Accessibility links

Дос Көшім: "Жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізсе, қазіргі авторитар биліктің негізі күйрейді"


Дос Көшім
Дос Көшім

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ауылдарда әкім сайлау "саяси модернизацияның жаңа кезеңі" бола ала ма? Ауыл әкімінің қолында не билік бар? Сайланған әкім не өзгерте алады? Азаматтық қоғам, саяси партиялар оған неге селқос қатысып жатыр? "Жергілікті өзін-өзі басқару – азаматтық қоғамның алғашқы баспалдағы" зерттеуінің авторы, саясаткер Дос Көшім Азаттықтың осы тақылеттес сұрақтарына жауап берді.

"ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕФОРМА ДЕКОРАЦИЯСЫ"

Азаттық: Ауыл әкімін сайлау Қазақстан билігі айтқандай саяси реформаға серпін бере ме?

Дос Көшім: Жоқ, бізде кез келген демократиялық реформа декорация есебінде жүреді. Ауыл әкімдерін сайлау да демократиялық ойынның бірі. Сайлау туралы заң мен сайлау жүйесін өзгертпесе, қазіргі сайлаулардан әлдене күту артық. Сайлау демократияның белгісі екені рас, бірақ сайлау жүйесі арқылы халықтың таңдауын жасатпай отыр. Орталық сайлау комиссиясынан бастап учаскелік сайлау комиссиясына дейінгі ұйымдардың жұмысын осы уақытқа дейін талай көрдік. Сайлау дұрыс өтпесе, нәтижесі қалай болатыны белгілі емес пе?

Әкім сайлауы бірінші рет болып отырған тәжірибе емес. 2000-жылдары төрт ауданның әкімін сайлап көрді. Рас, ол жанама сайлау еді, яғни әкімді мәслихат депутаттары сайлады. Мен сол уақытта Алматы облысының бір ауданында бақылаушы болдым. Әкім қызметіне бір депутат та кандидатурасын ұсыныпты. 13 депутат дауыс берді. Бұрынғы әкім қайта сайланғаннан кейін әлгі қарсылас депутаты бар, бәрі күліп-ойнап, құшақтасып мейрамханаға кеткенін көзіммен көрдім.

Ауыл әкімдері сайлауы да әділ өтетіне ешқандай кепілдік жоқ. Билікке сыни көзқарасы бар, немесе биліктің айтқанымен жүре бермейтін жеке тұлғаларды өткізбеу мәселесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Билік бұл жолы да әкімшілік ресурсқа арқа сүйейді. Тіпті алақандай ауылдың өзіне еркіндік бермеуге тырысады, қолайсыз адам өтіп кете ме деген қорқыныш бар екенін байқалады. Бұл стереотиптің пайда болғанына көп болды, әлі де көпке созылады. Көпке созбау үшін үлкен өзгерістер керек.

Азаттық: Кей ауылдарда кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаты өте күшті жүріп жатқанға ұқсайды. Өз-өзін ұсынған жергілікті белсенділер "Нұр Отан" партиясының канидатын жеңіп кетуі мүмкін деген де жорамалдар бар. Бұл азаматтық белсенділіктің ояна бастағанын көрсете ме?

Дос Көшім: Ауыл әкімін сайлаудың азаматтық қоғамды дамытуда бір ғана үлесі бар. [Билік] қаласын, қаламасын, бұл сайлау халықтың оянуына түрткі болуы мүмкін. Халық тікелей өзі сайлағаннан кейін әкімнен нақты жауап талап ете алады. Әкімнің жауап беруіне тура келеді. Сонда халықтың көзі ашылады. Мұны не үшін сайладық деген ой келеді. Әрине, ауыл әкімдері деңгейінде халық өзі қалап отырған, билікке де қырын келмейтін адамды әкім етіп сайлауға мүмкіндік беруі ықтимал. Мен жергілікті жердегі адамдардың оянғанына қуанып отырмын. Халық ынтамен кіріссе, сайлаудың нәтижесі қандай болғанына қарамастан, бұл үлкен саяси тәжірибе болады. Қалай болғанда да мұндай ауылдарда билікке деген көзқарас қатты өзгереді.

"ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕР ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРАТЫН ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТСЕ, БИЛІК САЙЛАУ ЖӘШІГІНЕН АЙЫРЫЛАДЫ"

Азаттық: Сайланған әкім жергілікті өзін-өзі басқаруға қалай әсер етеді?

Дос Көшім: Өкінішке қарай, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жоқ. Қолданыстағы конституцияның 89-бабында жергілікті өзін-өзі басқару туралы бап бар еді, оның өзін 2007 жылы алып тастады. "Жергілікті өзін өзі басқару туралы" заң 1997 жылдан бастап алты рет ұсынылды. Бәрінің де талқылауына қатыстым, өтпеді. Бізде жергілікті мемлекеттік басқаруды жергілікті өзін-өзі басқару есебінде ұсынып жүр.

Азаттық: 2001 жылы қабылданған "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заң бар емес пе?

Дос Көшім: Демократияның бірде-бір институты жоқ болса да конституциямызда "Қазақстан - демократиялық мемлекет" деп тұр ғой. Бұл да сол сияқты. Әлемде жергілікті өзін-өзі басқарудың түрлі форматы бар, бізде оның ешқайсысын да енгізгісі келмейді. Енгізсе қазіргі авторитарлық жүйенің негізі, жоғарыдан төмен қарай тағайындайтын вертикал билік күйрейді. Жергілікті жер өзін өзі басқаратын деңгейге жетсе, онда билік ең бірінші сайлау жәшігінен айырылады. Биліктің қатты қорқатыны – осы.

Алматы түбіндегі Жалғамыс ауылындағы №894 сайлау учаскесіндегі дауыстарды санау кезі. Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Алматы түбіндегі Жалғамыс ауылындағы №894 сайлау учаскесіндегі дауыстарды санау кезі. Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Азаттық: Жергілікті мелекеттік және өзін-өзі басқару туралы заңға сүйеніп қазір барлық деңгейдегі әкімдіктер жанынан қоғамдастықтар құрған. Қоғамдастыққа елдімекен тұрғындарын тартады. Кейбір жерлерде қоғамдастыққа халық өзі таңдаған адамдарды да кіргізетіні байқалады. Билік осыны жергілікті өзін-өзі басқару деп көрсетіп отыр. Сіздіңше бұл да жарамай ма?

Дос Көшім: Жарамайды. Жергілікті өзін-өзі басқарудың бір ғана ерекшелігін айтайын. Мысалы, мың жарым адамы бар ауыл он шақты адамға дауыс беріп, муниципалитет немесе кеңес сайлайды. Сол кеңес өз ішінен біреуін әкім қыла ма, әкімді сайлауды халыққа бере ме, әлде басқа өңірден жақсы менеджер шақырып, ақшасын төлеп әкім қыла ма, өздері біледі. Ол екінші мәселе. Ең бастысы – кеңес сайлау. Оның құрамы қанша адамнан тұратыны қала мен ауылдың үлкен-кішілігіне байланысты өзгере береді.

Жергілікті өзін-өзі басқару кезінде әр өңір, ауыл өз ақшасымен өмір сүреді. Сондықтан халық ақшаны да үнемдейді, оны есептеуге араласады. Сайлауды да дұрыс өткізеді. Сайлау комиссиясы мүшелерін өздері таңдайды. Жол салу, бөгет салу сияқты ірі жобаларға қаржыны мемлекеттен алады. Басқаларының бәрін өздері қаржыландырады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың субъектісі облысқа қолын жаймайды. Тікелей қаржы министрлігінен ақша алады. Тіпті, облыстық әкімдік қызметі керек болмай қалуы мүмкін.

Ал жалғыз әкімді сайлау жергілікті өзін-өзі басқаруға жатпайды. Сіз айтқан әкімдіктер жанындағы қоғамдастықтарды ешкім сайлаған жоқ. Оны жоғарының нұсқауымен жергілікті әкімдік пе, біреулер құра салады. Ол қоғамдастықтың қолында ештеңе жоқ. Оларды халық сайламағандықтан, муниципалитет мүшесі деген ресми аты жоқ.

"САЙЛАНАТЫН ӘКІМДІ АУДАН ӘКІМІ ОРНЫНАН БОСАТА АЛАДЫ"

Азаттық: Жай қоғамдық ұйым деуге бола ма?

Дос Көшім: Керек десеңіз қоғамдастықтың қоғамдық ұйым дейтін статусы да жоқ. Көбіне әкімнің жұмысына қолдау жасау үшін ғана құрады. Министрліктің, облыс әкімдіктерінің жанындағы қоғамдық кеңестер бірдеңе өзгертіп жатыр деп ойлайсыз ба? Бұл да демократияның декорациясы қызметін атқарып отыр. Муниципалитетті жергілікті халық сайлайды және орнынан алады. Бізде қазір сайланайын деп жатқан ауыл әкімдерін мәслихаттың, жергілікті қауымдастықтың ұсынысымен аудан әкімі орнынан босата алады. Ондай болса сайлаудың қандай қажеті бар?

Азаттық: Халық өзі сайлаған әкімді өзі қызметінен босата ала ма?

Дос Көшім: Босата алмайды. Жергілікті халық әкімді алып тастау үшін түрлі форматтағы жергілікті референдум керек. Біздің конституциямызда жергілікті референдумға рұқсат жоқ.

Азаттық: Саяси партиялар, халықаралық ұйымдар ауыл әкімі сайлауына республикалық деңгейде қатты мән беріп отырмаған сияқты. Себеп неде?

Дос Көшім: Рас, партиялар аздап қатысып жатқан көрінеді. Бірақ жаппай емес. Халықаралық ұйымдар жергілікті сайлауды бақыламайтынын өз тәжірибемнен байқағанмын. Бұл Қазақстандағы көппартиялы жүйенің қаншалық шынайы екенін көрсетіп тұр. Классикалық партиялар жергілікті жердегі сайлауға айрықша көңіл бөледі. Олар үшін бұл – негізгі мәселе.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG