Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс пен өрт орнынан тағы бір адамның мәйіті табылды. Бұл туралы 29 тамыз күні Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Мәйітті қорғаныс министрлігінің саперлері тапқан, қазір оның кім екені анықталып жатыр делінген хабарламада.
Қоймадағы жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар осымен 14 адамға жетіп отыр. Олардың арасында төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар. Үш адамның кім екені әлі анықталмады. Бұдан бөлек, екі адам хабар-ошарсыз кеткен.
"Жоғалған екі адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр" делінген төтенше жағдай министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Апат 26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімінде болған. Қоймадағы оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласқан. Салдарынан 98 адам жарақаттанған. Олардың бәрі қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері. Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ дейді жергілікті билік.
Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын маңдағы ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланды. Қазір олардың бәрі үйіне оралған.
Жергілікті биліктің сөзінше, апат салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық объект, үш мектеп бүлінген. Билік үйлерді екі ай ішінде қалпына келтіруге уәде берді.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылайды.
Министрлік 10 жарылыс болғанын, әскери қоймада Арыс қаласындағы қоймадан әкелінген оқ-дәрілер болғанын растады. 2019 жылы Арыстағы әскери қоймада да осыған ұқсас жарылыс болып, салдарынан төрт адам қаза тапқан.
ПІКІРЛЕР