Accessibility links

4 күн сайын ПТР тапсыру һәм дүкенге баруға 15 минут. Пандемияда олимпиада қалай өтіп жатыр?


Токио олимпиадасында үстел теннисі өтіп жатқан кешен. 23 шілде 2021 жыл.
Токио олимпиадасында үстел теннисі өтіп жатқан кешен. 23 шілде 2021 жыл.

Токиода жазғы олимпиада ойындары ортасына келді. Бұл қалаға келген елу мыңнан астам атлет, журналист және делегация өкілі қазір "олимпиада баблында" (Olympic bubble) тұрып жатыр. Токио қаласына шығып, қала тұрғындарымен байланысуға болмайды. Пандемияда әлемдегі ең ірі спорт додасы қалай өтіп жатыр? Олимпиададан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісінің мақаласын ұсынамыз.

ОЛИМПИАДАДАҒЫ ШЕКТЕУЛЕР

Токио қаласына келгелі он күннен асса да қала көшелерін автобус терезесінен ғана көрдік. Журналистерге Токионың орталығына, туристік жерлеріне 14 күн баруға болмайды, осы күн аралығында қоғамдық көлікті де пайдалануға тыйым салынған. Ал атлеттер мен бапкерлер қала орталығына мүлде шыға алмайды. Олар жарыс біткен бетте 48 сағаттың ішінде еліне қайтуы тиіс.

Спортшылар, журналистер қонақ үйден, олимпиада қалашығынан жарыс кешендеріне арнайы автобуспен барып, сол автобуспен отельге кері қайтады. Қала көшелерінде полиция көп, олар олимпиадаға келгендердің жарыс объектілерінің сыртына, яғни қалаға шығып кетпеуін қадағалайды.

Токиоға келген соң үш күн қонақ үйде карантинде болдық, үш күн бойы коронавирус тестін тапсырдық. Тест теріс болса ғана жарыс өтетін кешендерге баруға рұқсат алдық. Одан кейін де тест тапсыру аяқталған жоқ. Спортшылар мен бапкерлер күн сайын, журналистер әр төрт күн сайын коронавирус тестін тапсыруға міндетті.

Бас медиа орталықта (Main press center) ПТР тестін алып жатқан ерікті. 20 шілде 2021 жыл.
Бас медиа орталықта (Main press center) ПТР тестін алып жатқан ерікті. 20 шілде 2021 жыл.

Бұдан бөлек, күнде қонақ үйде дене температурасын өлшеп, арнайы ұялы телефон қосымшасына енгізу қажет. Спорт кешендеріне кірерде қолды дезинфекциялап, тағы да дене қызуын өлшейді. Егер температура 37,5 градустан асса, оқшаулануға жібереді.

Бас пресс орталыққа кіре берісінте тұрған полицей.
Бас пресс орталыққа кіре берісінте тұрған полицей.

Қонақ үйден азық-түлік дүкеніне баруға күніне 15 минут уақыт беріледі. Отельдің кіреберісінде отырған арнайы күзетші шыққан және келген уақытты жазып алады. Кейде қонақ үйде жүрген күзетшінің бірінен дүкенге апарып келуді сұрауға болады. Сырттағы уақыт 15 минуттан асып кетсе, елден депортация жасалатыны ескертілген.

Журналистер жұмыс істейтін бас пресс орталықта (Main press center) үстелдердің арасы пластиктермен бөлінген. Ал спорт кешендеріндегі пресс-трибуналарда бір үстелге бір журналистен отырады және үстелдердің арасында кем дегенде 1-1,5 метр арақашықтық бар.

Бас пресс орталықта жұмыс істеп отырған журналистер. Әр үстелдің арасы пластикпен бөлінген.
Бас пресс орталықта жұмыс істеп отырған журналистер. Әр үстелдің арасы пластикпен бөлінген.

Олимпиадаға келген журналистер маскамен жүру керек. Масканы тамақтанғанда ғана шешуге рұқсат.

Спортшылардан сұхбат алғанда екі метр қашықтықта тұрамыз. Дауысын жазып алатын диктофондарымызды еріктілер спортшының алдындағы үстелге апарып қояды. Сұрақты да алыста тұрып қоюға тура келеді.

Баспасөз мәслихатында сұрақ қойған соң еріктілер микрофонды келесі журналиске бермес бұрын алдымен сүртіп, тазалап алады.

Спорт кешендерінде жарыс өткен жерлер жиі дезинфекцияланады. Мәселен, дзюдо жарысы өткен кешенде татамиді жарты сағат сайын залалсыздандырып жатты. Ауыр атлетикада зілтемірді де жиі сүртіп отырды.

Еріктілер гандбол турнирі өтіп жатқан кешендегі орындықтарды дезинфекциялап жатыр. 23 шілде 2021 жыл.
Еріктілер гандбол турнирі өтіп жатқан кешендегі орындықтарды дезинфекциялап жатыр. 23 шілде 2021 жыл.

Тілшілер мен фотографтар баратын жарысына арнайы сайт арқылы алдын ала бір күн бұрын брон жасауы қажет. Әр журналист пен фототілші күніне он жарысқа ғана брон жасай алады. Спорт кешендерінде, пресс-орталықтарда және тамақтану орындарында қолды залалсыздандыратын сұйықтықтар көп жерге орнатылған. Еріктілер қолды жиі дезинфекциялауды өтініп тұрады.

ЖАПОНИЯДА КОРОНАВИРУС РЕКОРДЫ

Олимпиада өтіп жатқан тұста Жапонияда коронавирус жұқтырғандар көбейді. Денсаулық сақтау министрлігі 29 шілдеде елде 10 699 адамнан вирус табылғаны, оның 3865-і Токиода тіркелгенін хабарлады. Бұл – Жапониядағы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша рекорд.

14 миллион халқы бар қалада күнделікті тест те көбейген. Қала билігінің мәліметінше, қазір Токиода күніне 2,9 миллион коронавирус тесті алынып жатыр.

Олимпиада ойындары пандемияға байланысты көрерменсіз өтіп жатыр. Жарысқа тек атлеттер, бапкерлер, делегация өкілдері және БАҚ өкілдері кіре алады.
Олимпиада ойындары пандемияға байланысты көрерменсіз өтіп жатыр. Жарысқа тек атлеттер, бапкерлер, делегация өкілдері және БАҚ өкілдері кіре алады.

Ел премьері Есихидэ Суга жергілікті халықты үйде қалып, теледидардан олимпиаданы көруге шақырған. Билік жұртты тек жұмысқа, дүкенге бару үшін сыртқа шығуды өтінеді. Бірақ қала көшелерінде жұрт қарасы көп.

Жапонияда Covid дертіне шалдыққандар көбейген шақта ел билігі мен Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) елде коронавирус жұқтырғандардың өсуіне олимпиаданың қатысы жоқ деп хабарлады.

Еріктілер гольф жарысы өтетін клубтағы олимпиада символы саналатын бес шығыршықты дезинфекциялап жатыр. 29 шілде 2021 жыл.
Еріктілер гольф жарысы өтетін клубтағы олимпиада символы саналатын бес шығыршықты дезинфекциялап жатыр. 29 шілде 2021 жыл.

ХОК олимпиада басталғалы жарысқа келгендерден 275 мыңнан астам тест алынғанын, олардың тек 0,02 пайызы оң нәтиже болғанын мәлімдеді. Яғни, олимпиадаға келгендердің ішінде 200-дей адамнан коронавирус табылған.

Жексенбі, 1 тамыз Токиоға келгеніме толық 14 күн болды. Тест тапсыру қажет. Нәтижесі теріс шықса (теріс болады деп үміттенемін, ешқандай симптом байқалмайды, дене температурасы да орнында), шектеулердің біразы алынады, қалаға шығуға рұқсат. Бірақ төрт күн сайын тест тапсыру Токиодан кеткенше міндет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG