Коронавирус індеті өршіп, адам өлімі көбейген шақта Қазақстанның кейбір қалаларындағы мәйітханаларда жақындарының денесін алуға келген адамдар кезегі қалыптасқан.
13 тамызда Шымкенттегі мәйітханаға барған Азаттық тілшісі бюро ғимараты маңында он шақты көліктің тұрғанын көрді. Ғимаратқа кіреберіс жерде бірнеше мәйіт жатты. Азаттық тілшісінің көзінше, жарты сағатта бес мәйіт туыстарына тапсырылды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Бақытжан Позиловтің мәліметінше, күніне 25 мәйіт мекемеге түседі. Бұл індетке дейінгі көрсеткіштен шамамен 15-ке көп. Ақпаратқа қарағанда, марқұмдардың басым бөлігі коронавирустан көз жұмған. Басқарма жетекшісі мәйітхана қызметкерлері үлгермегендіктен мекемеге қосымша жұмысшылар тартылғанын айтты.
Мәйітхана қызметкерлері ковидтен қайтыс болғандарды жерлеуге дайындап береді. Туыстарына қапталған мәйітті ашуға тыйым салынған.
Ал жерлеу рәсімін өткізетін компаниялар үлгермей жатқанын хабарлады.
Бұған дейін Азаттық Шымкентте вирус өршіп, қалалық аурухананың Covid орталыққа айналғанын жазған. Шілде айынан бері мұнда 300-ден астам адам қайтыс болған. Бір күнде 30-ға жуық адам қайтыс болған кездер де болған.
13 тамызда журналист Азамат Майтанов Атырау қаласында да туыстарының денесін алуға келген адамдардың мәйітханада кезекке тұрғанын жазды.
Әлеуметтік желі қолданушылары Алматыдағы мәйітханада да кезек барын айтады.
Қазақстанда кейінгі айларда коронавирус індеті өршіп, адам өлімі көбейген. Шілдеде Қазақстанда коронавируспен байланысты адам өлімінің ең жоғары көрсеткіші тіркелді. Қазір күніне 130-150 төңірегінде адам өлімі тіркеліп жатыр.
Денсаулық сақтау саласының мамандары адам өлімінің көбеюін коронавирустың дельта вариантымен байланыстырады. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, дельта тез жұғады, асқынуы да жылдам.
ПІКІРЛЕР