Accessibility links

"Асқазан жарасы асқынып кеткен". Жақындары Алмат Жұмағұловтың денсаулығына алаңдайды


Алмат Жұмағұлов сот залында. 2018 жыл.
Алмат Жұмағұлов сот залында. 2018 жыл.

"Саяси тұтқын" Алмат Жұмағұлов медициналық көмекке зәру. Оның асқазан жарасы асқынып кеткен. Бұл туралы Жұмағұловтың әйелі Азаттық тілшісіне хабарлады.

Белсендінің әйелі Әсел Көпбосынова 28-30 маусымда түрмеге барып, күйеуімен кездескен. Айтуынша, 2018 жылы түрмеге түскен кезде пайда болған асқазан жарасы қазір асқынып кеткен. Ол күйеуінің денсаулығына алаңдап отыр.

– Басында түрмеге түскен кезде тергеу изоляторында аштық жариялап еді ғой. Содан болды ма екен. Қазір сол жарасы мазалап отыр. Асқынып кеткен. Асқазанында ісік сияқты бір нәрсе томпиып та тұр. Не екенін түсінбей тұрмыз. Бауыры да ауыратын болған. Түрмеде дәрігер, мамандар жоқ дейді. Сыртқа шығарып, қараса деген өтініш айтып отыр, – дейді Әсел Көпбосынова Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, түрме әкімшілігі күйеуіне осы аптада "мейрамнан кейін сыртқа шығарып, тексеруден өткіземіз" деп айтқан.

Азаттық тілшісі 2 шілдеде түрме әкімшілігіне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

Сәуір айының соңында Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 мекемесінде отырған Алмат Жұмағұловтың соққыға жығылғаны хабарланған еді. Бірақ Алматы облысының қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) департаменті ақпаратты жоққа шығарған. Әсел Көпбосынованың айтуынша, күйеуі түрмеде өзге тұтқындармен бірге сол уақытта соққыға жығылғанын растаған.

"Ауыр жарақат алмаған сияқты. Бірақ соққы болғанын айтты. Десе де ол жайлы толық сұрамадым" деді Әсел Көпбосынова.

Бұған дейін сот Алмат Жұмағұловтың ерте босап шығу туралы өтінішін бірнеше рет қанағаттандырмаған. Белсендінің әйелінің сөзіне қарағанда, ол енді қыркүйек айында сондай өтініш бере алады.

Кейбір жақтаушылары марапаты көп белсендіні түрмеден шығармаудың саяси себебі болуы мүмкін деп санайды.

Қарай отырыңыз: Сот "саяси тұтқын" Алмат Жұмағұловты қамаудан босатпады (Ақпан айы, 2021 жыл).

Сот "саяси тұтқын" Алмат Жұмағұловты қамаудан босатпады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:40 0:00

"Жиһадшылар ісі" бойынша жауапқа тартылған Алмат Жұмағұлов 2018 жылғы желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен сегіз жылға сотталған. Ол "терроризмді насихаттады", "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыпталған.

Құқық қорғаушылар белсенді Алмат Жұмағұловтың саяси көзқарасына байланысты қудаланып отырғанын айтады. Еуропарламент 2021 жылдың ақпан айындағы қарарында Нұр-Сұлтанды "саяси тұтқындарды" босатуды, оның ішінде Алмат Жұмағұловты да бостандыққа шығаруға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG