Accessibility links

Бір оқиға, екі пікір. Назарбаевтың Әбділдин туралы, Әбділдиннің Назарбаев жайлы айтқаны


1990-1993 жылдардағы Қазақстан Жоғарғы кеңес төрағасы болған Серікболсын Әбілдин мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
1990-1993 жылдардағы Қазақстан Жоғарғы кеңес төрағасы болған Серікболсын Әбілдин мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі туралы фильмде саяси оппоненті болған Серікболсын Әбділдин туралы айтып, "білімді, жақсы адам болды, дос болдық. Бірақ ең үлкен жау достарыңның арасынан шығады екен" деді. Ал марқұм Серікболсын Әбділдин көзі тірісінде Назарбаев жайлы не деп еді?

1 шілдеде Хабар арнасында көрсетілген Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған "Штрихи к портрету. Лидер" фильмінде Назарбаев 1991-1993 жылдардағы Қазақстан Жоғарғы кеңесі мен оның төрағасы болған Серікболсын Әбділдин (1937-2019) туралы, оның 1999 жылы өткен президент сайлауына қатысқаны жайлы пікірін айтты.

1993 жылы Жоғарғы кеңес тарағаннан кейін оппозицияға өтіп, өмірінің соңына дейін билікке сын көзбен қараған Серікболсын Әбділдин жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін қандай да бір пікір білдірмеген. Бұрынғы президент айтқан саяси оқиғалар жайында көзі тірісінде Серікболсын Әбділдин де бірнеше рет сөз еткен еді. Төменде бір мәселе жайлы сұраққа Нұрсұлтан Назарбаев пен Серікболсын Әбділдиннің жауабын қатар бердік.

ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫН САЙЛАУ

Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біз сыйластықта болдық, оған сендім. 1991 жылы 1 желтоқсанда өтетін жалпыхалықтық сайлауға дайындалдым, ал ол өз ісімен шұғылданды. Инаугруациядан кейін қызметіме кірісерде ол Жоғарғы кеңес төрағасы болғысы келді. Шынымды айтайын, мен оның төраға болғанын қаламадым, өйткені оның амбициясын білетінмін. Тартыс болды, өзге кандидаттар төрағалықтан бас тартты, әлде сөйлесіп қойды ма екен. Сөйтіп Жоғарғы кеңеске төраға болды.

Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин (оң жақта) мен вице-президент Ерік Асанбаев (сол жақта) Жоғарғы кеңес төралқасында отыр. Мінберде - Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 1990 жылдардың басында түсірілген фото.
Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин (оң жақта) мен вице-президент Ерік Асанбаев (сол жақта) Жоғарғы кеңес төралқасында отыр. Мінберде - Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 1990 жылдардың басында түсірілген фото.

Серікболсын Әбділдин: Біз егемендік жариялаған, президент сайлаған кезде мен Назарбаевты қатты қолдап жүрдім. Кейін ол азаматтың іс-қимылы теріс болғандықтан біз ажырадық. Сол уақыттағы заң Назарбаевқа бәсекелес болуға мүмкіндік берді. Бірақ бәсекеге ешкім ұмтылған жоқ. Хасен Қожахмет қол жинап, сайлауға түскісі келіп еді, оның өтінішін Назарбаев, қалай екенін білмеймін, қабылдатпай тастады. Тұңғыш жалпыхалықтық президент сайлауы [1991 жылы 1 желтоқсанда өткен] бұдан бұрынғы совет заманындағы сайлаулардың жалғасы іспетті болды. Совет кезінде азаматтардың дауыс бергісі келсін-келмесін, дауыс бергізіп, сайлаушылардың дауыс беруге қатысуын 99-100 пайызға жеткізетін арнайы комиссиялар болатын. Сол сияқты 1991 жылы халық 98 пайыз дауыс берді деп жарияланды. Бірақ соның ішінде қарсы дауыс бергендер болды, оны біз кейін біліп отырмыз ғой. Сондықтан, менің ойымша, біздің тәуелсіз елдің тарихында әділетті сайлау болған жоқ.

Тарихтан...

1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ ССР президенті сайлауы алғаш рет жалпыхалықтық дауыс беру жолымен өтті. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 88,2 пайызы қатысып, олардың 98,8 пайызы осы сайлауға баламасыз түскен жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс берген. Осы сайлауға дейін Жоғарғы кеңес төрағасының міндетін атқарушы болып келген Серікболсын Әбділдин сайлаудан Жоғарғы кеңес төрағасы болып бірауыздан сайланған. Әбділдин естеліктерінде "Назарбаев оның Жоғарғы кеңес төрағасы болып сайлануын қолдауға дайынмын деп уәде бергенін, бірақ сайлау күні аяқ астынан айнып қалғанын" айтады.

ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТ

Нұрсұлтан Назарбаев: Ол (Серікболсын Әбділдинді айтады) төраға болған соң Ресей Жоғарғы кеңесі төрағасы [Руслан] Хасбулатовпен достасты. Хасбулатов коммунист-большевиктердің "барлық билік советтерге берілсін" дейтін ұранын көтерді. Сөйтіп Ақ үйде (Ресей парламенті отырған) атыс болды. Хасбулатовпен байланысқан Әбділдин де солай айта бастады. Таңнан кешке дейін парламентте отырып, түсіндірсем де нарық экономикасы бойынша кез келген ұсынысты, заңдарды қайтарып тастай беретін. Әрине, бәрі коммунист еді, мен де коммунист болдым, бірақ өзгеру керек қой.

Серікболсын Әбділдин: Күрделі ғана емес, тіпті ұсақ-түйек мәселенің өзін қызу талқылайтынбыз. Тіпті заң баптарындағы әлдебір әріп, сөзге дейін екшеп, талдап-тақылайтын едік. Мемлекет құру мәселесі көп талас тудырды, бірақ парламент пен президент немесе парламент пен үкімет арасында ешқандай қақтығыс болған жоқ. Пікірталастар "президентті сыйлаймын, бірақ маған шындық қымбат" деген сарында өтетін. Қазіргі парламенттен осылай айта алатын бір адам болса маған тауып беріңдерші.

Ал [Назарбаев] екеуміздің қарым-қатынасымызға келсек, оның орнын тартып алайық деген ойымыз болған жоқ. Тіпті оның ұтымды деп санаған ұсыныстарын көпшілік дауыспен үнемі қолдап отырдық. Бірақ кейде Назарбаев бұра тартатын – билікке келген алғашқы жылдардан бастап елдегі бүкіл билікті уысында ұстауға ұмтылды. Біз мұнысын байқап, оны тежеуге тырыстық.

Тарихтан...

1993 жылы күзде Ресейде конституциялық дағдарыс болды. Ресей президенті Борис Ельцин Жоғарғы кеңесті таратып, қайта сайлау өткізу туралы жарлық шығарды. Онымен келіспеген Руслан Хасбулатов бастаған Ресей Жоғарғы кеңесі Ельцинді Ресей президенті қызметінен босату жайлы қаулы қабылдады. Биліктің екі тармағы арасындағы тірес ақыр соңында Ақ үйде атысқа ұласып, Жоғарғы кеңес төрағасы Руслан Хасбулатов, Ресей вице-президенті Александр Руцкой және басқалардың тұтқындалуымен аяқталды. Ол кезде Қазақстанда конституциялық дағдарыс болған жоқ.

ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСТІ ТАРАТУ

Нұрсұлтан Назарбаев: Енді не істеу керек? Сүйенетін ешкім жоқ. Сондай кезде Алматы қаласындағы аудандық кеңестердің бірінің депутаттары өзін өзі таратты. Бұл маған аса маңызды мәселе еді. Жоғары кеңес кедергі келтіріп отырғанын үнемі айтып жүрдім, мұны жергілікті әкімдер де айтты. Әбділдин облыстарды аралап, "билікті біз қолымызға алуымыз керек" деп жүрді. Сөйтіп жергілікті кеңестер өздері тарай бастаған соң Жоғарғы кеңес депутаттарымен "сендер неғып отырсыңдар", түк істемейсіңдер, парламентті тарату керек дедік. Сөйтіп депутаттардың жартысынан көбі өз өкілетінен бас тартты.

Серікболсын Әбділдин: Бәрі Назарбаевтың "елдегі саяси билік бір адамның қолында болуы тиіс әрі ол адам – мен" деген ойынан басталды. Алғашқы Конституция жобасын пысықтап жатқанда комиссия төрағасы әуелі Ерік Асанбаев болған, бірақ кейін ол вице-президент болып кетті де, мен төрағаболдым.

Ақыры Конституцияны ұрандатып қабылдадық. Құжат күшіне енді, ал кейін Назарбаев Конституцияда парламентті тарату құқығы туралы жазылмаған деп "қыңқылдай" бастады. Мен "әуелі бірер заңнан вето қоюға негіз болатындай ілік табыңыз, ал мына парламент керек пе, жоқ па – оны сол кезде талқылаймыз" дедім. Бірақ Назарбаев мұны да істей алмады, ол кезде заңдар талапқа сай қабылданатын.

Ал мен Үндістанға кеткен кезде Назарбаев былықтырып, 43 депутат "өзімізді таратамыз" деп арыз берген. [Алматы қаласының әкімі болған Заманбек] Нұрқаділов Алматыдағы Алатау аудандық кеңесін таратыпты (сосын республикадағы тағы төрт аудандық кеңес таратылды – Ред.). Сөйтіп Жоғарғы кеңесті тарату әрекеті басталды.

Назарбаевпен сөйлесіп, "Жоғарғы кеңес керек жоқ десеңіз, өз басым қарсы емеспін. Бірақ жаңа Конституция бар ғой, жаңадан сайлау өткізейік. Әлгі авантюристерді тыңдап, кеңесті таратып, бүкіл елді дүрліктірудің қажеті не?" дедім. Ол "жақсы" деді де, екі күннен кейін заңгерлермен кездесуінде кенет "кеңестің тарайтыны жақсы болды" деп қалды. "Өзін-өзі тарату" кімнің бастамасы екенін сол кезде түсіндім.

Тарихтан...

1990 жылдары Жоғарғы кеңестің атқарушы билікті бақылайтын құзыры болған. Сол кезде саясатқа белсене араласқан публицист Сейдахмет Құттықадам естелігінде былай жазады: "Атқарушы билікпен ымыраласа кетпейтін Жоғарғы кеңесті ұнатпаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны таратып жіберуге күш салды. Серікболсын Әбділдин Қазақстан делегациясын бастап Үндістанға кеткенде Жоғарғы кеңесті таратудың құйтырқы әдістері басталды. Нұрсұлтан Назарбаев Заманбек Нұрқаділовтің көмегімен жергілікті кеңестерді жылдам таратуға тырысты. Жергілікті кеңестерді айтпағанда, бірер күнде Жоғарғы кеңестегі 360 депутаттың 200-і өкілетін доғарды. Үндістанға парламент спикері болып кеткен Серікболсын Әбділдин Қазақстанға оралғанда жұмыссыз қалғанын көрді. Халық сеніміне ие болған парламенттен Қазақстан осылайша трагикомедиялық формада айырылды". Осыған ұқсас ақпаратты оппозицияға кеткеннен кейін Заманбек Нұрқаділовт те растаған және ол ісіне өкінетінін айтқан.

ЖЕКЕ БАСЫНЫҢ ҚАСИЕТІ ЖАЙЛЫ

Нұрсұлтан Назарбаев: Жалпы, қайтыс болған адам туралы жаман айтпайды. Ол білімді, жақсы адам болды, дос болдық. Бірақ көрдіңіз бе, ең үлкен жау достарыңның арасынан шығады екен.

Серікболсын Әбділдин.
Серікболсын Әбділдин.

Серікболсын Әбділдин: Өз басым Назарбаевпен ешқандай жеке араздығым жоқ. Мені оның өтірік айтатыны ғана алаңдатады. Назарбаевтың жақсы қасиеттерінен айтсам – мұны жоққа шығарудың қажеті жоқ – ол сүйкімді адам. Кез келген ортада, кез келген кездесуде ол әңгіменің басын да, ортасын және соңын да таба біледі. Оның қарапайым еңбеккердің де, мемлекет қайраткерінің де және басқаның да тілін таба білуі таңғалдырады. Мұны мойындамасқа болмайды. Дей тұрғанмен, оның сөзі мен ісі ешқашан бір жерден шықпайды. Ол жалған саясатқа, өтірікке беріліп кеткен. Жалпылай келгенде, ол ешкімді аямайды. Ол әуелі өзінің ең жақын адамдарын былыққа "батырады" да, өзіне тәуелді етіп қояды.

1999 ЖЫЛҒЫ САЙЛАУ БӘСЕКЕСІ

Нұрсұлтан Назарбаев: Әбділдин 1999 жылы президент сайлауына коммунистік партия атынан түсті. Ол кезде неғылған компартия? Қайдағы электорат? Әрі кетсе 8-9 пайыз шығар.

Серікболсын Әбділдин: Бірнеше облыста Назарбаевтан көп дауыс алғаныма бақылаушылар арқылы көз жеткіздік. Оны сайлауды ұйымдастырушылардың бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозицияға шыққанда растады. Маған оны сол кездегі премьер-министр Нұрлан Балғымбаев та айтты. Әсіресе, батыс облыстарда аз дауыс алғандықтан, билік дауысты "қайта санап", Назарбаевқа берілген дауысты еселеп артық қып көрсетті. Атырау мен Маңғыстау облысында сайлаушылардың маған берген даусын екі есе қысқартқанның өзінде 35 пайызға жетті. Осы сайлаудан кейін екі облыс әкімі, оншақты қала әкімі, жүзге жуық ауыл әкімі қызметінен кетті. Бұл әрине, кейінгі әкімдерге "сабақ" болды.

Тарихтан...

1999 жылы 10 қаңтарда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, дауыс берген сайлаушылардың 79,78 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаған. Оның бәсекелесі Серікболсын Әбділдинді сайлаушылардың 11,7 пайызы жақтап дауыс берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG