішін алып кетеді. Павлодардан келген қонақтар соңғы кезде қаланы қолаңса иіс жайлағанын айтып жүр. "Неліктен?" деп сұрайды. Жанымызда сүт фермасы салынды. Сол ашылғалы осылай дейміз. Сасық иіс кешкісін күшейіп кетеді, – деді өзін Фарида деп таныстырған сатушы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG