Азаматтық белсенді Әлнұр Илияшевтің айтуынша, 5 шілдеде кешке полиция оның үйіне барып, тінту жүргізген. Былтыр билікті сынап, бостандығы шектелген белсендінің сөзіне қарағанда, полиция қызметкерлері туған ағасының үстінен қозғалған іске байланысты үйін тексерген.
— Мен үйде жоқ болатынмын. Шамамен сағат 18:40-та әкем хабарласып, подъезде бір адамдардың тінту жүргізу үшін келіп тұрғанын айтты. Ол тікелей эфирден хабар таратты. Өткен жолғы ащы тәжірибеден сабақ алып (2020 жылы өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалған кезде полиция балаларының көзінше үйін тінтіген, сол жағдайды меңзеп отыр), тінту жүргізуге рұқсаты барына көзіміз жетпейінше пәтерге кіргізбедік, — деді Әлнұр Илияшев Азаттыққа.
Әлеуметтік желіде Илияшевтің пәтерінің есігінің түбінде түсірілген видео жарияланды. Онда азаматтық киім киген әйел өзін Теміртау қаласы полиция басқармасының тергеушісі Фариза Аблақова деп таныстырады. Ол "Дос Илияшевтің (Әлнұр Илияшевтің бауыры) тұрғылықты мекенжайы бойынша құжат, зат, ақша анықтау үшін тінтуге келіп тұрғанын" айтады.
Видеода белсендінің әкесі Қайрат Илияшев тінту жайлы қаулыны көрсетуді сұрайды. Біраз уақыттан соң үйге Әлнұр Илияшев келіп, полиция қызметкерлері куәгермен бірге үйге кіреді.
Сот қаулысына сүйенген белсендінің сөзіне қарағанда, Қарағанды облысы Теміртау қаласынан тергеу тобы келген. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы ("Интернет қолданушысына алаяқтық жасау") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тінту жүргізу туралы қаулыны Теміртау соты 3 шілдеде шығарған.
—Дос бұл жөнінде маған түсіндірген. Оған қандай да бір алаяқтық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған адамнан есепшотына ақша келіп түскен. Полицияның келуіне осы жағдай түрткі болған. Бұл теміртаулық полицейлердің бастамасы. Алматы полициясынан да жағдайды анықтау үшін адамдар келген. Бұл тінту олармен келісілмеген. Теміртау полициясының қызметкерлеріне Stop, Nazarbayev system, "Әлнұрға бостандық!" деген жазуы бар плакаттарды көрсеткеннен кейін ғана барып, кімнің үйіне келгенін білді. Үйдегі кітаптарды ақтарды, ескі телефондарымызды шығара бастады, бірақ тәркілеген жоқ. Үйден ештеңе алмады. Тәжірибеден сабақ алған біздің отбасы өздерін сенімді әрі сабырлы ұстады. Полиция тек есепшоттар толтырылған қағазды алып кетті. Бұдан соң Досты Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізді. Түнгі сағат ондарда тергеуден кейін босатты, — деді Илияшев.
Дос Илияшев полициядан шыққан соң Facebook-та өзінің қалай ұсталғанын сипаттады.
"Бүгін маған 17:34-те жеке телефоныма біреу хабарласып, Glovo-мен пицца әкеліп тұрғанын жеткізді. Жөнді түсінбегендіктен Жамбыл-Қонаевқа жеткізіңе салыңдар дедім. Үйге кетіп бара жатқан кезде маған хабарласып, тапсырыстан қате кеткенін айтты. Көңілім түсіп кетті. Бес минуттан соң мені алаяқтық жасады деп айыптап, қолыма кісен салды. Үйге дейін жеткізіп, ол жерде тінту жүргізді. Айып заңсыз, себебі менің кінәм жоқ және алаяқтық жасаған жоқпын" деп жазды.
Қарағанды облысының полиция департаменті Дос Илияшевтің ісіне қатысты түсініктеме бермеді.
2020 жылы көктемде Алматы полициясының қызметкерлері белсенді Әлнұр Илияшевтің пәтерін тінтіп, өзін уақытша қамау изоляторына қамаған. Әлнұрдың әкесінің айтуынша, сол кезде отбасының барлық мүшелерін полиция еденге жатқызып қойған. Телефон, компьютерлерін тартып алып, дөрекілік көрсеткен.
22 маусымда Алматы қаласының Медеу аудандық № 2 соты Әлнұр Илияшевтің үш жылға бостандығын шектеп, қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Сот Илияшевті "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп кінәлі деп таныған. Сот бұған қоса, Илияшевке бес жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуына тыйым салған. Жақтастары оны саяси көзқарасын ашық айтып, "Нұр Отан" партиясын сынағаны үшін қудалады деп санайды.
Жоғарғы сот және бас прокуратура Илияшевке үкімге шағымдануға мүмкіндік бермеді.
Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары Илияшевке шыққан үкімді сынаған. Amnesty International белсендіні "ар-ұждан тұтқыны" деп атаған. Клуни қоры айыптау үкімін өзгеріссіз қалдырған апелляциялық соттың шағымын айыптады.
Маусым айында Әлнұр Илияшев Алматының Алмалы аудандық № 2 сотына шағым түсіріп, өзінің қылмыстық жауапкершілікке тартылуын "саяси қуғын" деп тануды талап етті.
ПІКІРЛЕР