Accessibility links

"Таспадағы ескерткіш". Оливер Стоунның Назарбаев туралы фильмінен нені аңғаруға болады?


"Хабар" арнасынан көрсетілген "Qazaq. Алтын адам тарихы" фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаев. 6 шілде 2021 жыл.
"Хабар" арнасынан көрсетілген "Qazaq. Алтын адам тарихы" фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаев. 6 шілде 2021 жыл.

6 шілдеде "Хабар" телеарнасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы сегіз сағаттық деректі фильмнің екі сағаттық нұсқасын көрсетті. Сыншылар Қазақстанның экс-президенті туралы кезекті фильм диктаторлардың дәстүріне сай келетінін айтады. Азаттық тілшісі фильмді көріп, ең қызық жерлерін тізіп шықты.

6 шілдеде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 81 жасқа толып, сол күні "Qazaq. Алтын адам тарихы" дейтін фильмнің тұсаукесері өтті. Оған фильмде экс-президенттен сұхбат алатын америкалық режиссер Оливер Стоун да келді. Оскар сыйлығын үш мәрте иеленген режиссер осыған дейін "Путинмен сұхбат", "Отқа оранған Украина" фильмдерін түсірген.

Назарбаев туралы түсірілген жаңа фильм жайлы көбі білмеді. 2 шілде күні оны трейлері YouTube-тегі Global Tree Pictures каналында жарияланды. 4 шілдеде Оливер Стоун фильмнің тұсаукесеріне Қазақстанға баратынын айтып бірнеше твит жариялады.

"Назарбаевты диктатор, мықты тұлға, тиран немесе (мемлекеттің) негіз қалаушы дейсіз бе? Қалай атасаңыз да өз еркіңіз. Бірақ (фильмнен) оны Совет одағының құлауын түсіндіретін, елінің тәуелсіздік алғанын, ядролық қарудан қалай бас тартқанын айтып берген қарапайым адам ретінде танисыз", деп жазды Стоун Twitter-де.

Осы мақала шыққан уақытта Лопатенок жариялаған екі минуттық трейлерді жұрт 22 755 рет көрген, 255 лайк, 463 дизлайк басқан. Ал роликтің астындағы пікірлерді дауыстап айтсаң, бірінші президентті көпшілік алдында қорлағаның үшін қылмыстық кодекстің 373-бабы бойынша жазаға тартылуың мүмкін.

Стоунның твитіне пікір жазғандар режиссердің "бұл пропаганда" үшін қанша "қанды" қаражат алғанын сұрап жатыр.

"Ха-ха, "қарапайым" дейсіз бе? Елге келгенде Қазақстан туралы түсінгеніңіз аз болыпты" ("Haha, "modest". You clearly didn’t understand much about Kazakhstan during your visit"), — деп пікір қалдырған Қазақстанда адам құқықтарын қорғаумен айналысатын, Норвегиялық Хельсинкі комитетінің аға кеңесшісі Ивар Дале.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынына тек жеті журналист қатысқан. Олардың арасында мемлекеттік "Хабар", "Қазақстан" және бірқатар республикалық медиа тілшілері бар. Кездесуге қатысқан режиссер Игорь Лопатёнок журналистерге фильмнің бюджетін де, қаржы көзін де атамады, тек "фильмде мемлекеттің қаржысы жоқ" деді.

Фильмнің директоры Игорь Лопатенок жиыннан шыққан соң Азаттық тілшілерін "шетел агенті" деп атап, сұраққа жауап беруден бас тартты. (Ресей билігі Азаттықтың Орыс қызметі мен Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына кіретін басқа да жобаларды "шетел агенттері" деп таныған. Медиаұйым өзін ешқандай елдің "агенті" санамайтынын, редакция саясатының толығымен тәуелсіз екенін айтып келеді).

"НАЗАРБАЕВ КИНОҒА КӨБІРЕК СЕНЕТІН СИЯҚТЫ"

Танымал өнертанушы Валерия Ибраева Азаттыққа Назарбаев туралы жаңа фильмді жеке басқа табынуға жатқызатынын айтты.

— Мұндай жағдай үнемі болды, тіпті, Ежелгі Египет немесе Месопотамиядан да көруге болады, — дейді Ибраева. — Ақшасы бар, өзін бәрінен жоғары санайтын адам өзінің суретін салғызатын. Кейде беделді топтардың ықпалымен жүретін суретшілер оның портретін салуға ниет білдіріп жататын. Бұған өлген соң ғана емес, тірі кезінде де жеке басқа табыну болғанын көрсететін фараондардың мүсіні мысал бола алады. Бұл кез келген мемлекет үшін, әсіресе авторитарлы ел үшін қалыпты жағдай.

Танымал өнертанушы Валерия Ибраева.
Танымал өнертанушы Валерия Ибраева.

Ибраеваның сөзінше, диктаторлар кейінгі ұрпақ өзін есте сақтап қалатынына сенбейді, сондықтан олардың алдын орап, өзіне ескеркіш қояды. Өнертанушы бұл фильмді қоладан жасалмаса да, кинотаспадағы ескерткіш деп атауға болатынын айтады.

— Назарбаев киноға көбірек сенетін болуы мүмкін, — дейді Ибраева. — Мұны "Көшбасшы жолы" фильмдер сериясынан да көруге болады. Яғни, ол жаңа медиаға көбірек сенеді. Тіпті, таспаға салынған нәрсе қоладан да маңыздырақ деп ойлауы ықтимал. Бір жағынан, оныкі дұрыс та, себебі қоланы алып тастауға болады, ал фильмді желіден кез келген уақытта таба аласыз.

"Тірісінде ескерткіш қойылғанын қаламайтын" Назарбаевқа тағы екі ескерткіш қойылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

"БІРДЕ-БІР ОҚЫҒАН ТУЫСЫМ БОЛМАДЫ"

Кең кабинетте Назарбаев пен оған қарама-қарсы бетте қасында аудармашысы бар Оливер Стоун отыр. Екеуі асықпай, оқиғалардың реттілігін сақтап әңгімелеседі. Бұрынғы президент өмірінің мына бір тұстарын есіне алады:

  • қиын балалық шағын: "Біз үш ұл, бір қыз едік. Сол кезде қалай күн көргенімізді түсінбеймін";
  • жасөспірім кезін: "Анам сабақты жақсы оқы дейтін, әкем жұмыс істе, сиыр бақ дейтін";
  • жас кезіндегі металлург болғанын: "Жас, сап-сау болдым. Бірақ бұл далада өскен қазақ үшін өте ауыр жұмыс болды";
  • саяси карьерасының басталуын: "Ең үздік болуға, кәсібімді көрсетуге тырыстым. Сол үшін мені партияға қабылдады".

Режиссер саясаткерден жастық шағы туралы сұрағанда, Назарбаевтың сүйікті кинокартинасы "Весна на Заречной улице" фильмінің музыкасы ойнап тұрады.

"Хабар" арнасынан көрсетілген "Qazaq. Алтын адам тарихы" фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаев. 6 шілде 2021 жыл.
"Хабар" арнасынан көрсетілген "Qazaq. Алтын адам тарихы" фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаев. 6 шілде 2021 жыл.

"Маған ешкім көмектеспеді. Менің бірде-бір оқыған туысым болмады", — дейді Назарбаев.

Жастық шағы мен карьерасының жақсы басталғаны туралы естеліктерден кейін Стоун отбасы туралы сұрай бастайды. "Әйеліммен зауытта таныстық" деп еске алады Назарбаев.

Осы жерде фильмдегі картина өзгереді. Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына үлкен қызы Дариға Назарбаева жайғасады. "Метталургия зауыты жұмысшысының отбасында дүниеге келдім. Төрт айымда әжем, әкемнің анасы, мені Алматы облысы Шамалған ауылына әкетті. Ауылда өстім, бірінші сыныпты бітірдім. Одан кейін ата-анам Теміртауға алып кетті".

Фильмде тарихи оқиғалар туралы сөз болғанда архивтен алыған кадрлар мен фотолар шығып тұрады. Солардың бірінде Назарбаев Горбачевпен сөйлесіп отыр, мінберден Борис Ельцин сөйлеп тұр. 1991 жылы Совет одағы құлап, Қазақстан одан ең соңынан шығатын кезге таяу уақытта түсірілген сурет.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы декларацияға қол қою рәсіміне жиналған басшылар. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы декларацияға қол қою рәсіміне жиналған басшылар. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.

Экранда архив кадрлары: 90-жылдардағы Қазақстан, базарлар, көше саудасы, бірі екіншісіне аумайтын пальто киген әйелдер, құлақшын киген ерлер. Қазақстандықтардың көзінде үрей бар: олардың бәрі СССР құлағаннан кейін қалай өмір сүретінін білмейді.

"1993 жылы Қазақстанда инфляция 2000 пайыз болды. Мен нарықтық экономикаға көшу туралы айттым. Мұны ауыр қабылдады, себебі нарықтық экономиканың, жеке меншіктің не екенін бірнеше буын білмеді", — деп жалғастырады Назарбаев.

Қазақстандағы тарихи оқиғалар туралы әңгіме сыртқы саясатқа ойысады. Сұхбат орны да ауысады: Нұрсұлтан Назарбаев пен Игорь Лопатенок киіз үйде отыр. Экс-президенттің галстуксіз отырғанын аңғарған режиссер өзінікін шешіп қояды.

"Америка — ұлы мемлекет. Бірақ кенет... Қарсы тұра алатын әскери альянс қажет емес пе? Себебі әскери машина үп-үлкен ғой", — дейді Лопатёнок.

"Кімге қарсы тұратын? — деп сұрайды Назарбаев.

"Америкаға, олардың бүкіл әлемдегі әскеріне", — деп нақтылайды режиссер.

"Қазақстан — кішкентай ғана ел, геосаясат қуаламайды. Біз әлем проблемаларын шешкелі жатқанымыз жоқ. Қазақстанның лидері ретінде мен мен мұндай жауапкершілік ала алмаймын, тіпті бұл пікір де білдіре алмаймын. Бірақ мен Американы құрметтейтін адаммын..."

ОТСТАВКА, АСТАНА ЖӘНЕ ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУ ТУРАЛЫ

Сұхбат жалғаса береді. Әңгіме Назарбаевтың отставкасына келеді. Назарбаевтың президент лауазымынан бас тартқанын айтқан үндеуінен видео көрсетіледі.

"Сіз отставкаға кеткен аз лидерлердің бірісіз", — дейді Стоун.

"Тағы кім кетті?" — деп сұрайды Назарбаев.

"Білуімше, Совет жерінде ешкім кетпеді", — деп жауап береді Стоун. Шамасы ол Борис Ельцинді ұмытқан болуы керек. Ресейдің бірінші президенті 1999 жылғы 31 желтоқсанда өз еркімен отставкаға кеткен.

Бірақ Назарбаев Сингапурдің бұрынғы премьер-министрі, жемқорлықпен күресіп, кішкентай ғана елдің экономикасын еселеп өсірген, содан кейін отставкаға кеткен Ли Куан Юді есіне алады.

"Ли Куан Ю — бұл жақсы мысал, — дейді Стоун. — Бірақ ол өте қатал лидер болды. Биліктен ресми кеткеніне қарамастан бәрібір билікте қалды".

"Дұрыс істеген", — дейді экс-президент.

"Сіз туралы да солай дейді. Қазір де ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс пен экономика салаларын сіз басқарып отыр деп айтып жүр".

"Неге айтады? — деп сұрайды Назарбаев. — Бұл халыққа не мемлекетке жақсы ма, әлде жаман ба деп неге сұрамайды? Егер бұл тұрақтылыққа, дамуға, беделге әсер етсе, мәселе неде?"

Фильмде бұрынғы банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов туралы да айтылды. Назарбаев: "Оның банкке қайтып келіп, ақша ұрлауы ең үлкен қателік болды..." дейді. Бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев туралы "Оны қаржы полицияның басшылығына қоюым менің қателігім болды" дейді. Бұл әңгіме үстіртін, бірнеше сөз алысумен аяқталады. Одан кейін Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы, оған Нұрсұлтан Назарбаевтың септігі тигені, Ресей-Украина қарым-қатынасында Назарбаевтың бітімгер болуға ұмтылысы туралы айтылады. Фильм соңында Қазақстанның жас астанасы туралы, аздап жеке басқа табынушылық туралы айтылады.

"Елді аралап, Қазақстанның кішкентай ауылдарына барсақ, Нұрсұлтан деген балаларды кездестіреміз бе? Жеке үйлер мен киіз үйлерден сіздің суретіңізді көреміз бе?" —деп сұрайды Оливер Стоун.

"Мен бірнеше рет ресми түрде көше, мектеп және тағы басқаларға менің атымды беруге қарсы екенімді айттым. Президент болғанымда, солай болды", — деп жауап береді Назарбаев.

"Яғни, сіздің ең үлкен туындыңыз осы қала ма?" — дейді режиссер.

"Және мемлекет, — деп толықтырады Назарбаев. Дауысы дірілеп шыққандай көрінді. — Мүлдем жаңа, тәрбиелі ұрпақ".

"РЕЖИССЕР АҚШАНЫҢ СОҢЫНАН КЕТТІ"

Қазақстан киносыншылар ассоциациясының мүшесі Дмитрий Мостовой "жаңа фильм, өкінішке қарай, режиссердің ақшаның соңынан кеткенін көрсетеді" дей келе, "Стоун бұрын романтик болып көрінгенін, америкалық бола тұра, оның басқа жағын зерттеуге тырысып, америкалық империализммен күрескенін" айтты.

— Стоун түсірген Уго Чавес, Фидель Кастро, Владимир Путин туралы фильмдерде белгілі бір стратегия байқалады. Ол өзін Америкаға немесе Американы өзіне қарсы қоятын адамдарды зерттейді, — дейді Дмитрий Мостовой. — Стоун америкалықтарға әдетте жау кейпінде сипатталатын адамдарды көрсетуге тырысқан. Кейінгі кездері түсірілген "Буш" (2008), "Сноуден" (2016) фильмдерінде де солай. Көркемдік жағынан бұл керемет туындылар емес, бірақ Стоуннің мақсатты түрде антиамерикалық фильм түсіретін фрондер ретінде имиджі қалыптасқан.

Мостовойдың сөзінше, Стоунның "Отқа оранған Украина", "Qazaq. Алтын адам тарихы" деректі фильмдері тек ақша табу үшін жасалғандай көрінеді.

— Никита Михалковтің билікке жағымпаз деген имиджі қалыптасса, Стоунның еліне қарсы шыққан, оның жаулары туралы сұхбат алып, фильмдер түсірген және әлі де түсіріп жүрген солшыл америкалық көзқарастағы адам ретінде имиджі қалыптасқан, дейді ол. — Ал енді Стоун Михалковқа айналды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG