14 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық ішкі істер басқармасы Бозжырадағы құрылысқа байланысты өнер акциясын өткізген суретші, белсенді Асхат Ахмедияровқа айыппұл салды. Онымен бірге шараға қатысқан экобелсенді Әлия Ахмалишевамен полиция "әңгіме" жүргізген.
Ақпаратқа қарағанда, полиция Асхат Ахмедияровтың үстінен екі әкімшілік іс қозғаған: "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау" (443-бап, 1-бөлім) және "Жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы" (615-бап, 1-бөлім). Екі бап бойынша белсендіге шамамен 17 мың теңге айыппұл салынған.
Асхат Ахмедияровтың Азаттыққа айтуынша, ол тағылған айыптарды мойындамаса да, полицейлер хаттамаға басқаша жазып жіберген.
– Хаттаманы оқысам, "мен істеген ісіме өкінемін, қайталамауға уәде беремін" деп қосып тастаған. "Мен мұны жазған жоқпын, өшіріңдер. Мен мүлде өкініп тұрған жоқпын дедім. Мойындамаймын" дедім. Сөйтіп, қайтадан жазды. Тек жаяу жүргінші жүрмейтін жерді кесіп өттім дегенін мойындадым, соған қол қойдым, - деді белсенді. Ахмедияровтың айтуынша, айыппұлды құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина төлеп тастаған.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Әлия Ахмалишевамен "әңгіме жүргізілген".
13 шілдеде суретші Асхат Ахмедияров пен экобелсенді Әлия Ахмалишева экология министрлігі алдында Бозжырадағы құрылысқа байланысты арт-перформанс өткізген. Олар маңайында қонақ үй салынайын деп жатқан ерекше табиғи ескерткіштің тағдырына алаңдаушылығын солай білдіргісі келген.
Көп ұзамай оларды полиция ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан соң босатқан.
Қазақстанда былтырдан бері Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жоспары қоғамда дау туғызып келе жатыр. Билік жоба аймақ инфрақұрылымын дамытуға пайдалы десе, экологтар оның қоршаған ортаға зиянын алға тартады. 13 шілде күнгі шара кезінде белсенділер қазір шатқал маңында құрылысқа дайындық жүріп жатқанын айтты.
ПІКІРЛЕР