22 ақпанда Канада парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандардың қудалауын "геноцид" деп таныды. Канадалық депутаттар Қытай ұйғырларға қарсы "геноцид жасады және әлі жасап жатыр" деп, құжатты бірауыздан мақұлдады.
Канада парламенті ұйғырларға қарсы қудалау тоқтамаса, 2022 жылы Пекинде өтетін қысқы олимпиданы басқа елге ауыстыру туралы заңды да қолдады.
Канада премьері Джастин Трюдо өткен аптада Шыңжаңда адам құқығы өрескел бұзылып жатқаны жайлы хабар көбейгенін айтқан. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, Қытай Шыңжаңда миллиондай мұсылманды лагерьде ұстап отыр.
Канада - Шыңжаңдағы жағдайға қатысты "геноцид" сөзін қолдана бастаған екінші ел. Бұған дейін АҚШ Қытайдың Шыңжаңдағы қысымын "геноцид" деп сипаттаған.
Пекин бұл мәлімдемелерге қарсы шығып, Шыңжаңдағы мәселені өзінің ішкі әрекеті деп санайды. Қытай лагерьлерді кәсіп меңгеретін орын, экстремизммен күрес әдісі дейді.
Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь 23 ақпанда Канада парламенті қабылдаған құжатты сынап, Пекиннің Оттаваның ұстанымымен келіспейтінін мәлімдеді.
Канададағы Қытай елшісі Конг Пейу де "геноцид" айыбын жоққа шығарды. "Батыс елдері Қытайдағы адам құқығы жайлы білмейді. Шыңжаңда геноцид жоқ" деді ол.
Қытай сыртқы істер министрі Ван И 22 ақпанда Женевада өткен БҰҰ-ның адам құқығы жиынында Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа ұлттар еңбек ету және дін ұстану құқығын толық пайдаланып отырғанын алға тартты. Ол Шыңжаңда 24 мың мешіт жұмыс істеп тұрғанын айтып, "бұл аймақта геноцид, күштеп еңбекке жегу, діни қудалау жоғын көрсетеді" деді.
ПІКІРЛЕР