Асқар Ақаевтың кейінгі 16 жылда алғаш рет қырғыз жеріне табаны тиді. Осы елдің бірінші президенті 2005 жылы наурызда Орталық Азиядағы постсоветтік республикада болған демократиялық митингілер кезінде елден Ресейге қашқан. Ақаевтың Қырғызстанға оралуы жайлы тарап жатқан ақпараттарда қайшылықты дерек көп.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) мәлімдеуінше, Ақаев Бішкекке "жеткізіліп", "ведомствоаралық тергеу тобына тапсырылған". ҰҚМК Ақаевтың "Құмтөр" алтын кенішіндегі жемқорлық ісіне байланысты іздеуде болғанын хабарлады.
Әлеуметтік желілердің қырғыз сегментінде тараған суреттерде Ақаевтың ұшақтан өзі түсіп келе жатқаны көрінеді. Суретте экс-президенттің қолында кісен не жанында айдауыл жоқ.
Қырғызстандағы танымал саясаткер Феликс Кулов 24.kg басылымына берген пікірінде "Ақаев Бішкекке өзі ұшып келіп, тергеуге көмектесуге дайын екенін білдірді" деген.
Асқар Ақаев 2 тамыз күні кешкісін ҰҚМК-дағы тергеуден шыққаннан кейін өзін күтіп тұрған журналистерге сұхбат беріп, тергеуге көмектесуге келгенін айтты.
– Қырғызстанға келуге мүмкіндік бергені үшін президент Садыр Жапаровқа алғысым шексіз. Ол рұқсат берді, өте қуаныштымын, өйткені 16 жылда бірінші рет туған жеріме оралдым… Мен әріптестік орнатып, көмектесуге келдім, "Құмтөр" ісі бойынша білгенімнің бәрін айтып беремін. Маған бұл жобаға қатысты айып тағылғанын білесіздер: "Құмтөр" кен орны мен президент болған тұста салынды. Сондықтан тергеуге көмектесіп, куәлік бергім келеді. ҰҚМК төрағасына алғыс білдіремін, мені мұнда жақсы қарсы алды, өте байыпты қарым-қатынас жасады, – деді Ақаев.
Асқар Ақаев тергеудің қалай өткені және қылмыстық істің жай-жапсары туралы ештеңе демеді.
Ол "Ала-Арча" резиденциясында қазіргі президент Садыр Жапаровпен кездескенін айтты. Ақаев елде бір аптадай болатынын, осы уақыт ішінде тергеуге барып, "Құмтөрді" қалай және не үшін салғанын, қандай қателік кеткенін бүкпесіз баяндап беретінін" жеткізді.
"Құмтөр" алтын кеніші көп жылдан бері қаржы және экологиялық дауға қалған. Қазір кенішке Қырғызстан үкіметі мен "Құмтөрді" игеру жұмыстарымен айналысқан канадалық Centerra Gold компаниясы таласып жатыр.
8 шілдеде ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиев "Құмтөрдегі" жемқорлық күдігімен қозғалған іс бойынша тергеу аясында Асқар Ақаев пен шетелде тұратын тағы бір экс-президент Құрманбек Бакиевке халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлаған.
Тәшиев "Қырғызстан үкіметі халықаралық сотта Centerra Gold компаниясының елдегі жоғары лауазымды адамдарға пара бергенін дәлелдеуге тырысады" деген.
Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев 2005 жылы наурызда "қызғалдақ революциясы" кезінде Ресейге қашқан.
Ақаевтан кейін билікке келген Құрманбек Бакиев 2010 жылғы сәуірде үкіметке қарсы наразылық кезінде биліктен тайдырылған. Содан бері ол Беларусьте тұрады. Қырғызстанда Бакиевті наразыларды жаппай өлтіруге қатысқаны, өз құзыретін асыра пайдаланғаны және өзге де қылмыстары үшін сырттай соттап, өмір бойына бостандығынан айырған. Минск Бішкектің Бакиевті елге қайтару туралы талабын орындаудан бас тартқан.
Қырғызстанның жаңа билігі "Құмтөр" кен орнындағы операцияларды уақытша сырттай басқару туралы шешім қабылдағаннан кейін бұл жоба халықаралық қауымдастық назарына ілінген. 2020 жылы қазанда билікке келген президент Садыр Жапаров бұл шешімін қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңбұзушылықтарды жоюға арналған маңызды қадам деп атады.
Мамырда Қырғызстан үкіметі президентке елде концессиялық келісім негізінде жұмыс істейтін, экологиялық нормаларды бұзған, қоршаған орта мен халықтың өміріне қауіп төндіріп, басқа да зардабын тигізген кез келген компанияны үш айға дейін бақылауға алуға мүмкіндік беретін заңды мақұлдады.
Centerra Gold компаниясы Қырғызстанның әрекетін "заңсыз" деп тауып, шілдеде ел үкіметіне қарсы арбитраж сотына арыз бергенін мәлімдеді.
Кейінгі бірнеше айда Кырғызстанда "Құмтөр" келісімшарттары туралы тергеуге байланысты бірнеше бұрынғы шенеунік пен қазіргі депутат тұтқындалған.
Асқар Ақаев 15 жыл (1990-2005 жылдар аралығында) Қырғызстан президенті болған. Бірақ Ресейге қоныс аударғаннан кейін туған жеріне мүлде келмеген. Ол тіпті, жақын туыстарының жерлеу рәсімдеріне де қатыса алмаған.
Ақаевтың Қазақстанмен де байланысы болған: ол 1998 жылы көршілес Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен (СССР тарамай тұрып, билікке келген Назарбаев 2019 жылға дейін президент болған. Отставкаға кеткеннен кейін де кең құзыретін сақтап қалған) құда болған. Назарбаевтың кенже қызы Әлия Ақаевтың үлкен ұлы Айдарға тұрмысқа шыққан. Көбі "геосаяси одақ", "қос мемлекет басшысының есебінен туған келісім" деп бағалаған неке үш жылдан кейін бұзылған. Айдар Ақаев былтыр ақпанда Мәскеуде жүрегі тоқтап қайтыс болған. Әлия Назарбаева Айдар Ақаевпен ажырасқаннан кейін бірнеше рет тұрмыс құрған. Назарбаеваның қазіргі күйеуі Димаш Досанов экс-президенттің қызына үйленгеннен кейін мансабы өсіп, "ҚазТрансОйл" мұнай тасымалдау компаниясының басқарма басшысы болып тағайындалған.
ПІКІРЛЕР