12 ақпанда Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар бірден екі бірдей лауазымды қызметке ие болды. Ол вице-премьер және жоғары бақылау палатасының төрағасы болып тағайындалды. Сердар Бердімұхамедов жаңа тағайындаулар кезінде қауіпсіздік кеңесінің құрамына да енді. Түркіменстанда үкіметті де президент басқаратындықтан, Сердар бір демде әкесінің орынбасарына айналып шыға келді.
Жоғары бақылау палатасы Бердімұхамедов билікке келген 2007 жылы құрылды. Палата мемлекеттік мүлік пен қаржыға қатысты құқықтық-нормативтік актілердің орындалуын қадағалайды. Жоғары бақылау палатасының басшылары бұған дейін жиі ауысып келген.
Кіші Бердімұхамедов үшін кезекті вице-премьерлік орын жаңадан ашылып отыр. Бұған дейін де бірнеше вице-премьер бар еді. Президент жаңа лауазымды енгізудегі мақсат министрлер кабинеті мен қауіпсіздік кеңесінің жұмысын жетілдіруден туындағанын айтқан.
Орталық Азияда президент-әкелері билікте неғұрлым ұзақ отырған сайын олардың балалары да соғұрлым жиі қызмет ауыстырады. Олардың алды билік тармағы басшылығына жетіп, әкесінен кейінгі лауазымға ие болған.
ТАҢҒАЛДЫРМАЙТЫН ТҮРКІМЕНСТАН
Орталық Азиядағы президент балаларының ішінде Сердар сияқты бір сәтте жауапты сала бойынша бірнеше сатыға секіргені кемде-кем. Сердар Бердімұхамедов соңғы бес жылда жиі қызмет ауыстырған. Ол былтырғы ақпанда ғана өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалған. 39 жастағы кіші Бердімұхамедовтің вице-премьер ретінде цифрландыру және инновация ісіне жетекшілік қылатыны айтылады.
Бірнеше министрлікте және агенттікте қызмет атқарған Сердар Бердімұхамедов аз ғана уақыт парламент депутаты болды. Дипломатиялық қызметті де өткерді.
Түркіменстанда ауыл шаруашылығы университетін және Мәскеу дипломатиялық академиясын бітірген Сердар Бердімұхамедов 2014 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 2015 жылы техника ғылымдарының докторы болған. Ал 2016 жылдан бастап оның аты жиі аталып, көпшілік алдына шыға бастады.
Ол арасында бірнеше ай болса да өз ата-бабасы өскен Ахал уәлаятының әкімі қызметін атқарып үлгерді. Орталық Азиядағы өзге елдер президенттерінің балаларымен салыстырғанда Сердар аймақ басқару тәжірибесінен өткен болып саналады. Әзірге Орталық Азия президенттерінің биліктегі балаларының ішінде Сердардан басқа аймақ басқарғаны жоқ.
Сердар Бердімұхамедов халықаралық жиындарға да қатысып, әкесінің сәлемін өзге президенттерге жеткізіп отырған. 2018 жылы наурызда Орталық Азия басшыларының Астанадағы (қазіргі – Нұр-Сұлтан) саммитіне қатысты. Сол кезде ол – депутат, парламент комитетінің төрағасы болатын. Арада ай өтпей жатып, сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалған ол сол жылы сәуірде ТМД министрлер кеңесінің Минскідегі жиынына қатысты.
Ол былтырғы ақпаннан бастап өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарып келген. Сердардың министр қызметінен кететіні туралы сыбыс қарашадан бастап тараған.
Алайда сол кезде сарапшылардың дені оның биыл сайлауы өтетін парламенттің жоғары палатасы – халқ мәслахатының төрағасы болуы мүмкін екенін айтқан. Конституцияға былтыр енгізілген өзгертулер бойынша халқ мәслахатының төрағасы – билік иерархиясы жағынан алғанда елде президенттен кейінгі екінші адам.
Сондықтан Сердар Бердімұхамедов бірнеше айдан соң вице-премьерліктен кетіп жатса, оған да таңғалуға болмас.
ТӘЖІКСТАНДАҒЫ НЫҒЫЗ НЕПОТИЗМ
Орталық Азия елдеріндегі басшылар әулетінің билікке араласуы қалыпты нәрсеге айналып кеткен. Олардың басқа да туыс-туған, құда-жекжаттарының әрекеті балаларының көлеңкесінде қалып жатады.
Орталық Азиядағы бес елде алты президенттің есімі аталады. Олардың арасында ажырасқан президент те, көп балалы президент те кездеседі. Отбасылық жағдайы анық айтылмайтын басшылар да бар.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон – тоғыз баланың әкесі. Өткен жылы оның үлкен ұлы Рустам парламенттің жоғары палатасының төрағасы болып тағайындалды. Осы арқылы ол елдегі екінші адамға айналып шыға келді. Конституция бойынша президенттің орнына уақытша қызмет атқара алады.
Ал Орталық Азияда Қырғызстандағы Роза Отунбаевадан басқа уақытша президент қызметін атқарушылардың барлығы кейін сайлауға түсіп, елдің бірінші тұлғасына айналған. Сапармұрат Ниязовтан кейін Гурбангулы Бердімұхамедов те осылай билікке келген. Бір қызығы – ол президенттікке вице-премьерліктен келді. Мәжіліс төрағасы болса, қудалауға түсті. Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Шавкат Мирзияев те сенат төрағасы президент міндетін атқарудан "өз еркімен" бас тартқан соң, премьер кезінде президент қызметін уақытша атқарып, соңынан сайлауға түсіп, билікке келді. Бұл жағынан алғанда Түркіменстан мен Өзбекстандағы хикая бір-біріне қатты ұқсайды.
Осы жағдайларды ескергенде, Тәжікстанда елдегі екінші адам 33 жастағы Рустам Эмомалидің жолы ашық. Президент Эмомали Рахмонның басқа да балалары, күйеу балалары мен құда-жекжаттары тұтқалы орындарда қызмет атқарады.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БІР АДАМНЫҢ ИНТРИГАСЫ
Қазақстан билігіне ықпал етіп отырған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға да былтырдан бері тағы да қызмет ауыстырып үлгерді.
Ол былтыр елдегі "екінші адам" - сенат төрағалығынан кеткен соң, төменгі палата – мәжілістің биылғы сайлауында билік партиясы "Нұр Отанның" атынан депутаттыққа өтті. 57 жастағы оның сайлауға ұсынылғаны белгілі болғанда Дариға Назарбаева мәжіліс төрағасы болуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда ол төрағалыққа ұсынылмады да. Қазір ол – мәжілістің экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің мүшесі.
Бұл мәжіліске екінші рет депутат болған Дариға Назарбаева басқа депутаттар сияқты бір орында ұзақ отырады дегенді білдірмесе керек.
Думан Қабдығалиев, саяси сарапшы
– Орталық Азиядағы режимдер ұзақ отырған сайын билігін күшейтуге тырысады. Олар мұны Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы және өздеріне ұнасымды кадрлық саясат арқылы жүзеге асырғысы келеді. Мәселен, Түрікменстан президенті айтарлықтай жасы ұлғайып қалмаса да, ұлын барынша өзіне жақын тұтып отыр.
Менің ойымша, оның екі себебі бар. Біріншіден, әрине, көрші елдерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бердімұхамедов Назарбаев пен Рахмонның тәжірибесінен өзіне керекті тұсын алғысы келеді. Екіншіден, ол Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрад Ниязов кенеттен қайтыс болғаннан кейінгі жағдайды есептеп отыр. Тіпті басты себеп те осы шығар. Сол кезде Бердімұхаммедов билік жолындағы жасырын таласта қарсыластарын ығыстырып үлгерді. Ниязов дүние салғанда нақты жағдайдың қалай өрістегені қоғамға шешілмеген жұмбақ күйінде қалды. Оның үстіне онсыз да соңғы кездері экономикалық тоқырауға ұшыраған елге, ресми мойындалмағанымен, коронавирус та соққы болып тиді. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті.
Азаматтық соғысты өткерген Тәжікстан туралы да осыны айтуға болады. Мұның бәрі Орталық Азия елдері басшыларының жақындарынан басқаға сенбейтінін көрсетеді. Мұны көргенде олар өздері ұзақ басқарған жүйеге де сенімсіздікпен қарап отыр демеске амал жоқ.
ҚЫРҒЫЗ ТӨҢКЕРІСІ ПРЕЗИДЕНТ БАЛАЛАРЫНАН БАСТАЛДЫ
Орталық Азиядағы "демократия аралы" атанған Қырғызстанда да президент балаларының билік тармағына жетуге деген талпынысы болған. 2005 жылы президент Асқар Ақаевтың қызы Бермет пен ұлы Айдар екеуі қатар сайлауға түскен. Бұл сайлаудың соңы наразылық тудырып, елдегі алғашқы революцияға ұласқан.
"Қызғалдақ революциясы" кезінде ондаған адам қаза тауып, Асқар Ақаев елден қуылды, Ресейді паналады. Кейін оның ұлы мен қызы депутаттық мандатынан айрылды. Айдар Ақаевқа қарсы мемлекеттік мүлікті талан таражға салғаны үшін және бөтеннің мүлкін күш қолданып, иемденгені үшін және тағы да басқа бірқанша қылмыстық іс қозғалған. Бермет Ақаеваның сол кездегі күйеуі Әділ Тойғанбаевқа да алаяқтық, жемқорлық және рейдерлік бабы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Кейбір мәлімет бойынша мұндай істердің саны оннан асып кетеді.
Айдар Ақаев 2020 жылы Мәскеуде жүрегі тоқтап, кенеттен қайтыс болды.
ӨЗБЕК ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ӨЗІНЕН ҰЗАМАҒАН КҮЙЕУ БАЛАЛАРЫ
Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзияевтің қыздары мен күйеу балалары да президент маңайында қызмет атқарады. Президенттің үлкен қызы Саиданың күйеуі Ойбек Турсуновтың президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары екені айтылады.
Мирзияевтің екінші қызы Шахноза – мектепке дейінгі білім беру министрлігінде басқарма басшысы. Ал оның күйеуі Отабек Умаров – президенттің қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Және ол бірнеше спорт федерацияларының басшысы.
Кейбір өзбек БАҚ-ының жазуынша, Отабек Умаров Шавкат Мирзияевтің "жеке күзетшісі" саналады.
Блог авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін
ПІКІРЛЕР