Accessibility links

Апелляциялық сот белсенді Күнболатұлының қамау мерзімін жеті күнге қысқартты


Байболат Күнболатұлы Қытай түрмесінде отырған інісінің суретін ұстап, Қытай елшілігі алдында пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.
Байболат Күнболатұлы Қытай түрмесінде отырған інісінің суретін ұстап, Қытай елшілігі алдында пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.

Алматыдағы апелляциялық сот Шыңжаңда қалған інісіне араша сұрап жүрген белсенді Байболат Күнболатұлының 15 күндік қамау жазасын 7 күнге қысқартты. Бұл туралы 25 маусымда оның адвокаты Шынболат Байжанов хабарлады.

22 маусымда Алматыдағы сот Күнболатұлын "Қытай консулдығы алдында заңсыз пикет ұйымдастырды" деп 15 тәулікке қамаған. 23-24 маусымда оның анасы және бір топ адам Алматы полиция департаменті алдына барып, Күнболатұлын босатуды талап еткен. Олар 24 маусымда департамент маңында түнеп шықты.

25 маусымдағы апелляциялық соттан шыққан адвокат Байжанов "Байболат Күнболатұлы 22 маусымда қамалды, енді 29 маусымда шығады. Яғни, жазасы қысқарды" деді.

Ал Күнболатұлының анасы Зауатхан Тұрсын апелляциялық сот шешімімен де келіспейтінін айтып, баласын дереу босатуды талап етті.

"Келіспеймін! Балам кінәсіз, ешқандай заңсыздық жасаған жоқ. Жоғын жоқтағаны үшін сотталып отыр. Қазір балымды қолыма берсін!" деді белсендінің анасы.

Байболат Күнболатұлы – Шыңжаңда ұзақ жыл түрмеге қамалған інісінің бостандығын бірнеше жылдан бері талап етіп жүрген алматылық белсенді. Ол бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылды.

Күнболатұлымен бірге тағы да ондаған адам Алматының Қытай консулдығы алдында 130 күннен бері акция өткізіп жүр. Олар Қытайдан жақындарын босатуды талап етеді. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" көп жылға сотталғанына, енді бірі Қытай билігі Шыңжаңдағы туыстарының құжаттарын тартып алып, Қазақстанға шығармай қойғанына шағымданады.

Осы уақыт бойы олар консулдықтан мардымды жауап ала алмаған. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайтынын" айтады.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда миллионнан аса ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды еш жазықсыз лагерьде, түрмеде қамаған.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Қытай Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG