"Навальный" қосымшасы Google Play мен App Store'да ашылмай қалды. Бұл туралы ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың командасы хабарлады.
Қосымшада оппозициялық саясаткердің сайтындағы ақпараттар жарияланады. Ол жерде "Ақылмен дауыс беру" функциясы да бар.
Google Play'ді компьютерден ашқан кезде қосымша істеп тұр. Алайда онлайн-дүкеннің мобильді нұсқасынан ол көрінбейді. Ресейлік "Дождь" телеарнасының хабарлауынша, "Навальный" қосымшасы App Store'да да істеп тұрған жоқ.
Жұма күні Ресейде мемлекеттік дума, губернаторлар, аймақтық және қалалық деңгейдегі депутаттарды сайлау басталды.
Сайлау қарсаңында Роскомнадзор Американың алпауыт IT-компанияларын атап айтқанда, Google, Apple, Cloudflare мен Cisco'ны "Ақылмен дауыс беру" жүйесіне бұғаттаудан сытылып шығуға көмектесті деп айыптаған. Ведомство егер шетел компаниялары бұл әрекетін доғармаса, мұны "шетелдің сайлауға килігуі" ретінде қарастырамыз деп мәлімдеген.
Қыркүйек айының басында Мәскеу соты іздеу тораптарын "Ақылмен дауыс беруді" іздеу нәтижесіне шығармауға міндеттеген. "Яндекс" компаниясы келіскен, ал Google компаниясы сот шешімін орындаудан бас тартқан. Компанияның Мәскеудегі кеңсесіне сот приставтары келген.
ПІКІРЛЕР