Accessibility links

Орталық Азиядағы бес елдің алты президенті. 2020 жыл қалай өтті?


Солдан оңға қарай: Қырғызстанның сол кездегі президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2018 жыл.
Солдан оңға қарай: Қырғызстанның сол кездегі президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2018 жыл.

2020 жылы Орталық Азия елдері президенттерінің кейбірі биліктен кетті. Ал билігін ұзартқан немесе билікке ықпалын жүргізіп отырған кейбір басшыларға байланысты дау ұлғая түсті.

Орталық Азия елдері коронавирус пандемиясына қатысты шараларды қаңтар айынан бастап қолға алғанымен, індетті наурыз айынан бастап мойындады. Дегенмен аймақтағы бес елдің ішінде Тәжікстан кешірек мойындаса, Түркіменстанда әлі күнге "коронавирус" сөзін айтқызбауға тырысады. Қазақстан мен Қырғызстан коронавирустың келгенін мойындап қана қоймай, бірден төтенше жағдай жариялады, бірақ жұқпалы аурумен күрестің үлгісі бола алмады.

РАХМОН "ТЫЛЫН" ТҮГЕНДЕДІ

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон биылғы сайлау арқылы өзінің билігін тағы жеті жылға созды. Егер ол осы мерзімі аяқталғанға дейін президенттікте қалса, Орталық Азияда ғана емес, бәлкім бұрынғы Совет одағы елдері арасында да ең ұзақ билікте отырған басшыға айналмақ. Оған "ұлт лидері – бейбітшілік пен ұлттық бірлік негізін қалаушы" мәртебесіне орай сайлауға қатысуға шектеу қойылмаған. Сондықтан Рахмон билікте отырудың рекордын жаңартудан қайтпайтын сияқты.

Қазақстанның (сол кездегі) президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен бірге. Эр-Рияд, 21 мамыр 2017 жыл. Архив суреті.
Қазақстанның (сол кездегі) президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен бірге. Эр-Рияд, 21 мамыр 2017 жыл. Архив суреті.

Биыл Тәжікстанда өткізілген парламент және президент сайлаулары кезекті мәрте Рахмонның жеке мүддесін түгендеуге бағытталды. Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Тәжікстандағы бұған дейінгі сайлауларды онсыз да демократия талаптарына сай өтпеді деп бағалап келген.

Саяси сарапшылар да пандемия кезіндегі Орталық Азиядағы сайлауда заң бұзу жиілейтінін ескерткен. Рахмон биылғы сайлауда 91 пайызға жуық дауыспен бесінші рет президент болса, парламент сайлауында ол басқаратын халықтық-демократиялық партия көп орын иеленген. Ал оның депутат ұлы Рустам Эмомали парламенттің жоғары палата төрағасы болып, билік иерархиясындағы екінші адамға айналып шыға келді.

Індет Орталық Азиядан Ресейге барып жұмыс істейтін мигранттардың жағдайына қатты әсер етті. Ақша аударымдары айтарлықтай азайып кетті. Ішкі өнімінің 30 пайызын мигранттардың ақша аударымынан тұратын Тәжікстанда биылғы сәуір-шілде арасында аударымның 50 пайызға дейін азайып кеткені хабарланды. Карантин шаралары кезінде мигранттардың Ресейден елдеріне оралуы да күрделі түрде жүзеге асты.

ЖЭЭНБЕКОВ БОРТТАН ТҮСІП ҚАЛДЫ

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 4 қазандағы парламент сайлауынан кейінгі толқу салдарынан биліктен кетті. Бұл күтпеген оқиға болды. Ол билікті тапсырар алдында президенттіктен кетіп, жағдайды оңдауға "көмектесуге дайын" екенін айтқан.

Мерзімінен бұрын биліктен кеткен Жээнбековке "экс-президент" мәртебесі берілді. Қырғызстан заңы бойынша бұрынғы президент мемлекеттік билік органдарында саяси және арнайы мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Экс-президенттің саяси партияның жетекші органдарында да қызмет атқаруына тыйым салынған. Егер бұл талап бұзылатын болса, экс-президент кепілдіктен айрылып, оны мемлекеттік бюджетпен қамтамасыз ету тоқтатылады.

Қырғызстанның отставкаға кеткен президенті Сооронбай Жээнбеков (оң жақта) мен мемлекет басшысы міндетін атқарушы атанған Садыр Жапаров. Бішкек, 16 қазан 2020 жыл.
Қырғызстанның отставкаға кеткен президенті Сооронбай Жээнбеков (оң жақта) мен мемлекет басшысы міндетін атқарушы атанған Садыр Жапаров. Бішкек, 16 қазан 2020 жыл.

Жээнбеков – Қырғызстандағы екінші экс-президент. Оның алдында Роза Отунбаеваға экс-президент мәртебесі берілген. Алайда Қырғызстанның өзге үш президенті қылмыстық әрекеттеріне орай бұл мәртебеден және тиіспеушілік құқынан айырылған.

Жээнбековтен кейін билікке премьер және уақытша президент қызметін атқарушы болып Садыр Жапаров келді. Қазан айынан бері елде конституцияны өзгерту жайы талқыланып, бірінші парламент емес, президент сайлауы және басқару формасы туралы референдум өткізу белгіленді. Сайлау мен референдум 10 қаңтарда өтеді.

БЕРДІМҰХАМЕДОВ КОНСТИТУЦИЯНЫ ТАҒЫ ДА ӨЗГЕРТТІ

Түркіменстанда 2020 жылы конституция тағы бір мәрте өзгертілді. Осы өзгертулер арқылы Түркіменстан парламентін қос палаталы етіп құрды. Халқ маслахаты парламенттің жоғары палатасына айналады да, төменгі палатаны Мәжіліс құрайды. Президент ауыр дертке шалдығып, ел басқаруға жарамай қалса немесе қайтыс болса, оның міндетін жаңа президент сайланғанша халқ маслахатының төрағасы атқарады.

Өзгертулер бойынша Түркіменстанның бұрынғы президенттері өзі қаласа, өмірбойы халқ маслахатының мүшесі болып қала бермек.

Осылайша Түркіменстанның екінші президенті Бердімұхамедовтің тұсында конституция үшінші мәрте өзгертілді.

Алайда Түркіменстанда ауруханалар лық толып, коронавирустан қаза тапқандар туралы мәлімет жарияланбай отыр. Дәрігерлердің өзі ауруханаға көптеп түсіп жатыр. Соңғы кездері мұғалімдер мен оқушылар ауырып жатыр.

Індетті жоққа шығарған бұл елде Түркия дипломаты қаза тауып, Ұлыбритания елшісі нақты қайда жұқтырғанын айтпаса да, коронавируспен ауырғанын кейінірек жариялады. Соңғы үш-төрт жылда экономикалық-әлеуметтік жағдайы ұдайы ауырлап келе жатқан Түркіменстанда 2020 жылы бұрын-соңды кездеспеген оқиға – халық наразылыққа шыға бастады.

Ал көктемде болған Түркіменстандағы дауыл туралы мәліметтерді билік жарияламауға тырысты. Апат салдарынан көптеген үйлер зардап шекті және дауыл ұрған аудандарға электр қуатын беру азайтылды.

МИРЗИЯЕВ ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫНА ҚАДАМ ЖАСАДЫ

2020 жыл Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзияевтің жоғары басшылыққа келгеніне төрт жыл толды. Өзбекстанда 2020 жылдың қаңтар айында парламенттің төменгі палатасының екінші кезеңі үшін сайлау өтті. Оның да нәтижесі билікшіл партиялардың жеңісімен сипатталады.

Сарапшылардың пайымдауынша, 2020 жылы пандемиямен бірігіп күресу, көрші елдерге қайырымдылық көмек жіберу, газ мәселесіне қатысты түйткілдерді реттеу, жалпы іргелес елдермен ынтымақтастықты арттыруда ресми Ташкент аймақтағы өзге елдермен салыстырғанда белсенді әрекет етуге тырысты.

Өзбекстан бұл жылы Кубамен бірге Еуразия экономикалық одағында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Мирзияев Ресейге бейім осы одақпен "тығыз және көп жоспарлы байланысқа мән беретінін" айтқан.

Алайда 2018 жылдан бері талқыланып келе жатқан Өзбекстанда Ресей салып береді деген атом электр станциясы құрылысының келісім-шартына тағы да қол қойылмады. Өзбекстан оған дайын емес екендігін білдіргенімен, мәселенің жіті талқыланып жатқанынан хабардар еткен. Атом электр станциясы Қазақстанмен шекаралас Тұзқан көлі маңына салынады деп белгіленген. Осыған орай Өзбекстанда һәм Қазақстанда қоғамдық тыңдау өтеді деп хабарланған. Алайда тыңдау биыл өтпей қалды.

Ал көктемде Сардоба су қоймасында болған апат Өзбекстан шегінен асып, Қазақстанға да зиянын тигізді. Ресми мәлімет бойынша Өзбекстанда алты адамның қаза тапқаны айтылады. Өзбекстанда апатттан зардап шегіп, үй-жайынан айрылғандардың арасында әлі де көмек алмағандар бар. Сардоба су қоймасындағы дамбаның жарылуы оқиғасына айыпталған сегіз адамның соты жыл соңына қарай басталды. Сардоба апаты кезінде Қазақстандағы бес ауылды су алды. 900 шамалы үй зардап шекті.

Биыл Өзбекстан тұңғыш рет Әндіжан оқиғасында бейбіт тұрғындарға оқ атылғанын мойындады. Бұған дейін билік тұрғындарға үкіметтік күштер емес, қарулы жасақ оқ атты деп келген. 2020 жылы бас прокурордың орынбасары Светлана Артикова осы оқиғаға кіналы адамдардың жазаланып, алды жазасын өтеп қайтқанын айтқан. Бірақ Ташкент әлі күнге Әндіжан оқиғасының тәуелсіз түрде тексерілуіне келіскен емес. 2005 жылғы Әндіжан оқиғасында ресми мәлімет бойынша 187 адам қаза тапқан. Оқиға "Акрамия" діни тобының адамдарын қамаудан босату туралы талабынан туындап, соңы қырғынға ұласқан.

Алдағы жылы жыл басында – Қырғызстанда, жыл соңында Өзбекстанда президент сайлауы өтеді. Алайда Қырғызстан болмаса, Өзбекстан билігіне жаңа тұлғаның келуі күтілмейді. Мирзияев үшін бұл екінші сайлау болмақ. Өзбекстанда бір адам бес жылдық екі мерзімнен артық уақытқа сайлана алмайды.

НАЗАРБАЕВ 80-ГЕ ТОЛҒАНДА ТУЫСТАРЫНЫҢ ДАУЫ КӨБЕЙДІ

Қазақстанның бұрынғы басшысы биыл 80 жасқа толған Нұрсұлтан Назарбаев – билік партиясы "Нұр Отанның" жетекшісі һәм қауіпсіздік кеңесінің өмірбойғы төрағасы. Ол былтыр отставкаға кетсе де, осы арқылы өзінің ықпалын сақтап қалды. Қазақстанда болған биылғы митингілерде Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы ұрандар да тоқтаған жоқ.

2020 жылы маусым айында оның коронавирусқа шалдыққаны хабарланды. Назарбаевтың туған күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық қорғаныс университеті алдына оның кезекті ескерткіші ашылды. Бұған қоса астанада Назарбаевтың тағы бір музейі ашылды.

Ал 6 шілде күні Қазақстан астанасында шашылған от-шашу қоғамның наразылығын тудырды. Бұл Қазақстанда коронавирус індеті өршіп, шырқау шегіне жеткен шағы болатын. Бар дәрі-дәрмек пен емдеу құралдары елдің қолына жетпей қалды. Ауруханалар лық толды. От-шашуға наразы болған қолданушылар 6 шілдені коронавирус құрбандары құрметіне "аза күні" деп атады. Кейіннен биліктің өзі де 13 шілдені "аза күні" ретінде жариялауға мәжбүр болды.

Назарбаев тамыз айында жиені Айсұлтанннан айрылды. Қазасы алдында Айсұлтанның даулы мәлімдемелер жасауы, Ұлыбританиядан саяси баспана сұрауы қоғам назарын аударды. Ол қайтыс болғаннан кейін Назарбаевтың төңірегі мен туыстарына қатысты дау одан әрмен жалғасты. Батыс басылымдарында Назарбаевтың ортаңғы күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың газ саудасынан көрген пайдасының схемасы жарияланды. Құлыбаев Financial Times басылымындағы деректерді тексеру үшін Қазақстан бас прокуратурасына шағымданды.

Мұндай күрделі схеманың әшкере болуына Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаевтың отбасындағы жемқорлық істері туралы мәлімдемесі түрткі болғаны айтылады.

Қараша айында Назарбаевтың айналасындағы адамдардың бірі Болат Өтемұратовтың Ұлыбританиядағы бес миллиард долларлық активі бұғатталып, қайта босатылды. Өтемұратов Назарбаев президент болған жылдары әр кезде оның көмекшісі, кейін кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Ал Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның Ұлыбританиядағы қымбат үйлеріне байланысты биыл сот болып, іс Назарбаевтардың пайдасына шешілді.

ТОҚАЕВТЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ РЕФОРМАСЫНА КЕДЕРГІ БОЛДЫ

Сабақтастық пен реформаны ұран еткен Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билігінің екінші жылында сайлау туралы, саяси партиялар, бейбіт митингілер туралы заңдарға өзгеріс енгізілгенімен, бірде- бір жаңа саяси партия тіркелмеді. 10 қаңтарда болатын мәжіліс сайлауына жолдама алған бірнеше партия атауларын ғана өзгертті.

Тоқаев президенттігі екінші жылға ұласқанда билік саясатына қарсы наразылық жиындары жиіледі. Ал төтенше жағдай кезінде төленетін өтемақының өзі дауға айналды. Пандемия алдында құрылған комиссиялар індетті реттеуде қауқарсыз болып қалды. Биліктің болжамы шынайы жағдайға мүлде кереғар шықты.

Наразылық жиыны кезінде адамдар қамалғанымен, кейінгі жиындарда күштік құрылымдар тәсілдерін өзгертті. Кейде белсенділерді жиын болатын жерге жеткізбей ұстап алып кетті. Жиынды қоршап алу арқылы тарқатып, кейін де белсенділерді бақылауда ұстады және оларға әртүрлі жолмен қысым жасау тоқтаған жоқ.

Тоқаев "құлақ асатын үкімет" туралы жариялағанымен, іс барысында бұрынғы сарыннан ұзамады. Жаңа кадрлар да байқалмады. Ал Қордайда болған этникалық негіздегі қақтығыс 11 адамның қаза табуына себеп болды. Осы оқиғаның салдарынан мыңдаған адам Қырғызстанға көшті.

Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG