Accessibility links

"Алтыннан үміт аз", "Бекзат - фаворит". Қазақстанның олимпиададағы мүмкіндігі қандай?


Халықаралық сараптама компаниясы каратэші Дархан Асадилов, боксшылар Бекзат Нұрдәулетов пен Василий Левит олимпиадада жүлде алады деп санайды.
Халықаралық сараптама компаниясы каратэші Дархан Асадилов, боксшылар Бекзат Нұрдәулетов пен Василий Левит олимпиадада жүлде алады деп санайды.

АҚШ-тағы Gracenote халықаралық сараптама компаниясы Қазақстан Токио олимпиадасында жалпы 14 медаль, бірақ бір алтын ғана алады деп болжайды. Қазақстандық сарапшылардың бірі алтын болмайды десе, енді бірі "бір-екі алтын күтеді”. Ал үкімет мен Ұлттық олимпиада комитеті болжам жасаудан қашады.

GRACENOTE БОЛЖАМЫ: ҚАЗАҚСТАНҒА ТОКИОДА БІР АЛТЫН БҰЙЫРАДЫ

Токио олимпиадасы қарсаңында алдын ала виртуал медаль кестесін жасаған Gracenote халықаралық сараптама компаниясы Қазақстаннан боксшы Бекзат Нұрдәулетов чемпион атанады деп болжайды. Бұл ұйым Қазақстан Токиода бір алтын, үш күміс, он қола алады топшылайды.

Боксшы Нұрдәулетов 2019 жылы Екатеринбургте өткен бокстан әлем чемпионатында 81 келіде алтын алған. Gracenote осы жетістігінен соң бұл боксшыны Токионың фавориті қатарына қосқан.

Сараптама компаниясы бокстан Василий Левит пен Қамшыбек Қоңқабаев және әйелдер күресінен Валентина Исламова күміс алады деп болжайды.

Ал қола алуы мүмкін деген спортшылар қатарында боксшылар Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов; дзюдошы Елдос Сметов; каратэші Дархан Асадилов; еркін күрестен Нұрислам Санаев, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали бар.

Қазақстан спортшылары Токиоға келген сәт. Алдыда оң жақта келе жатқан дзюдошы Елдос Сметов. 17 шілде 2021 жыл.
Қазақстан спортшылары Токиоға келген сәт. Алдыда оң жақта келе жатқан дзюдошы Елдос Сметов. 17 шілде 2021 жыл.

Әдетте жазғы олимпиадаға жүзден аса лицензия алатын Қазақстан Токиоға 97 жолдама иеленді. Бұл елде ұлттық құрама споршыларының дайындығына, жарысқа қатысуына бюджеттен көп қаржы бөлінеді. Ұлттық құрамаға енетін спортшылар облыстардан және мемлекеттен жалақы алады. Қазақстан спорттағы жетістікті елді әлемге танытудың құралы ретінде санайды. Әр ірі жарыс алдында жоспар қояды.

Бірақ Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті де (комитетті елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы, миллионер Тимур Құлыбаев басқарады), мәдениет және спорт министрлігі де Токио жоспарын нақты ашып айтпады.

Олимпиада алдындағы баспасөз мәслихатында мәдениет және спорт министрі Ақбота Райымқұлова да, ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков та болжам жасаудан я жоспарды айтудан қашқақтады.

"Спортшылардың психологиясына әсер етпес үшін мұндай болжам айтудан тартынамыз. Бірақ үлкен үміт бар” деп қысқа қайырған еді министр.

"ҮШ ҚОЛА, ОН КҮМІС”

Ал Қазақстан спортшыларының жетістігін жиі бақылап жүретін спорт журналисі Айдос Рымқұл Токио олимпиадасында алтынға үміт аз дейді.

Айдос Рымқұл, спорт журналисі.
Айдос Рымқұл, спорт журналисі.

- Жыл бойғы жетістіктерді саралай келе, олимпиадада Қазақстан құрамасы үш күміс, он қола жүлдені жеңіп алады деп ойлаймын. Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев, күрестен Данияр Қайсанов пен Қорлан Жақаншаның күміс медаль алуға мүмкіндігі бар. Боксшылар Әбілхан Аманқұл, Абылайхан Жүсіпов, Бекзат Нұрдәулетов, Василий Левит қола алуы мүмкін. Күрестен екі-үш қола, жеңіл атлетикадан, ауыр атлетикадан да қола болып қалар. Велоспорттан Алексей Луценок, құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллиннің де қолаға мүмкіндігі бар.

- Қазақстан боксшылары барлық олимпиададан алтынсыз қайтпаған. Болжамыңызша, бұл жолы осы дәстүр жалғаспай ма?

- Үміт артып отырған 69 келідегі Абылайхан Жүсіповтің боксы әлі шала, әлі піспеген спортшы. Сондықтан оның максимум деңгейі – жартылай финал. 75 келіде [украиналық Александр] Хижняк пен [ресейлік Глеб] Бакши тұрған кезде Әбілхан Аманқұлға максимум – қола. Оның өзінде алғашқы раунттарда жаңағы екеуіне түсіп қалмауы керек. 81 келіде Бекзат Нұрдәулетовтің әлем чемпионы атанғаннан кейінгі боксы ала-құла және бұл салмақта кубалық Орлеан Лопес фаворит деп ойлаймын.

Боксшы Абылайхан Жүсіпов (қызыл формада) екінші олимпиадасына барады. Риода ол алғашқы айналымда жеңіліп қалған.
Боксшы Абылайхан Жүсіпов (қызыл формада) екінші олимпиадасына барады. Риода ол алғашқы айналымда жеңіліп қалған.

- Басқа спортшылардың алтынға мүмкіндігі жоқ па?

- Спортта болжам жасау – қалыпты жағдай. Кез келген жанкүйер, спорт журналисі өз болжамын жасап жүреді. Әрине, болжамым қате шығып, алтын алып жатсақ тек қуанамын. Күрес түрлерінен баяғы сол күміс, максимум деңгейіміз – финал. Ресей, Иран, АҚШ, Түркия спортшылары күрестен алтынды сарапқа салады ғой, сондықтан ерлер арасында Қазақстанда алтынға мүмкіндік аз. Қыздар арасында Қытай, Жапония, Ресей мықты, сондықтан әйелдер күресінен де алтын алу қиын.

"ЕКІ АЛТЫН АЛЫП ҚУАНТАДЫ ДЕГЕН СЕНІМ БАР”

Онға жуық олимпиададан хабар таратқан ардагер спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы боксшы Бекзат Нұрдәулетовті алтынға басты үміткер деп санайды.

Ал спорт комментаторы Рауан Оқас "1996 жылдан бергі олимпиададан алтынсыз қайтпаған боксшыар алтын алу дәстүрін жалғастырады” деп топшылайды

- Боксшыларымыз бізді екі алтын алып қуантады деген сенім бар. Өткендегі Азия чемпионаты бізге үлкен сын болды (Биыл Дубайда өткен Азия біріншілігінде Қазақстанның бес боксшысы финалға шығып, бәрі жеңіліп қалған - Ред.), енді сол қателіктерді сараптап, біздің біздің боксшылар олимпиадада өз деңгейінде бокстасады деп ойлаймын. Олимпиадада Әбілхан Аманқұл, Абылайхан Жүсіпов, Қамшыбек Қоңқабаев және Бекзат Нұрдәулетов жүлде алады деп ойламын. Ал каратэден Дархан Асадилов сенсация жасап, алтын алады деп топшылаймын. Күрестен медаль болады, бірақ алтын алуы қиын. Жалпы, Қазақстан Токиодан алтынсыз қайтпас, - дейді Рауан Оқас.

ҚАЗАҚСТАН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРГЕ ҚАНША СЫЙАҚЫ БЕРЕДІ?

Қазақстан – әлемде олимпиада ойындарынан жүлде алған спортшыларға қомақты ақшаай сыйақы тағайындайтын елдің бірі. Бұл ел олимпиада чемпионына 250 мың доллар, күміс алған спортшыға 150 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар береді. Жүлде алған спортшының медаліне байланысты бапкерлеріне де осындай көлемде сыйақы бар.

Мәселен, бір спортшы чемпион атанса, бапкерлерге деп 250 мың доллар бөлінеді. Оның он пайызы осы атлетті тапқан бапкерге, 80 пайызы қазіргі бапкеріне, он пайызы ұлттық құраманың бас бапкеріне беріледі.

Бұдан бөлек облыс, қала әкімдіктері де жүлде алған спортшыларға пәтер мен көлік те береді.

Қазақстан Рио олимпиадасының ашылу салтанатында. 5 тамыз 2016 жыл.
Қазақстан Рио олимпиадасының ашылу салтанатында. 5 тамыз 2016 жыл.

2008 және 2012 жылы олимпиадада чемпион атанған ауыр атлеттер Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедова допинг қолданды деген айыппен алтындарын қайтарып берген соң қоғамда спортшыларға ақшалай сыйақы беруге қарсылық күшейді. Жұрт олимпиада алтынын қайтарған спортшылар ақшалай сыйақыны да қайтаруды талап еткен.

Бірақ Қазақстан спортшылардың допинг қолданғанын ресми түрде мойындаған жоқ, ал спортшылардың нәтижесі ресми түрде жойылған.

Қазақстан 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен олимпиадада үш алтын, бес күміс, он қола медальмен жалпы есепте 22-орын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG