Accessibility links

Әлия Назарбаева Алматыда жаңа кітабын таныстырды. Қалада шара өткізуге тыйым салынған


Қазақстанның бұрынғы президентінің кіші қызы Әлия Назарбаева.
Қазақстанның бұрынғы президентінің кіші қызы Әлия Назарбаева.

16 қыркүйекте кешке Алматыда Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева кітабының тұсаукесері өтті. Қазір Алматы коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұрғандықтан бірқатар шектеулер әлі күшінде.

Індет кезінде қоғамдық шара өткізуге тыйым салынғанына қарамастан (сенбі күні Медеу шатқалында таза ауада топ болып жүгіруге де тыйым салынған) мемлекеттік опера және балет театрында кемінде 40-50 шақты адам қатысқан кеш өтті.

Ресейлік әртіс Максим Галкин жүргізген кешке қазақстандық кәсіпкерлер, актерлар, өзге де танымал тұлғалар қатысқан. Бағдарламада сонымен бірге қазақ халқы аспаптарының оркестрі де өнер көрсеткен.

Әлия Назарбаева Инстаграмдағы парақшасында кітаптың тұсаукесерімен қатар қайырымдылық акциясы өтіп, Қазақстан аймақтарында ағаш отырғызуға ақша жиналғанын да хабарлады.

Тұсаукесер өткен театр өкілдері ұйымастырушыларға қатысы жоғын, тек кеш өткізетін орын бергенін айтты.

Карантиндік шектеу қойған Алматы қаласының тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен Азаттық тілшісі комментарий ала алмады.

Әлия Назарбаеваның жаңа кітабы "Место силы" деп аталады. Автор бұған дейін әлеуметтік желілерде жаңа кітабында "жылдар бойы өзін тебіренткен рухани білімімен" бөлісетінін жазған.

41 жастағы Әлия Назарбаева – бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев пен әйелі Сара Назарбаеваның кіші қызы. Ол түрлі девелоперлік жобалармен, қымбат зергерлік бұйымдардың дизайнымен айналысқан, бірқатар кинотуындылардың продюсері болған. 2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев "Анаға апарар жол" ("Дорога к матери") фильмінің продюсері Әлия Назарбаева мемлекеттік сыйлықты тапсырған.

Биыл швейцариялық басылымдар өз-өзіне қол жұмсаған дәрігердің өлімі туралы мақала басқан кезде Әлия Назарбаеваның да атын атаған. Ақпаратқа қарағанда, дәрігер Еуропада ауқатты адамдарға арналған клиника салғысы келген Қазақстанның бұрынғы президентінің қызына ірі көлемде қарыз болып қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG