- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Полиция мен әскерилер жарылыс болған аймақта жолды жауып тұр
Жамбыл облысындағы жарылыс болған аймақта жүрген Азаттық тілшілері полиция мен әскерилердің Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімге баратын жолды жауып, ешкім өткізбей тұрғанын хабарлады.
Жарылыс болған әскери бөлім аумағынан әлі де түтін көрінеді, әскери бөлімге жақын маңдағы кафе мен жанар-жағармайдың бір бөлігі бүлінген.
Қорғаныс министрі: Әскери қоймадағы жарылыстан 4 адам мерт болды
Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі қоймада болған жарылыс салдарынан 4 әскери қызметкер қаза тапқан. Бұл туралы жұма күні Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады.
- Олар – Оңтүстік [әскери] округ әскери прокуроры полковник Қапезов, келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген сержант Марат Мешінбай, келісімшартпен қызмет атқарған ефрейтор Руслан Жанболатов және әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаев мерт болды. Марқұмдардың жақын-жуығына әріптестерімнің атынан көңіл айтамын, - деді министр. Бейсенбінің кешінде билік жарылыстан қаза болғандар жоқ деп хабарлаған еді.
Министр Ермекбаев жарылыстан кейін бірнеше адамның хабарасыз кеткенін де айтты.
26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Бірнеше күшті дүмпу байқалып, жүздеген адам жапа шекті, жақын маңдағы елдімекен тұрғындары көшірілді. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Әкімдік: Жарылыстан зардап шеккендер 66 адамға жетті, екеуі ауыр жараланған
Жамбыл облысындағы әскери бөлімшедегі қоймада болған жарылыстан зардап шеккендер 66 адамға жетті. Олар Тараз қаласындағы №1 аурухана мен Байзақ ауданы орталық ауруханасына жеткізілген. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
Жараланғандар арасында әскерилер мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері бар. Ауруханаға түскендердің екеуі ауыр жараланған, қалғандары жеңіл жарақаттанған.
Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 32 дәрігер мен 56 медициналық қызметкер жұмылдырылғаны хабарланды.
Облыс әкімдігі жарылыс болған аймаққа жақын ауылдардың адамдарын эвакуциялап жатқанын хабарлаған. Олар үшін Тараз қаласында 400 орын дайындалды.
Жамбыл облысы әкімдігі 26 тамыз 23:30-да "жарылыс бәсеңдегенін" хабарлады.
Әкімдік: Жарылыстан қаза тапқандар жоқ, 60 адам жараланды
Тараз маңындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандар жоқ. Бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне хабарлаған. Әкімдіктің мәліметінше, оқиғадан 60 адам жапа шеккен, оның 11-і әскери адам. Жараланғандардың барлығы Тараздағы №1 қалалық ауруханаға жеткізілген.
Әкімдіктің хабарлауынша, өртпен күресіп, оқиға орнында тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облыстық полициясының 300 адамнан тұратын жеке құрамы, әскери бөлімшенің 500 адамнан тұратын жеке құрамы түгел жұмылдырылған.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында Тараз қаласына, Байзақ ауданының орталығына төніп тұрған қауіп жоқ деп мәлімдеді. Бұған қоса ол қоймадағы жарылыстың саябырсығанын айтты. "40-45 минут аралығында бірде-бір дүмпу болған жоқ" деді Дәулет Кәрібек.
ПІКІРЛЕР