Accessibility links

"Сбер дауы": Маминді сотқа берген белсендінің шағымы кері қайтарылды


Белсенді Санавар Закирова. 13 қыркүйек 2021 жыл.
Белсенді Санавар Закирова. 13 қыркүйек 2021 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік соты ресейлік "Сбермен" меморандум жасасқан премьер-министр Асқар Маминді сотқа берген белсендінің шағымын қабылдамады. Бұл туралы 17 қыркүйекте белсенді Facebook парақшасында хабарлады.

16 қыркүйекте шығарылған сот анықтамасында: "Меморандум әкімшілік акт емес – тараптардың әріптестік жайлы келісімі, қоғамдық-құқықтық емес, рекомендациялық сипатқа ие. Аталған меморандумға қол қою әкімшілік әрекет болып саналмайды" делінген судья Құранбек шығарған шешімде. Онда осыған орай, шағымды әкімшілік өндіріс тәртібінде қарауға келмейді деп жазылған.

Белсенді жергілікті БАҚ-қа шешімді апелляцияға беретінін айтқан.

Осы апта басында белсенді Санавар Закирова премьер-министр Асқар Маминнің ресейлік Сбер компаниялар тобының басшысымен Қазақстанның ақпараттық жүйесін ресейлік платформаға көшіру туралы меморандумды заңсыз деп тануды сұраған. Ол шағымда "меморандум Қазақстан Конституциясына қайшы және Қазақстан азаматтарына қауіп төндіреді" деп жазған еді.

3 қыркүйекте Қазақстан үкіметі ресейлік Сбер компаниялар тобымен Қазақстанның цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумға қол қойған.

Бұл меморандум Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары, арасында IT-қауымдастық өкілдері де бар, жоба елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін алға тартып, платформаны отандық немесе батыс компанияларына неліктен сеніп тапсырмады деген сұрақ қойды.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сбер платформасы Қазақстанға "ең қолайлы жүйе" және "ҰҚК талаптарына сәйкес келеді" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, алдын ала есепке сәйкес, жобаға 500 млн доллар жұмсалуы мүмкін, бірақ оның бір бөлігі ғана ресейлік компанияға жұмсалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG