Accessibility links

Назарбаев орнына Тоқаев, Covid және Ауғанстан. Орталық Азия басшыларының саммиті қалай өтті?


Орталық Азия елдерінің басшылары (солдан оңға): Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.
Орталық Азия елдерінің басшылары (солдан оңға): Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

6 тамызда Түркіменстанда Орталық Азия басшылары кездесіп, коронавирус пандемиясы мен Ауғанстандағы ахуалды талқылады.

6 тамызда Орталық Азия елдерінің басшылары Түркіменстанда Каспий теңізінің жағалауында орналасқан демалыс орнында бас қосты. Кездесуде сол баяғы әріптестік мәселесі сөз болды, бірақ соңғы жағдайларға байланысты бұл талқылаулардың маңызы арта түсті.

Аваза курортындағы бұл кездесу шынымен маңызды болды, өйткені біраз уақыттан бері басы қосылмай жүрген бес мемлекет басшысы бір жерге жиналды.

2018 жылы басталған консультативтік кездесу осымен үшінші рет өтті. Бірақ оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші рет қатысты. Оған дейінгі екі кездесуге елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев барған. Екінші кездесу 2019 жылы қарашада өткен. Ол кезде Тоқаев президент атанып үлгерген еді. Бірақ соған қарамастан Ташкентте өткен жиынға Назарбаевтың өзі кетті.

Кездесуде өзге тақырыптардан бөлек коронавирус індеті де сөз болды. Мемлекет басшылары вирустың тарауын тежеу жөнінде әріптестік орнату мәселесін қозғады.

Президенттер кездесуге жиналғанда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде коронавирус індеті үлкен қарқынмен тарап жатты.

Бәрінен де коронавирус пандемиясы төңірегіндегі талқылау қызық болған сияқты. Өйткені Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пандемия басталғалы өз елінде коронавирус жұқтырған бірде-бір науқас тіркелмегенін айтып келеді.

Осы себепті болса керек, Тоқаевтың "Түркіменстан президентінің [өңірлік] вирусология және эпидемиология орталығын құру туралы ұсынысын бес лидер бірауыздан қолдады" деген сөзі таңғаларлық болды.

Бір қызығы, саммит соңында қабылданған 28 тармақтан тұратын ортақ мәлімдемеде коронавирустың таралуына қарсы күрес мәселесі 19-орында тұрды.

Пандемия экономика, өндіріс пен экспортқа кері әсер еткендіктен, бұл жолы әр кездесуде талқыланатын өңірлік сауда мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Өйткені денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс өңірлік саудаға да әсер етті.

Авазадағы кездесудің алдында Өзбекстан мен Түркіменстанның өкілетті тұлғалары қос мемлекет арасындағы әуе және автокөлік қозғалысын жандандыруға келісті.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон түркімен басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесу үшін Түркіменстанға ертерек келді. Қос мемлекет басшысы 2018 жылдан бері келе жатқан жүк тасымалы мәселесін жартылай шешкендей болды.

2020 жылы наурызда пандемияның ауқымы белгілі бола бастағанда Түркіменстан жаңа ережелер қабылдаған. Ол бойынша, Түркіменстан өз жерінен өтетін транзиттік тауарларды ел ішінде жергілікті жүк көліктерімен тасымалдауы тиіс болды. Ал шекараға жеткенде тауарды қабылдаушы мемлекеттің көліктеріне тиейді.

Орталық Азия басшылары үшінші рет өткен "консультативтік кездесуде".
Орталық Азия басшылары үшінші рет өткен "консультативтік кездесуде".

Тоқаев өңірлік сауда және көлік желілерін кеңейту тақырыбын қозғап, Қазақстан Орталық Азиядағы көршілеріне 1 миллиард долларға дейін тауар экспорттай алатынын айтты.

Кездесудегі ең маңызды тақырып Ауғанстан мәселесі болды.

Ортақ мәлімдеменің жетінші тармағында Ауғанстан мәселесі көтеріліп, Орталық Азиямен шекарада кейінгі жиырма жылдағы ең қиын жағдай қалыптасқаны айтылған.


Өңір басшылары Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау үшін Ауғанстандағы жағдайды реттеу керек дегенге бірауыздан келіседі. Олар Ауғанстанда бейбітшілік пен азаматтық келісімге қол жеткізу үшін қолынан келгенше көмектесуге дайын екенін білдірді.

Өкінішке қарай, Орталық Азиядағы Ауғанстанмен шекаралас үш мемлекет бұл елге қатысты әртүрлі саясат ұстанып отыр. Өзбекстан Ауған үкіметімен және тәліптермен келіссөз жүргізіп, оларды ымыраға шақыруға тырысып келеді. Тәжікстан тәліптермен байланыс орнатудан қашқақтайды. Түркіменстан Ауған үкіметімен де, тәліптермен де келіссөз жүргізеді, бірақ Ауғанстан мәселесіне көп араласқысы келмейді.

Ауғанстан мәселесі ортақ мәлімдемеде көрсетілгеннен де ұзақ талқыланған көрінеді. Мысалы, Рахмонның "бүлік шығаруды, терроризм мен пропаганданы жақсы меңгерген экстремистердің өңірге қатысты ұзақмерзімді жоспары барын" ескерткені айтылады.

Бұл кездесудің атап өтуге тұрарлық жетістігіне Орталық Азия елдерінің жақсы қарым-қатынаста екенін көрсеткен атмосфераны жатқызуға болады.

Бірақ кездесудің президенттер костюм киген ресми бөлігі болмаса, қалған уақытта бұл жиын саммитке қарағанда сауық кешіне көбірек ұқсады.

Қарапайым киінген президенттер қайықпен серуенге шығып, спорттық костюммен жаттығу залында жүріп суретке түсті. Бұл туралы Eurasianet тілшісі Питер Леонард Twitter парақшасына "Орталық Азия басшыларының бүгінгі саммитінен покер кешінің әсерін алдым" деп жазды. Бұл Орталық Азия басшылары көрсетуге тырысқан достық пен әріптестік лебін сездірген жақсы пікір болды.

Бір қарағанда, бұл маңызы жоқ дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл мемлекеттер тәуелсіздік алған кейінгі 30 жылда ортақ қауіптерге қарамастан, бір-бірімен үнемі жауласып келгенін ұмытпаған жөн.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG