Accessibility links

ELC Қазақстанда "Феминита" белсенділеріне жасалған шабуылды айыптады


Белсенді Жанар Секербаева шабуыл кезінде көгеріп қалған қолын көрсетіп жатыр. Алматы, 31 мамыр 2021 жыл.
Белсенді Жанар Секербаева шабуыл кезінде көгеріп қалған қолын көрсетіп жатыр. Алматы, 31 мамыр 2021 жыл.

ELC (Eurocentralasian Lesbian Community) қауымдастығы Шымкентте "Феминита" тобының белсенділеріне жасалған шабуылды айыптап, кінәлілер жазаға тартылуы тиіс деп мәлімдеді.

29 мамырда Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласында ЛБК және трансгендер әйелдердің басын қосып, олардың құқығы жайлы жиын өткізуді жоспарлаған белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержанға кенеттен оннан аса ер адам жабылып, күш қолданған еді. Шабуыл кезінде Жанардың беті мен қолына соққы тиген. Гүлзада Сержанның да қолы көгерген.

30 мамыр күні Facebook-та таратқан хабарламасында ELC қауымдастығы шабуылды қатаң айыптаған.

"Қазақстанда Жанар мен Гүлзадаға тіпті күш қолданылып, бұзақылар Жанардың бетінен ұрған. Оларды полиция ұстап әкетіп, артынша Алматыға жеткізген" делінген шағын хабарламада. Бұл мәлімдеме әзірге қауымдастықтың ресми сайтында жарияланбады. Мәлімдеме авторлары мұндай оқиғалар қайталанбас үшін халықаралық тұрғыда қысым жасау жолдарын қарастырамыз деп жазған. Олар кінәлілер жауапкершілікке тартылуы тиіс деп санайды.

Гүлзада Сержан оқиғаға қатысты Шымкент қаласының Абай аудандық полиция бөлімшесіне арыз түсіргенін хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, бастапқыда полиция олардың қоқан-лоқыға ұшырауы мен соққыға жығылуы, полицияның өкілетін асыра пайдаланғаны жайлы арыздарын қабылдамаған.

- Кейіннен халықаралық ұйымдар, министрлік, сосын омбудсмен Эльвира Азимова хабарласып, Шымкенттің ішкі істер департаментіне қысым көрсеткеннен кейін барып, олардың ең үлкен бастықтары келіп, бүкіл жағдай керісінше өзгеріп кетті. Басында полиция күш қолданған топты қолдағандай әрекет еткен. Кейін полиция "біз сендерді қорғау үшін істедік, әйтпесе көшедегі адамдар сендерді жұлып жейтін еді" деп ақтала бастады. Біз [құқық қорғаушы] Татьяна Чернобильге хабарласып, арызданғаннан кейін мәселені құқық қорғаушылар, әріптестер көтергеннен соң бізге деген көзқарас өзгеріп кетті, - деді Гүлзада Сержан. Ол істі ақырына жеткізуге күш салатынын айтты.

"Бізді тоқтата алмайсыңдар". Таяқ жеген ЛГБТ белсенділеріне қысым күшейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

31 мамырда Шымкент ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі жауап бермеді. Ал кезекші бөліміндегі қызметкерлер "баспасөз қызметіне хабарласу керектігін" айтты.

"Феминита" - Қазақстандағы әйелдердің, ЛГБТ және трансгендерлердің құқығын қорғаумен айналысатын ұйым. "Феминита" белсенділері кейінгі бірнеше жылда 8 наурызда елде әйел құқығы үшін марш ұйымдастырып келеді. Олардың биыл ұйымдастырған шеруіне қоғамда кейбір топтар қарсылық білдірген.

Видео: Қазақстандағы теңдік үшін күрес (21 сәуір 2021 жыл).

Qyzdar. Қазақстандағы теңдік үшін күрес
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:00 0:00

Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған биылғы қарарында "елде ЛГБТ өкілдерінің құқығы тапталып жатыр" деген. Ал АҚШ мемлекеттік департаментінің адам құқығы жайлы есебінде "Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне күш қолдану, қысым бары" жазылған. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының есебінде Қазақстанда ЛГБТ өкілдері "стигматизацияға ұшырайтыны" айтылады.

Eurocentralasian Lesbian Community – Еуропа пен Орталық Азияда лезбилердің құқықтарын қорғаумен айналысатын бірнеше жыл бұрын құрылған қауымдастық.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG