Accessibility links

Қытай қазағы Уалихан Серік грек-рим күресінен Токио олимпиадасында қола медаль алды


Уәлихан Серік (қызыл формада) қолаға таласта украиналық Ленур Темировті жеңді. Токио, 2 тамыз 2021 жыл.
Уәлихан Серік (қызыл формада) қолаға таласта украиналық Ленур Темировті жеңді. Токио, 2 тамыз 2021 жыл.

Токиода өтіп жатқан олимпиада ойындарында Қытай қазағы Уалихан Серік грек-рим күресінен 60 келіде қола жүлдегер атанды.

Ол алғашқы белдесуінде германиялық Этьен Кинзингерді жеңген. Бірақ екінші белдесуде жапон Кэнъитиро Фумита жеңіліп қалды. Кейін Фумита финалға шығып, Уалихан Серік қола медальға таласуға мүмкіндік алды.

Ол 2 тамызда қолаға таласта алдымен Әбделкарем Фергатты (Алжир), одан соң украиналық Ленур Темировті жеңді.

Бұл салмақта кубалық Луис Орта олимпиада чемпионы атанса, Фумита күміс, Серік мен ресейлік Сергей Емелин қола жүлде иеленді.

Қытай грек-рим күресінен 2008 жылы Пекинде өткен олимпиададан соң медаль алмаған.

Бұл салмақта белдескен қазақстандық Мейрамбек Айнақұлов бірінші айналымда қырғызстандық Жоламан Шаршенбековтен жеңіліп, жүлдесіз қалған.

2 тамызда грек-рим күресінен 77 келіде белдескен қазақстандық балуан Демеу Жадраев та бірінші белдесуінде жапониялық Якуби Сохеиден жеңіліп қалды.

Уалихан Серік 2018 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында қола медаль алған.

Қазақстан құрамасынан Токиода дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон және Зүлфия Чиншанло қола медаль алған. 2 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан жалпы есепте 69-орында. Қытай құрамасы 28 алтын, 16 күміс, 15 қола медальмен жалпы есепте бірінші орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG