Accessibility links

"Қандай бақытсыз халық едік..." Ауған жастарын тәліптер режимі алаңдатады


"Талибан" содыры Кабулдағы сұлулық салонының жанына өтіп барады. 18 тамыз 2021 жыл.
"Талибан" содыры Кабулдағы сұлулық салонының жанына өтіп барады. 18 тамыз 2021 жыл.

Тәліптер Кабулды соғыссыз алған соң ауған жастары бостандығымыздан айырыламыз ба деп қауіптенеді.

Ахмад Дәуіт 15 тамызда "Талибан" (Қазақстанда және басқа да елдерде террористік деп танылған ұйым) Кабулды соғыссыз алған соң Хайырхан ауданындағы үйінен сыртқа сирек шығады. Тәліптер Кабулға бақылау орнатқан соң 24 жастағы тігіншінің тігінханасына келіп, жабуды талап еткен.

"Олар келіп еркек әйелдерге киім тікпеуі керек деп талап етті" дейді Дәуіт.

Тәліптердің Ауғанстанға билік орнатуы Дәуіттің шағын бизнесін банкротқа ұшыратты. Себебі оның клиенттерінің көбі әйелдер еді.

Енді Дәуіт басқа жұмыс іздеуі тиіс. Әке-шешесі мен жақындары оның айлығына қарап отырған. Ол кедей отбасын асырау үшін 15 жастан бастап жұмыс істеп жүр.

"Қазір барымызды тамаққа үнемдеп отырмыз. Ақшамыз бір ай өмір сүргенге жетеді. Ағам полицей болып жұмыс істейтін, ол да жұмысынан айырылды. Екі қарындасым үйде отыр, себебі университеттері жабық. Бірнеше күннің ішінде бәрі өзгеріп кетті" дейді Дәуіт Азаттыққа.

Ауған әйелдері Кабулды тәліптер басып алғанға дейін. 5 тамыз 021 жыл.
Ауған әйелдері Кабулды тәліптер басып алғанға дейін. 5 тамыз 021 жыл.


4,4 миллионнан аса халық тұратын Кабулда базарлар мен наубайханалар бұрынғыша жұмыс істеп жатыр, бірақ азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Базарда сатып алушы да аз.

Жергілікті кейбір басылымдар жарыққа шығып, телеарналар эфирлерін жалғастырып жатыр. Кейбір кеңсе жұмысшылары – көбі ер адамдар – жұмыс орнына оралды. Қоғамдық көліктер де жұмысқа шықты, алайда автобустардың саны азайған.

Кабулда қалыпты өмір нышаны байқала бастағанымен Дәуіт сияқты жастарға тіршілік "тоқтап қалған". Олар "Талибан" соғыстан азып-тозған елді қайда апарады деп қауіптенеді.

"Мектебіміз әлі жабық, қашан ашатыны туралы ресми шешім жоқ. Білім саласында қандай өзгеріс болатынын да білмейміз" деді 25 жастағы мұғалім Башир Форог.

Кабул орталығындағы Форог жұмыс істеген мектеп тәліптер билікке қайта оралған күні жабылған. АҚШ бастаған коалиция Ауғанстаннан әскерін әкете бастаған соң "Талибан" күшейіп, елдегі билікті қайта басып алды.

2001 жылы 11 қыркүйекте "Әл-Каида" терроршыл тобы АҚШ-қа жойқын шабуыл жасап, мыңдаған адам көз жұмған соң Америка бастаған халықаралық күштер "Талибан" режимі астындағы Ауғанстанды паналаған терроршыларға қарсы әскери операция бастаған. АҚШ әскері Ауғанстанға кірген соң тәліптер Ауғанстандағы биліктен кеткен. 2011 жылы АҚШ "Әл-Каида" басшысы Осама бен Ладен өлтірген.

ОҚУШЫЛАР МЕКТЕПКЕ ОРАЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Форог 15 тамыз түс кезінде тәліптер Кабулға кіргенде мектептегі сабақ тоқтағанын, ата-аналар асығып балаларын үйлеріне алып кеткенін еске алады.

- Тұрғындар туыстарына хабарласып, бір-бірін табуға тырысты, бірақ телефон байланысы өшті. Мектеп ғимараты бір сағат ішінде қаңырап бос қалды, - дейді ол.

Оқушылардың көбі қазір базарда жұмыс істеп жүр. 22 тамыз 2021 жыл.
Оқушылардың көбі қазір базарда жұмыс істеп жүр. 22 тамыз 2021 жыл.

Форог енді оқу бағдарламасы, киім формасы, қыздар мен ұлдардың қалай оқитыны жайлы ештеңе білмейді. Оған қыз балалардың ата-аналары жиі хабарласып, "қыздарын паранжімен мектепке жіберуге дайын екенін" айтқан. Ата-аналар қыздарымыз бастысы оқыса деп армандайды.

"Талибан" ислам заңдарына сай киінсе қыздардың білім алуына, әйелдердің жұмыс істеуіне рұқсат беретінін айтқан еді. Бірақ Ауғанстаннан келіп жатқан хабарлардан тәліптердің бұл айтқаны сөз жүзінде қалғаны байқалады.

Тәліптердің ресми өкілі "әйелдер құқығын шариғат заңына сай құрметтейтінін" айтқанымен, бірақ шариғат заңы іс жүзінде қалай болатынын түсіндірмеді.

"ТӘЛІПТЕР АНЫҒЫН АЙТПАЙ ОТЫР"

Кеңседе жұмыс істейтін әйелдердің көбі "Талибан" өздерін үйге жібергенін айтады.

"Тәліптер анығын ашып айтпай отыр, бұл жастарды қатты алаңдатады" дейді Кабулдағы университеттердің бірінде оқыған Разма Саад.

Екі ай бұрын студент қыз "Талибан" тобы өзгерген шығар деп болашағына үмітпен қарайтын. Шілденің ортасында Азаттыққа сұхбат бергенде ол "тәліптер келсе де жағдай бұрынғыдай жаман болмас, оқуымды жалғастырармын" деген еді. Қазір оны "тәліптердің бұлыңғыр әрі анық емес мәлімдемелері" мазалайды.

Саад жақын достарының көбі Ауғанстаннан кетіп қалғанын айтады. Ол өзі қазір Кабулда қалған. Саад "Талибан" қатаң заңдарының кейбірін жұмсартып, жұрттың қалауына құлақ түрер деп үміттенеді.

Ауғандардың көбі "Талибан" 1996-2001 жылдары елді билегенде қолданған қатаң заңдарын қайта қарайды дегенге күдікпен қарайды.

Жастардың көбі БҰҰ қолдаған үкімет тұсында өсіп, бостандықтағы өмірге үйреніп қалған еді. 2001 жылы тәліптер биліктен кеткен соң жастар білім алып, музыка тыңдап, қалаған киімдерін киіп жүрген. Ал 15 тамыздан бастап болашағына алаңдаған мыңдаған ауған Кабулдағы әуежайға ағылып, елінен кетуге асықты.

Дарға асу, қол кесу, бурка кию. Жұрт тәліптерден неге қорқады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:11 0:00

Жастар шетке кетіп жатқан тұста тәліптер ауғандарды елде қалуға, өз халқына қызмет көрсетуге шақырды. Бірақ "Талибан" әйелдерді үйде қамап, Ауғанстандағы адам капиталын өз қолымен дағдарысқа ұшыратуы мүмкін.

"Егер ел халқының жартысы, яғни әйелдер қоғам өмірінен ажырап қалса, тәліптер Ауғанстанды дамыта алмайды" дейді Кабул университетінде оқитын студент қыз Махджабин Рамз.

Журналистика мамандығында оқитын Рамз тәліптер елді басып алардың алдында ғана жергілікті редакцияға жұмысқа орналасқан еді. Осы аптада Рамзға редакциядан хабарласып, жұмысқа қабылдау белгісіз уақытқа шегерілгенін айтқан.

"ҚОРҚЫНЫШТА ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ"

Шапура Кабулдағы екі дәріхананы басқарады. Жас отбасы Хайырхан ауданындағы ыңғайлы үйде жақсы өмір кешіп жатыр. Бір қарасағанға өмірі өзгермеген, екі дәріханасы да жұмыс істеп тұр.

Дәріханаға келетіндер азайған. Бірақ Шапур жақында бизнесі қайта жанданады деп сенеді. Дегенмен ол "ақша – маңызды емес" деп санайды.

Шапур отбасы бостандығынан айырыла ма деп қорқады. Ол әйелі мен балаларын мейрамханаға апару, әйеліне Валентина күні гүл әперу енді жойыла ма дейді.

Шапур полицияда жұмыс істеген бауыры үшін де алаңдайды.

"Талибан" бұрынғы әскерилер, полицейлер мен мемлекеттік қызметкерлерге "амнистия" жариялайтынын мәлімдеген. Бірақ Ауғанстанда тәліптердің үйлерді аралап, мемлекетке қызмет еткендерді іздеп жатқаны айтылады.

"Қорқынышта өмір сүріп жатырмыз" дейді Шапур.

Хайырхан ауданының бір шетінде тігінші Дәуіт қазіргі өміріне бейімделе алмай жүр. Ол бұған дейін шашын Болливуд стилінде сәндеп, қара джинсы мен ақ көйлек кигенді ұнататын. Қазір Дәуіт шашын алып, сақал өсіріп, ауғанның дәстүрлі киімін киіп жүр.

"Бала кезімнен көп жұмыс істеуге тура келді. Аш ұйықтаған кездерім де көп. Бірақ өзімді дәл қазіргідей үмітсіз сезінбеген едім. Қандай бақытсыз халық едік" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG