"Талибан" радикал исламшылдар қозғалысы қарулы жасағы Ауғанстан астанасынан 70 километр жердегі Логар уәлаятының әкімшілік орталығы Пули Алам қаласын басып алды. Бұл туралы республиканың аймақ кеңесі мүшесінің сөзіне сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады.
"Талибан" небәрі бір аптаның ішінде елдегі аймақ орталықтарының жартысынан көбін жаулап алды. Олар қазір Ауғанстандағы ең ірі бес қаланың үшеуін, соның ішінде Герат пен Қандағарға билігін орнатқан. Әлеуметтік желілерде тәліптер жариялаған видеоларда үкімет әскерінен еш жері бүлінбеген соғыс техникасын қолға түсіргені көрсетілген. Ауғанстан үкімет армиясының көп бөлімшелері "Талибанға" еш қарсылық көрсетпестен берілгені айтылады.
Сенбі, 14 тамыз күні Кабулға АҚШ елшілігіндегі қызметкерлердің көбін эвакуациялауды қамтамасыз ету үшін жіберілген америкалық әскерилердің алғашқы тобы жетті деп хабарлайды Азаттықтың Ауған қызметі.
Осының қарсаңында Норвегия, Дания мен Испания Кабулдағы елшілігін жабу туралы шешім қабылдағаны мәлім болған. Ал Германия дипломатиялық қызметкер санын барынша қысқартуды ұйғарған.
Бұған дейін CNN телеарнасы өз дереккөздеріне сүйеніп, әзірге қалада қалған АҚШ елшілігінің қызметкерлері Кабул әуежай ғимараты кешеніне көшірілуі мүмкін деп хабарлаған.
Сенбі күні Ауғанстан президенті Ашраф Ғани халыққа арнайы үндеу жасады. Ол ел билігі әскерді қайта топтастыруды басым міндет санайтынын айтты. Халыққа үндеуінде президент азаматтардың өз болашағына алаңдап отырғанын түсінетінін мәлімдеді.
"Сіздердің президентіңіз ретінде [күш-жігерімді] тұрақсыздық пен зорлық-зомбылықтың етек алуына жол бермеуге жұмылдыруға міндеттенемін" деген Ғани. "Әл-Жазира" телеарнасы Ауғанстан президенті тікелей эфирден сөйлемей, алдын ала жазылған мәлімдемесін таратқанына назар аударған.
ПІКІРЛЕР