Accessibility links

Шенеунік "Алтын Орда" базарына қатысты сұраққа жауапты санитар дәрігерге сыбырлап айтты


Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов
Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Азаттық тілшісі Алматы облысының бас санитар дәрігеріне коронавирус пандемиясына байланысты кәсіпкерлік мекемелерінің көбіне шектеу қойылғанда, "Алтын Орда" базары неліктен жұмыс істеп тұрды деген сұрақ қойды.

Санитар дәрігер жауап бермес бұрын оның қасында отырған облыс әкіміні орынбасарының дауысы эфирден естіліп қалды. Онда әкім орынбасары бас санитар дәрігерге "Алтын Орда" — республикалық маңызы бар базар, сонда да ол жерде шектеу бар" деп айт" деп кеңес берді.

— "Алтын Орда" — республикалық маңызы бар сауда базары. Онда Алматы облысын ғана емес, Алматы қаласын да азық-түлікпен қамтамасыз ететін 40-қа жуық қойма бар. Қалай болғанда да біз эпидемияға қарсы шараларды талап етеміз. Базар оны орындауға тырысып жатыр, — деді Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов.

Сондай-ақ ол базар аумағында тұрған нысандар Ashyq жүйесінің үздіктері екенін айтты.

Бұл жүйе биыл іске қосылған, ал "Алтын Орда" базары былтыр да жұмыс істеді, тіпті Алматы мен Алматы облысында індет қатты өршіген кезде де жабылған жоқ.

Азаттықтың бұл жөніндегі сұрағына Алматы облысы әкімінің орынбасары жауап берді. Ол азық-түлік бағасын қымбаттатпау мақсатында бұл базарға карантин шектеуі көп енгізілмегенін айтты.

— Елдегі азық-түлік бағасын қалыптастыруда бұл базар үлкен рөл ойнайды, себебі аймақтардағы жұрттың көбі, көтерме саудадағы адамдар дәл осы базардан тауар сатып алады. Оның жұмысын шектесек, болмаса екі-үш күнге жапсақ, бұл дүрбелең тудырып, азық-түлік бағасын қымбаттатып жіберер еді, — деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Жақында оқу жылының алдындағы демалыс күндері "Алтын Орда" базарына шамадан тыс көп адам барды. Алматыдағы карантинге байланысты ірі сауда орындары жабық болғандықтан, жұрт баласына киім-кешек алу үшін қала сыртындағы "Алтын Ордаға" ағылды.

"Базарда халық тым көп жиналғаны үшін біреу жазаланды ма?" деген журналист сауалына облыс әкімінің орынбасары "Қарасай ауданы әкімдігіне ескерту жасалды" деп жауап берді. Байжұманов базар иелері мен оның басшыларына айып салу мәселесі бойынша істің "ақ-қарасын анықтап, қосымша хабарлайтынын" айтты.

kz.media порталының ақпараты бойынша, Алматы іргесіндегі "Алтын Орда" көтерме сауда базары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевқа тиесілі. Бұл ақпаратты ресми түрде ешкім растамады да, терістемеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG