Accessibility links

Чехия басшысы Ресей мен Қытайды АЭС құрылысынан шеттететін заңға қол қойды


27 қыркүйекте Чехия президенті Милош Земан Ресей мен Қытай компанияларын "Дукованы" АЭС жаңа блогының құрылысына қатысты өтетін тендерден шеттететін заңға қол қойды. Бұл туралы чех ақпарат құралдары хабарлады.

Жаңа заңға сәйкес, Чехия Дүниежүзілік сауда ұйымының 1996 жылы күшіне енген мемлекеттік сатып алу туралы келісімін мақұлдаған елдердің ғана ядролық технологиясын пайдалана алады. Ресей мен Қытай ол елдердің қатарына кірмейді.

Чехиядағы АЭС-тің жаңа блогын салу немесе жөндеу кезінде рұқсат етілмеген компанияларға тіке немесе жанама түрде қатысы бар технология қолданылмауы тиіс.

"Интерфакстің" жазуынша, "Дукованы" АЭС-ін кеңейтуге өтініш 2020 жылы наурызда жіберілген. Өтініште қуаты 1200 МВт болатын екі жаңа энергоблок салу жоспары көрсетілген.

Чехияда қазір совет үлгісі бойынша салынған екі атом станциясы істеп тұр: "Дукованы" АЭС (ВВЭР-440 реакторымен істейтін 4 энергоблок) және "Темелин" АЭС (ВВЭР-1000 реакторы бар екі блоктық станция).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG