Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өзі туралы "теріс ақпарат таратқаны үшін" журналистерді сотқа беремін деп қорқытып жатыр. Бұл туралы "Әділ сөз" баспасөз қорғау қорының 24 маусым күнгі хабарламасында айтылған.
Қордың мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының мүддесін қорғайтын "Ар-Бедел" қоғамдық қоры Exclusive.kz сайтынан 21 маусымда жарияланған "Национальная буржуазия объявила войну "агашкам"? мақаласын және "Почему Елбасы не стал ссориться с Абаем" атты видеоны өшіруді және терістеуді талап еткен. Бұл материалдарда Шығыс Қазақстан облысындағы ірі мәдени-спорт кешені "Абай аренасы" туралы журналистік зерттеудің қорытындысы баяндалған.
Шағым берушінің пікірінше, аталған материалдарда Шығыс Қазақстан облысы әкімі мен әкімдігінің "беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын теріс ақпарат бар".
"Ар-бедел" қорының Exclusive.kz сайтына жолдаған шағымында "ақпаратты терістеуі тиіс" құжаттардың тізімі көрсетілген. "Ар-Бедел" айғақ ретінде құжаттардың тізімін келтірген, бірақ құжаттардың өздерін көрсетпеген" деп жазды "Әділ сөз".
Қор өкілі Альбина Бақтиярқызының айтуынша, "тізімде көрсетілген құжаттардың барлығы бар". "Оларды журналистермен бөлісуге рұқсат берсе, көрсетеміз" деді ол 24 маусымда Азаттық тілшісіне.
Қор өкілдері талаптары орындалмаған жағдайда "құқық қорғау органдарына жүгінетіндігін" де ескерткен.
Exclusive.kz сайтының редакторы Қарлығаш Еженова "құжаттарды көргеннен кейін шешім қабылданатынын" айтты.
– Біріншіден, ескерту хатының мәні түсініксіз. Себебі, ол жерде 54 құжат көрсетілген. Бірақ онда не бары белгісіз. Құжаттардың мазмұнын білмейміз. Екіншіден, қазір сол құжаттарды көрсетуді талап етіп, хат әзірлеп жатырмыз. Тек содан кейін ғана шешім қабылдаймыз. Ескерту хатта олардың нақты қай тұсы "шындыққа сәйкес келмейтіні де" айтылмаған. Әдетте мұндай кезде құжаттар бірден көрсетілетін, – деді ол.
"Әділ сөз" қоры оқиғаны сөз бостандығының бұзылу фактісі ретінде тіркеп, порталға заңгерлік көмек көрсетінін айтып отыр.
Қазақстанда шенеуніктер "ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтірді" деп ақпарат құралдары мен белсенділер үстінен жиі шағым түсіреді. Жақында саяси белсенді Жанболат Мамай мен "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арасындағы дау бойынша сот шешімі шыққан. Алматы соты "ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтірді" деп сотқа шағым түсірген Бауыржан Байбектің өтінішін толық қанағаттандырып, белсенді Жанболат Мамайды шенеунік туралы видеоны өшіруге міндеттеген.
ПІКІРЛЕР