Accessibility links

Назарбаев пен дәулетті түрік бизнесмені Таминжені не байланыстырады?


Назарбаев пен дәулетті түрік бизнесменін не байланыстырады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:57 0:00

2000 жылдардың басында қазір 70 пайызы Назарбаев қорына тиесілі компания иелігіндегі қонақүйді салған, содан бері Қазақстан үкіметімен миллиардтаған долларлық келісімшарттар жасасып, 20 жылға жуық уақыт ішінде елдегі ең бай шетелдік кәсіпкерге айналған Феттах Таминже кім?

ДАУЛЫ ИДЕЯ АВТОРЫ

2020 жылғы қарашада Қазақстан билігі Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына қонақүй салынғалы жатқанын хабарлады. Табиғаты ерекше өңірде құрылыс жүргізу идеясы көпшілікке ұнаған жоқ. Қоғам сынынан соң, 17 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шатқал маңында қонақүй салу идеясын қайта қарауды тапсырды. 12 желтоқсанда экология министрі Мағзұм Мырзағалиев шатқалда қонақүй салынбайтынын хабарлады.

– Инвестор компания өкілдері жобаны іске асыру үшін басқа аумақты таңдауға әзір екенін растады, – деді министр.

Әуелде Маңғыстау облысы әкімдігі Бозжырада қонақүй салуды кім ұсынғанын ашып айтпаған. Азаттық әкімдікке ресми хат жолдаған соң идея авторы түрік кәсіпкері Феттах Таминже екені белгілі болды.

Таминженің Қазақстандағы кейінгі жобаларының бірі – Каспий теңізі жағасындағы Rixos Water World Aktau көпфункциялы туристік қонақүй кешені. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге қаржы кеткен нысанды ашуға Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Былтыр шілденің соңында Таминже Назарбаев пен өзгелерге ішінде "президенттік нөмір" бар демалыс орнын таныстырған. Коронавирус пандемиясына байланысты “all inclusive” жүйесімен жұмыс істейтін демалыс орнын ашу салтанаты кейінге шегерілген еді.

Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Rixos Water World Aktau қонақүйін аралап жүр. Феттах Таминже (сол жақтан екінші) Назарбаевқа қонақүйді таныстырып жатыр. 18 қыркүйек 2020 жыл. Сурет primeminister.kz сайтынан алынды.
Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Rixos Water World Aktau қонақүйін аралап жүр. Феттах Таминже (сол жақтан екінші) Назарбаевқа қонақүйді таныстырып жатыр. 18 қыркүйек 2020 жыл. Сурет primeminister.kz сайтынан алынды.

Бұл – Таминже мен Назарбаевтың алғашқы кездесуі емес. Кәсіпкер мен президент 2000 жылдардың басынан бері таныс.

"ХАНШАТЫР", НАЗАРБАЕВ ОРТАЛЫҒЫ, "НҰР ӘЛЕМ" СФЕРАСЫ...

Алғаш рет Таминже 2005 жылы Қазақстан астанасында Rixos President қонақүйін ашты. Осындай атпен қонақүй желісі кейінгі жылдары Қазақстанның бірнеше қаласында пайда болды. Бірақ кәсіпкердің негізгі табыс көзі қонақүй бизнесі емес.

Таминженің компаниясы – Sembol өзін "Қазақстан астанасының заманауи бейнесін қалыптастырып жатқан компания" деп атайды. Түрік кәсіпкері Нұр-Сұлтанда салған көп ғимаратқа Қазақстан билігі тапсырыс берген. 2010 жылғы 6 шілде, Назарбаевтың туған күнінде ашылған "Ханшатыр" сауда орталығы, "Астана Арена" спорт кешені, Бейбітшілік және татулық сарайы, Тәуелсіздік сарайы, "Алау" мұз сарайы, Назарбаев университеті, "Әзірет Сұлтан" мешіті, Ұлттық әскери академия, "Нұр Әлем" сферасы, "Қазмедиа" орталығы, "Нұрлы жол" вокзалы, Назарбаев орталығы мен оның жанынан ашылғалы жатқан әкімшілік ғимарат – мұның бәрін Феттах Теминженің компаниясы салған.

Қазір түрік кәсіпкері басқаратын компания Нұр-Сұлтанда аумағы 57 мың шаршы метрге жететін бас мешітті салып жатыр.

Түрік кәсіпкері екі жыл бұрын облыс орталығы мәртебесі берілген Түркістан қаласында белсенді жұмыс істеп келеді. Таяуда Түркістанда Rixos қонақүйін ашты. Ресми дерек бойынша, қонақүй құрылысына 7 миллиард теңге кеткен. Қонақүй құрылысына қажет қаржы бюджеттен алынған.

Бұдан бөлек Таминже "Керуен сарай" турист кешенін салып жатыр. Ресми дерек бойынша, нысанды салуға 39 миллиард теңге жұмсалмақ. Құрылыс барысымен премьер-министр Асқар Мамин танысқан. Ашық дереккөздерден Маминнің түрік кәсіпкерінің Қазақстандағы құрылыс жобаларын жиі аралап қайтатын байқауға болады. Таминже өзінің ресми инстаграм парақшасында 2016 жылы сәуірде жариялаған жазбасында сол кезде Қазақстанның транспорт және коммуникация министрі болған Мамин мен бірнеше азаматтың түрік кәсіпкерінің Анталиядағы Kingdom Hotel қонақүйінде болғаны көрінеді. Таминже сурет астына "Шетелдік қонақтарымызға Rixos Legend қонақүйін көрсеттік" деп жазған. Азаттық Қазақстан үкіметінің жетекшісі Асқар Маминнен түрік кәсіпкері Феттах Таминжемен оны не байланыстыратынын сұрады. Мәдениет және спорт министрлігінен келген жауапта "екі тұлғаның қарым-қатынасы тек іскерлік сипатта" деп жазылған.

Таминже – Kazakh Invest ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі. Түрлі дереккөзде Феттах Таминженің Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкер, біраз уақыт Назарбаев істер басқармасына жетекшілік еткен Болат Өтемұратовпен жақындығы айтылады. Мұның қаншалық рас екені белгісіз. Бірақ 2012 жылы Бурабайда ашылған Таминженің компаниясы салған Rixos қонақүйі қазір толықтай Өтемұратовқа тиесілі.

Бизнесмен мемлекеттік деңгейдегі лауазымды тұлғалармен бірге жиналыстарға қатысып тұрады. Мәселен, 2008 жылы шілдеде Бурабайда курорт аймағындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жиналыс өтті. Назарбаев, премьер-министр, президент істері басқармасының басшысы, президент әкімшілігінің жетекшісі, министр, облыс әкімі қатысқан жиында Таминже кәсіпкер ретінде жалғыз өзі болды.

ЕҢ КӨП САЛЫҚ ТӨЛЕГЕН КОМПАНИЯ

Негізінен Таминженің компаниясы салған ғимараттар құрылысын бақылауға көбіне Назарбаев барады. Ашылуына да экс-президенттің өзі қатысады.

Таминже президентпен түскен суреттерін инстаграмдағы парақшасына жиі жариялайды. "Өзіне сенім білдірген Назарбаев пен қазақ халқына" алғыс айтады.

Таминже экс-президенттің қолынан бірнеше рет марапат алған. Мысалы, 2008 жылы Назарбаев бірнеше адамға "Астананың 10 жылдығы" төсбелгісін табыстады. Оның арасында Феттах Таминже де болды. Залда отырғандарға Назарбаев "Мен сіздерді – 1995-1997 жылдары сол кездегі Ақмолаға келіп, бірден жұмысқа кіріскен адамдарды шақырып отырмын" деді.

– Қиын кездер еді. Жағдай болған жоқ. Әрбіріңіз менің есімдесіздер, ешбіріңізді ұмытпаймын, – деді Назарбаев.

2014 жылы ол Астана қаласының құрметті азаматы атанды. Бұл медальді де Таминжеге Назарбаевтың өзі тапсырды.

Феттах Таминже Астана күніне орай Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан марапат алып тұр. Ол Астана қаласының құрметті азаматы деп танылды. 2014 жыл 16 шілде. Сурет Rixos Almaty қонақүйінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан алынды.
Феттах Таминже Астана күніне орай Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан марапат алып тұр. Ол Астана қаласының құрметті азаматы деп танылды. 2014 жыл 16 шілде. Сурет Rixos Almaty қонақүйінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан алынды.

Басылымдар түрік кәсіпкерін "ғимараттарды жылдам салады" деп сипаттайды. Мұның бір сырын Таминженің өзі айтқан.

2010 жылы Reuters агенттігіне берген сұхбатында түрік кәсіпкері 2005 жылы ашылған Rixos President қонақүйі құрылысынан бұрын Назарбаевпен болған әңгімесін еске алады. Таминженің сөзінше, Назарбаев одан "Қонақүйді 2005 жылы өтетін аймақтық саммит қарсаңында аша аласың ба?" деп сұраған. Таминже оған "Бюрократия болмайды деп уәде берсеңіз, үлгереміз" деп жауап берген. Түрік кәсіпкері өзіне Назарбаевтың "сенгенін" айтады.

ТАМИНЖЕНІҢ МАШКЕВИЧПЕН ҚАНДАЙ БАЙЛАНЫСЫ БАР?

Тәуелсіз түрік журналисі Юсуф Явуз Азаттыққа берген сұхбатында Феттах Таминже 2000 жылдарға дейін кілем сатумен айналысқан қарапайым кәсіпкер болғанын айтады. Журналист "Совет одағы тараған соң түрлі елде ықпалды адамдармен қатынас орнатқанан кейін оның дәулеті артты" дейді.

Тек 2017 жылдың өзінде Таминженің компаниясы 17 миллиард теңгеден аса салық төлеп, Қазақстанда құрылыс саласында ең көп салық төлеген компания атанды. Компанияның Қазақстанға төлеген салығы 2014-2017 жылдар аралығында 9,5 есе өскен.

2016 жылы The Black Sea басылымы Таминженің "Қазақстандағы мемлекеттік келісім-шарттар арқасында байығанын" жазды.

Мақалада Таминже басқаратын Sembol және Rixos компанияларының аты құпия сақталған және бір акционері аталады. Ол – Тевфик Ариф. Таминже Rixos қонақүй желісін салуды бастаған 2000 жылдары Арифпен серіктес болған. Мұны Таминженің өзі де растаған. "Бірақ 2007 жылы әріптестігіміз тоқтады" деген.Алайда жария болған құпия құжаттарға қарағанда, Ариф Таминже басқаратын Sembol мен Rixos компаниясының 50 пайыз акциясына ие.

Тевфик Арифтің ұлы Ариф Арифке 2012 жылы әкесінің серіктесі жіберген хаттар Football Leaks журналистерінің қолына түскен. Хатқа 2006 жылы тамызында Таминже мен Тевфик Ариф қол қойған құжаттар тіркелген. Декларацияның бірінде Таминже "компаниялардың акциялары тура және жанама түрде маған және менің отбасыма рәсімделгенімен, Sembol пен Rixos-тың 50 пайызы Тевфик Арифке тиесілі" деп жазады. Әшкере болған хаттарда Таминже Ариф акцияларын "екеуінің құпия келісімі негізінде" өз атымен басқаратын жазған.

Александр Машкевич.
Александр Машкевич.

Таразда туған Тевфик Арифтің есімі 2010 жылы Түркиядағы даулы істе Қазақстандағы ықпалды тұлға, ең бай бизнесмендердің бірі Александр Машкевичпен бірге аталған. Басылымдар Ариф пен Машкевичтің бір кезде Ататүрікке тиесілі болған кемеде жезөшкелермен бірге ұсталғанын жазды. Машкевич – кәсіпкерлер Әлижан Ибрагимов пен Патох Шодиев үшеуі Қазақстан үкіметімен бірге Eurasian Resources Group компаниясына үлескер.

Forbes журналының болжамы бойынша Александр Машкевичтің 3,7 миллиард доллар байлығы бар.

Football Leaks басылымы Арифтің ықпалды үштікпен байланысы және олардың Назарбаевпен жақсы қарым-қатынасы Sembol мен Rixos-тың "Қазақстанда ірі көлемдегі мемлекеттік келісім-шарттар алуына әсер еткен болуы мүмкін" деп болжайды.

Бірақ Назарбаевтың Rixos қонақүйімен таныстығы Қазақстанда емес, Түркияда басталғанға ұқсайды.

НАЗАРБАЕВ ҚОРЫНА ТИЕСІЛІ ҚОНАҚҮЙ

Түркияның Анталия аймағы. Кемер уезі. Жағалауын Жерорта теңізі шайып жатқан Белдиби қалашығы.

1993 жылы Түркия мен Қазақстан билігі осы жағалаудағы орманды алқаптың 67 256 шаршы метрін сауықтыру мен демалыс орны ретінде пайдалануға 49 жылға Қазақстан үкіметіне беру туралы хаттамаға қол қойған. Қаулыны түрік парламенті 1996 жылы мақұлдады.

Түрік журналисі Юсуф Явуз "Қазақстанға бұл жер түбінде Назарбаев иелігіне өткізу үшін берілді" деп жазады.

Түрік журналисі Юсуф Явуз.
Түрік журналисі Юсуф Явуз.

2001 жылы Қазақстанға берілген учаскеде бес жұлдызды Rixos қонақүйінің құрылысы басталады. Қазақстандық журналист Джамиля Маричева 2020 жылдың қаңтарында жарияланған мақаласында "қонақүй салу жобасы мақұлдана сала Қазақстанда құрылысты қаржыландыруға мүмкіндік беретін құжат жасалғанын" жазады. Автор бұл үшін "Алатау" қонақүйі" жабық акционерлік қоғамы құрылғанын айтады. Компанияның жарғылық капиталына қарап, журналист Түркия жағалауындағы қонақүй құрылысына 3,3 миллиард теңге кеткен деп болжайды. Қаржының бір бөлігін сол жылдары компанияның 55 пайыз акциясына ие болған Қазақстан қаржы министрлігіндегі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті береді.

Комитетпен бірге қонақүй акциясына ие екі компания кейіннен, 2012 жылы қазанда өз акцияларын беймәлім шартпен қазір Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева басқаратын Тұңғыш президент қорына өткізеді. Бұл келісімшарттан соң қор қонақүй акциясының 44,9 пайыз акциясына ие болды. 2013 жылы наурызда "Алатау" қонақүйі" компаниясы жалпы құны 6 миллиард теңге болатын акциясын сатылымға шығарған соң Тұңғыш президент қорының үлесі 69,36 пайызға дейін өсті.

Қазір қонақүйге иелік ететін компанияның 30 пайыз акциясы – президент істері басқармасына, қалғаны – Қазақстан тұңғыш президенті қорына тиесілі. Қордың жалғыз құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Назарбаев қорына тиесілі мүліктерге қол сұғылмау мәртебесі берілген.

Маричеваның жазуынша, кезінде Қазақстан қаржы министрлігі құрылысына ақша бөлгенімен, Белдибидегі Rixos қонақүйінен елге табыс түспейді. "2008 бен 2012 жылдары ғана акционерлеріне 30 мың доллар төленген. Бірақ бұл Қазақстанның түрік жағалауына құйған инвестициясымен салыстыруға да келмейді" деп жазады Маричева.

Белдибидегі Rixos қонақүйі және оның артында тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы. Сурет paks4you.ru сайтынан алынды.
Белдибидегі Rixos қонақүйі және оның артында тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы. Сурет paks4you.ru сайтынан алынды.

Түркияның Белдиби қаласындағы бұл қонақүйдің жанында зәулім резиденция бары, бұл ғимарат Назарбаевқа тиесілі екені айтылады. Ашық деректердегі суреттерден оны анық көруге болады. Сондағы қонақүйде болғанын жазған туристер резиденциясының күзеті мықты екенін, ондағы жағалауға жай адамның баруына болмайтынын жазған. Суреттердің бірінде резиденция қоршауын қара матамен жауып қойғаны көрінеді.

– [1998 жылдары] Белдиби деген кішкентай ғана бір туризм мекені еді. Дәл орманның ішінде, әлі қалыптаспаған кедей, көп турист келмейтін, халқы аса көп емес аймақ еді. Өте тыныш, орман ішінде демалуға ыңғайлы, теңіз жағалауында орналасқан мекенде Қазақстан президентінің әкімшілігі үшін, яғни Назарбаевқа арнап екі вилла салынады. Тіпті 1998 жылы жазда Назарбаев, қателеспесем, Әлия есімді қызымен бірге демалуға келеді. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ол жерге ешкімді жолатпайды. Бұл әрекеттер, әрине, біраз жұрттың назарын аударды, – дейді журналист Юсуф Явуз.

Белдибидегі Rixos қонақүйіне иелік ететін «Алатау» акционерлік қоғамының иелері. Скриншот gr5.gosreestr.kz сайтынан алынды.
Белдибидегі Rixos қонақүйіне иелік ететін «Алатау» акционерлік қоғамының иелері. Скриншот gr5.gosreestr.kz сайтынан алынды.

Басым бөлігі Назарбаев қорына тиесілі Rixos-ты салған Феттах Таминже. Түркия Қазақстанға жер бергенде онда бес жұлдызды қонақүй салынатыны жайлы әңгіме болмаған. Таминженің басқа елге берілген жерде рұқсатсыз қонақүй салуы қатты сынға қалды.

– Ол аумақ – бір елдің басшысына берілген жер. Жер оған резиденция, демалыс үйін салу үшін берілді. Яғни, не салынатыны әуелден-ақ белгілі еді. Екі ел қол қойған жер беру туралы келісім ішінде онда бес жұлдызды қонақүй салынады деген бір пункт жоқ. Тек Қазақстан президентіне резиденция салуға болады. Бірақ 2005 жылы онда Rixos Beldibi қонақүйі салынып, жұмыс істей бастаған. Бұл жерде заңсыз қонақүй салу жердің берілу мақсатына қайшы келеді, – дейді журналист.

Түркия үкіметі берген жерде рұқсатсыз салынған қонақүйді Қазақстан үкіметі 2013 жылы заңдастырды. Екі ел келісімі туралы үкіметтің әуелгі қаулысына өзгеріс енгізіліп, құжатқа: "Туризм мақсатында пайдалану үшін бөлінген ауданы 44 954 шаршы метр болатын аталған бөлікті Қазақстан тарапынан үшінші тұлғаларға туризм мақсатында пайдалану үшін беруге болады" деген сөйлем қосылды.

Бұл – құжатқа енгізілген жалғыз өзгеріс емес.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯҒА ЖЕР БЕРУІ

Түрік депутаттары 2013 жылы парламенттегі талқы кезінде Белдибидегі жер иесі саналатын Қазақстан тарабы Түркияға 2001-2010 жылдары қонақүй салығын төлемей келгенін айтады. Қазақстанның Түркияға қарызы 9 млн 483 мың лираға жеткен.

Мұның өтеуі ретінде Қазақстан үкіметі 2013 жылғы қаулыға өзгеріс енгізіп, Түркияға мемлекеттік ғимараттар салу үшін Ақтау қаласынан 7000 шаршы метр және Алматыдан аумағы 2000 шаршы метрге дейінгі екі учаскені 49 жылға жалға береді.

– Феттах Таминже – бұл оқиғадағы бас кейіпкердің бірі. Мысалы, бөлінген жер бір мемлекетке, яғни Қазақстан үкіметінің пайдалануына берілген. Бірақ оның рахатын Қазақстаннан гөрі Таминже көрді. Ол кәсіпкердің бұл жерге не қатысы бар? Жүздеген адамға арналған қонақүй салады. Онысымен қоймай, мемлекетке тиесілі жерді пайдаланып жатыр, тіпті онысы үшін ақша төлемейді. Түркі халқының бәрі білетін бір жәндік бар. "Кене" деп атаймыз. Кейбір жануарға кене жабысады. Үлкен бір сиырдың немесе бұқаның қанын ақырындап сорып өлтіреді. Паразит! Феттах Таминже – екі мемлекеттің арқасына жабысып алған паразит, – дейді Явуз.

Азаттық Антальядағы Rixos кеңсесі мен Феттах Таминженің көмекшісі Озлем Кайнакқа "2000 жылдардың басында Назарбаевқа қонақүй салып беруіңіз, елдегі ықпалды кәсіпкерлермен дос Тавфик Арифпен серіктес болуыңыз Қазақстандағы бизнесіңіздің дамуына қалай әсер етті?" деп сауалхат жолдаған. Әзірге жауап келген жоқ.

Азаттық Таминжемен қарым-қатынасы, елде қымбат нысандарды салуда түрік кәсіпкеріне артықшылық берілуінің себебі туралы сұрап, Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы кеңсесіне Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жөнелткен. Сауалға жауап келмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG