Accessibility links

Полиция Шымкент әкімдігі алдында аштық жариялағандар мен жақтастарын күштеп әкетті


Полиция әкімдікте аштықты жалғастырған және оларды қолдап келген белсенділерді күштеп ұстап жатыр. Шымкент, 1 шілде 2021 жыл.
Полиция әкімдікте аштықты жалғастырған және оларды қолдап келген белсенділерді күштеп ұстап жатыр. Шымкент, 1 шілде 2021 жыл.

Саяси қуғынды тоқтатуды талап еткен шымкенттік үш белсенді 1 шілдеде қала әкімдігі алдында аштық акциясын жалғастырған. Оларды қолдап әкімдік алдына бір топ адам жиналған. Бейсенбі күні түсте 40-50 шақты азаматтық киім киген полиция қызметкері келіп қарсылыққа қарамастан наразы топты күшпен газельге отырғызып, алып кетті. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ұсталғандар саны шамамен 15-ке жуықтайды. Оларды Қаратау аудандық полиция басқармасына алып кеткен деп айтылады.

Жергілікті полицияның экстремизммен күрес жөніндегі бөлім жетекшісі Ернар Алтаев "адамдарды не үшін ұстап жатырсыздар?" деген сұраққа жауап бермеді.

Оқиғаны түсіріп жүрген Азаттық тілшісіне маска таққан қолшатыр ұстаған екі ер адам тағы кедергі келтірді. Олар қолшатырмен тілшінің камерасын жабуға тырысты.

Шымкент әкімдігінің алдында полиция аштық жариялаған белсенділер мен оларды қолдағандарды ұстап жатыр. 1 шілде 2021 жыл.
Шымкент әкімдігінің алдында полиция аштық жариялаған белсенділер мен оларды қолдағандарды ұстап жатыр. 1 шілде 2021 жыл.

Наразылар ұсталғаннан кейін әкімдік өкілдері аштық жариялаған белсенділердің көрпе-жастықтарын жинап, алып кеткен.

Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал, Шымкент, Өскеменде жалпы саны 20-дан астам адам бір жарым аптадан бері аштық жариялап жатыр. Олар биліктен саяси қуғынды тоқтатуды, "саяси тұтқындарды" босатуды талап етеді. Бұдан бөлек, "Көше партиясы" және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалыстарына шыққан сот шешімдерінің күшін жоюды сұрап отыр. Олардың пікірінше, аталған екі ұйым – "экстремизмге еш қатысы жоқ" бейбіт оппозициялық қозғалыстар.

2018 және 2020 жылы Қазақстан соты ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Еуропарламент биыл ақпан айында қабылдаған қарарында да Нұр-Сұлтанның экстремизм бабын саяси оппоненттеріне қарсы қолдануын сынаған.

Екі ұйымға шыққан сот шешімдері жарияланбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG