Accessibility links

Жаңаөзенде жедел жәрдем жүргізушілері жалақы өсіруді талап етіп, жұмысты ішінара тоқтатты


Жаңаөзендегі жедел жәрдем жүргізушілерінің ереуілі. 15 шілде 2021 жыл.
Жаңаөзендегі жедел жәрдем жүргізушілерінің ереуілі. 15 шілде 2021 жыл.

Жаңаөзен қаласындағы 45 жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері 14 шілдеден бері жұмысты ішінара тоқтатып, жалақыны көтеруді талап етіп тұр. Айтуларынша, шүғыл шақыртуда тек жеті көлік қызмет көрсетіп жүр. Бұл туралы Азаттыққа жедел жәрдем көлігі жүргізушісінің бірі Мұрат Белбаев мәлімдеді. Ол жалақы талабы 2016 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, кейінгі екі жылда жалақы екі рет 12 мың теңгеге көтерілгенін, басқа өзгеріс болмағанын айтады.

- Кейінгі бес жылда азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек бес есе қымбаттады. Бірақ жалақымыз өзгерген жоқ. Тек 2019 жылы 12 мың теңге, содан соң былтыр тағы 12 мың теңге қосты. Соның өзінде қолымызға 100 мың теңгедей ғана аламыз. Оғанға дейін 60 мың теңге алып келдім. Ол неге жетеді? – дейді Мұрат Белбаев.

Ол көліктерді де айтып жүріп жөндеткенін айтады. Наразы жұмысшылар науқасқа барғанда санитардың да, фельдшердің де қызметін атқаратынын, ауыр науқастарды көтеріп, таситынын, аяқ-қолы сынғандарды байлап көмектесетінін айтады.

Жедел жәрдем көлігі жүргізушілері бұған дейін 1-2 шілдеде Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа, Жаңаөзен халқына арналған үндеу жариялап, жалақыны көтеруді талап еткен.

- Талап орындалмаса 15 шілде күні жұмысты тоқтатамыз дедік. 14 шілде күні кешке қарай жігіттермен ақылдасып, жеті жедел жәрдем көлігін жұмысқа шығардық. Жаңаөзен халқынан кешірім өтінеміз, талабымызға түсіністікпен қарауды сұраймыз, - дейді Мұрат Белбаев.

Жиналғандардың сөзінше, оларға дәрігерлердің "Сенім" кәсіподағы өкілдері, Жаңаөзен қалалық әкімінің орынбасарлары келіп жиынның заңсыз екенін айтып, ескерту жасап кеткен.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл жәрдем медициналық стансасына хабарласқан еді. Диспетчерлер басшының орнында жоқ екенін айтты. Ал Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасы бастығының орынбасары Амантай Досжанов ереуілге шыққандармен кездесіп жатқанын айтып, кейінірек хабарласуды сұрады.

Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасында 11 бригада жұмыс істейді. Олар Жаңаөзен қаласы мен оның маңындағы ауылдарға, Қарақия ауданына қарасты Қызылсай, Құланды ауылдары мен Кендірлі, Ақтау тас жолы бойында болатын көлік апатына шұғыл медициналық жәрдем көрсетеді.

Бұл – жаңаөзендік жедел жәрдем жүргізушілерінің бірінші наразылығы емес. Олар былтырлары да жиналып, еңбек жағдайының нашарлығы мен жалақы туралы айтқан еді.

Жаңаөзенде кейінгі айларда жалақыны көбейтуді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілдер жиіледі. Қазір мұнай өндіруші "ӨзенМұнайГаз" компаниясының өндіріс ошақтарын күзететін "KMG-Security" компаниясының жұмысшылары жалақыны өсіруді талап етіп, үш күннен бері ереуілдетіп жатыр.

Шілденің басында "ӨзенМұнайГаз" компаниясының бұрғыларын жөндейтін "КЕЗБИ" мекемесінің жұмысшылары бір апта ереуілдетіп, талаптарын ішінара орындатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG