Accessibility links

Қазақстан мен Өзбекстан көршісіне көмек қолын созды. Аймақта интеграцияның жаңа кезеңі басталды ма?


Қырғызстан прездентінің міндетін атқарушы Садыр Жапаров "Жоғарғы Нарын ГЭС каскадында". 9 қараша, 2020 жыл.
Қырғызстан прездентінің міндетін атқарушы Садыр Жапаров "Жоғарғы Нарын ГЭС каскадында". 9 қараша, 2020 жыл.

Қырғызстанның жаңа билігі қаржы және денсаулық сақтау салаларындағы мәселелерді шешу үшін жәрдемге мұқтаж, бірақ әдеттегі көмек көздеріне қолы әлі жетпей тұр. Бұл жолы Бішкекке қоңсы жатқан қос көрші көмек қолын созды. Бұл аймақтағы жаңа интеграцияның басы ма?

Қырғызстан биыл нағыз ауыр кезеңді бастан өткерді. Бұл ел коронавирус жұқтырғандардың және одан қайтыс болғандардың ресми есебі бойынша алдыңғы қатарға шықты. Осы жағдай ел экономикасының күрт құлдырауына да жанама әсер етті.

Бұған қоса, қазан айының басында наразылық танытқан халық президент пен үкіметті биліктен кетірді. Сөйтіп, елдің жаңа билігі көмек қаржы іздей бастады және оны тіпті де ойламаған жақтан – іргелес көршілерінен алатын болды.

ТОҚАЕВПЕН ЖӘНЕ МИРЗИЯЕВПЕН СҰХБАТ, РЕСЕЙДІҢ САЛҚЫН ҚАБЫЛДАУЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі 12 қарашада мәлімдеме жасап, Қазақстан мен Өзбекстанның Қырғызстанға қаржылай және гуманитарлық көмек беретінін хабарлады.

Қырғызстан президенті міндетін атқарушы Садыр Жапаров пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қырғызстан президенті міндетін атқарушы Садыр Жапаров пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзбекстандық gazeta.uz ақпараттық сайты да сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің телефонмен сөйлесіп, "аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар қолдануға және қырғыз халқына экономикалық және гуманитарлық көмек беруге" уағдаласқанын айтты.

Сайттың дерегінше, Қырғызстанның сыртқы қарызы 4,5 миллиард долларға жетеді, ал оның 42 пайыздан астамы Қытайдың үлесінде.

Екі елдің Қырғызстанға қаржылай және гуманитарлық көмегінің көлемі айтылмады. Бірақ осы ақпарат жарияланардан бірнеше күн бұрын көмек беруге дайындық басталған.

Қырғызстанның жаңа сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев 29 қазанда Қазақстанға, 5-6 қараша күндері Өзбекстанға сапарлап барған. Сапар барысында ол екі елден де көмек сұрап, оң жауап алған.

Қырғызстан Қазақстан мен Өзбекстан беретін көмекті бюджет тапшылығын жабуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсамақ.

Қазақстан мен Өзбекстан сонымен қатар Қырғызстанға коронавируспен күресу үшін дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық жіберуге келісті. Мұның сыртында Өзбекстанның "емдеу-сауықтыру мекемесін" салуға жәрдемдесуге келіскені айтылады.

Жақында Кремль 15 жылда халық толқуынан үшінші рет билік ауысқанына наразылық ретінде Қырғызстанға бөлген 100 млн доллар қаржылай көмекті тоқтатып тастады. Осы қысылтаяң шақта көршілерінің бұл жәрдемі Бішкекке ауадай қажет.

"ҚЫҢЫР КАРИМОВ" ЖӘНЕ ЖОЙЫЛҒАН КЕДЕРГІ

Ең назар аударарлық нәрсе - қиналған көршісіне көмек беруде Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастық орнатқаны болып тұр.

Үш ел 1997 жылы 10 қаңтарда Бішкекте мәңгі достық жөніндегі келісімге қол қойған. Ол кезде үш елдің де президенті басқа еді. Алайда, бұл келісімнің еш мән-маңызы болмаған.

1998 жылғы қарашада Қазақстан мен Өзбекстан мәңгі достық жөніндегі бөлек екіжақты келісімге қол қойған.

Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақыттың ішінде аймақта ең жақсы қарым қатынас қазақ-қырғыз арасында орнаған. Бірақ бұл бүкіл аймақтағы ахуалды білдірмейді.

Мұны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Казакбаевтың сапары кезінде айтты. "Қазақстан мен Қырғызстан – ең жақын елдер. Бізді ешнәрсе ажырата алмайды, керісінше, бізді біріктіретін фактор көп" деді Тоқаев Казакбаевқа.

"Достук" шекара бекетіндегі коронавирус инфекциясына тексеріс. Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасы.
"Достук" шекара бекетіндегі коронавирус инфекциясына тексеріс. Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасы.

Тоқаев мұны Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың 2017 жылдың соңында Қазақстанға қарата айтқан сыни мәлімдемелерін ескерместен айтып отыр. Атамбаев сөзі Қазақстанның Қырғызстанмен шекараны жабуына, ал Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кірігуіне көмектесу үшін Қазақстан бөлмек болған 100 млн доллардан бас тартуына әкеліп соқтырған. ЕАЭО-ға Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан мүше.

Әлбетте, ендігі бұл кедергінің жойылғаны көрініп тұр.

Өзбекстан Шавкат Мирзиявке дейінгі президент Ислам Каримовтің тұсында Қазақстанмен де, Қырғызстанмен де жақсы қарым-қатынаста болмаған. Әсіресе, Өзбекстан ұзындығы 1388 километрлік өзбек-қырғыз шекарасын жиі жауып тастай беріп, Бішкек бұдан көп зардап шеккен еді.

МИРЗИЯЕВТІҢ УӘДЕСІ

Мирзияев болса 2016 жылдың қыркүйегінде билікке келген соң "жақын көршілерімен байланысты жақсартамын" деген уәдесін орындады деуге болады.

Егер пандемия Каримов көз жұмған 2016 жылға дейін болғанда, ол Қырғызстан үкіметінің денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстан қалай шығып жатқанын сынап, қол қусырып отыра берген болар ма еді.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстанның мәлімдемесінде "аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің" бірлескен шаралары туралы айтылғаны да да қызық жайт.

Бұл пікір Қырғызстан билігі орнынан кеткеннен соң, 9 қазан күні, Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшылары жасаған бірлескен мәлімдемемен ішінара үндес. Төрт ел басшылары "бауырлас Қырғызстандағы оқиғаларға" алаңдаушылық білдіріп, "Қырғызстандағы тұрақтылық - Орталық Азияның қауіпсіздігі мен орнықты дамуының маңызды факторы" екені айтылады.

Мәлімдемені Тоқаевтың кеңсесі таратты. Бірақ Орталық Азия елдері жетекшілері бұрын-соңды жасамаған мұндай мәлімдеме Тоқаев пен Мирзияевтің арасындағы әңгімеден кейін туындағаны анық деуге болады.

Тәжікстан мен Түркіменстан томаға-тұйық және ішкі проблемалары көп елдер болғандықтан, бұл елдер бсшыларының мұндай мәлімдеме жасауға бастамашы бола қоюы екіталай.

Өзбекстан аймақтық серіктеске айналып, Ташкент пен Нұр-Сұлтан аймақтағы мәселелерде жиі кеңесіп жүр.

Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы үстем елдерге айналады деуге негіз бар.

Орталық Азия картасы
Орталық Азия картасы

Аймақта экономикасы, әскери әлеуеті мен халық саны бойынша бұлар ең қуатты ел саналады. Бірақ бұрын көбінесе Ислам Каримовтің қыңыр мінезінің кесірінен олар ынтымақтастық орната алмаған.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелерінің бірі Қырғызстандағы жағдайдың тұрақтануы болуы мүмкін. Ал Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылық туралы айта бастауы көңілге үміт ұялатады. Себебі бұл – Орталық Азия елдерінің проблемалар туындағанда өзгелердің, атап айтсақ Ресей немесе Қытайдың көмегіне тәуелділігін азайтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG