Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты Кіші Талдыкөлді қорғап, перфоманс өткізген суретші Асхат Ахмедияровқа айыппұл салды


Суретші Асхат Ахмедияров Талдыкөлге топырақ төгіп жатқан жүк көліктерінің алдында. Нұр-Сұлтан, 7 қыркүйек, 2021 жыл.
Суретші Асхат Ахмедияров Талдыкөлге топырақ төгіп жатқан жүк көліктерінің алдында. Нұр-Сұлтан, 7 қыркүйек, 2021 жыл.

15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан әкімшілік соты суретші Асхат Ахмедияровты "полицияға бағынбады", "ұсақ бұзақылық жасады" деп айыптап, оған 14 мың теңге (33 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салды.

Сот Есіл аудандық полиция басқармасында өтті. Асхат Ахмедияровтың Азаттыққа мәлімдеуінше, сағат үшке белгіленген процесс кешкі жетіден өте басталған. Оның себебін суретшіге ешкім түсіндірмеген.

Судья Қанат Иманәлиев Асхат Ахмедияровты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-бабының 1-тармағымен "полицияға бағынбады" деп айыптап, ескерту беретінін, ал 434-баппен "адамды балағаттағаны" үшін кінәлі деп танып, 14 585 теңге айыппұл салатынын жария етті.

– Сот адвокатыңыздың [Ахмедияровқа полицейлер] "полиция учаскесіне бару туралы ұсыныс жасалмаған" деген уәжімен келіспейді. Сізге ондай ұсыныс жасалған, бірақ қарсылық танытқансыз. Бұрын жауапқа тартылмағаныңызды ескеріп, бұл үшін ексерту берілді. Ал жеке тұлғаны балағаттаныңызды мойындағаныңыз үшін және кішкентай балаларыңыздың бар екенін ескеріп, айыппұл салынып отыр. Шешімше қарсылық білдіруге құқыңыз бар, – деді судья Иманәлиев.

Судья сот қаулысын түсіндіру барысында суретшіні тұтқындауға болатынын, бірақ соттың оған бармағанын ескертумен болды.

Адвокат Гүлшат Дүйсенова полиция қызметкерлері суретшінің құқын бұзды деп санайды. Оның айтуынша, Асхат Ахмедияровты 13 қыркүйекте де себепсіз полиция пунктіне әкеліп, ас-су бермей 5 сағат заңсыз ұстаған. "Полиция өкілдері Кіші Талдыкөлде жұмыс істеп жатқан техникалар иесімен арадағы кикілжіңді көре тұра араласпады, оны алып кетуге ыңғайлы сәтті күтті" деп санайды адвокат.

Суретші Асхат Ахмедияров 14 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Кіші Талдыкөлді құрғатып, ол жерде тұрғын үй салуға қарсылық білдіріп, перформанс өткізген.

Құрылысты қобыз үнімен тоқтатқандар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Ол бұған дейін де бірнеше әлеуметтік-саяси акциялар мен перфоманстар ұйымдастырған.

Биыл 13 шілдеде Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына құрылыс салуға қарсы шығып, Нұр-Сұлтанда арт-перфоманс өткізген оны серігімен бірге полиция ұстап, 17 мың теңге айыппұл салған.

14 қаңтарда Нұр-Сұлтан әкімдігі алдына костюмді теріс киіп келіп, ерекше балалар тәрбиелейтін отбасылар құқының қорғалуын талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG