Канадалық заңгер Ричард Маклареннің зерттеу тобы Әуесқой бокс федерациясына (АIBA) қатысты тексеріс жүргізіп, бокс жарыстарында және Рио олимпиадасында федерация басшылары мен судьялар "пара алғанын анықтаған". Зерттеуде Қазақстанның да пара бергені, қазақстандық төрешінің пара сұрағаны айтылады. Бұдан бөлек, зерттеу тобы Рио олимпиадасында қазақстандық Василий Левит төрешілердің теріс әрекетінен зардап шеккен деп санайды. Маклареннің бокс жайлы тәуелсіз зерттеуінде не айтылған?
150 беттен тұратын зерттеуде "AIBA жарыстардағы жеңістер үшін елдер мен боксшыларды бопсалап, жүз мыңдаған доллар сұрағаны" айтылады. Макларен тобы бокстағы жемқорлыққа AIBA-ның 2006-2017 жылғы президенті Ву Чинг Куо мен ұйымның атқарушы директорлары Хо Ким мен Карим Боузидидің қатысы бар деп санайды.
Зерттеушілер AIBA Рио олимпиадасының қарсаңындағы әлем чемпионаттары мен олимпиаданың өзінде жекпе-жек нәтижелеріне "манипуляция жасаған" деп мәлімдеді.
Макларен тобының зерттеуінде 2016 жылы көктемде Қытайда өткен Азиядан олимпиадаға іріктеу жарысында Қазақстан мен Өзбекстан AIBA өкілдеріне ақша ұсынғаны айтылады. Бұл жарысқа Қазақстан ерлер құрамасынан алты, Өзбекстан ерлер құрамасынан алты боксшы қатысып, екі елдің барлық боксшысы олимпиадаға жолдама алған.
"ҚАЗАҚ ТӨРЕШІ МОҢҒОЛИЯДАН ПАРА СҰРАҒАН"
Зерттеушілер 2016 жылы Рио олимпиадасында 60 келінің жартылай финалында Отгондалай Доржнямбуугийн (Моңғолия) мен Софьян Умиа (Франция) арасындағы матчта пара алуға талпыныс болғанын айтады. Маклеран тобының жазуынша, қазақстандық төреші Рақымжан Рысбаев Моңғолия бокс федерациясына барып, "егер ақша бермесеңдер боксшыларың жеңіледі деп сес көрсеткен". Тексеру жүргізгендер Рысбаевтың Моңғолиядан сұраған ақшаның сомасы 100 мың-250 мың доллардың арасы деп отыр. Моңғолия бокс федерациясы "пара беруден бас тартқан".
Зерттеу тобы бұл фактіні куәгерлердің сөзі және аудиожазба арқылы анықтағанын айтады. Макларен зерттеуінде Рысбаевтың аудиосының мәтіні берілген. Мәтінде былапыт сөздер көп байқалады.
Рысбаев: Келіскеніміз бұл емес еді ғой... Сен (былапыт сөз) анау адамдарыңа түсіндір, ол (былапыт сөз) ішетін болса (былапыт сөз) біз оны, сені және моңғолдарды, сендердің төрешілеріңді қуып жібереміз (былапыт сөз).
Моңғолиялық куәгер Макларен тобына "Рысбаев әңгіме кезінде Халықаралық олимпиада комитетінен де биікпін, боксшыларыңды ұшырып жіберемін" деп қоқаң-лоқы жасағанын айтқан.
"[Моңғолия] пара беруден бас тартқан, нәтижесінде, Рысбаев ескерткендей моңғолиялық боксшы жартылай финалда төрешілер шешімімен 3:0 есебімен жеңілген" деп жазылған зерттеуде.
РЫСБАЕВ НЕ ДЕЙДІ?
Азаттық төреші Рысбаевқа хабарласып, Макларен зерттеуі жайлы сұрады. Ол өзі жайлы айтылғандармен келіспейді және Моңғолияның өзі маған пара ұсынды деп отыр.
- Олардың өтірік ойдан шығарғандары ғой... Олар менен сұраған, мен оларға "ешкімнен ештеңе сұраған жоқпын" деп айттым. [Аудионы] көргем жоқ, естіген жоқпын. Ол менің дауысым ба, басқа біреудің даусы ма, білмеймін ғой. Қазір "голосовоймен" бәрін шығара береді ғой. Моңғолдардың төрешісі маған шығып, "ұлттық федерация қысым жасап жатыр, көмектесші, 100 мың доллар беруге дайынбыз" деген. Оларға "жақсы, айтып көремін" дедім. Солай-солай деп айттым. Бірақ "ешқандай көмек жасай алмаймыз" деді. Кейін оларға (Моңғолияға – Ред.) "ешқандай көмек болмайды" деп жауабымды айттым. Болды, сонымен тақырып жабылған. Мен оны шешетін кіммін? Мен тек төрешімін, - дейді ол.
Рио олимпиадасы аяқталар тұста Рысбаев бокс кездесулерінде төрелік етуден шеттетілген еді.
ЛЕВИТ-ТИЩЕНКО МАТЧЫНДАҒЫ "МАНИПУЛЯЦИЯ"
Макларен тобы Рио олимпиадасында кемі 11 жекпе-жектің нәтижесі бұрмаланған дейді. Бұл жекпе-жектердің арасында 91 келідегі финал – ресейлік Евгений Тищенко мен қазақстандық Василий Левит кездесуі бар. Осы финалда Левит жеңіліп, күміс медаль алған. 91 келідегі финалдан соң шу шығып, жекпе-жекте төрелік еткен бес төреші жарыстан шеттетілген еді. Бірақ Левит-Тищенко кездесуінің нәтижесі өзгеріссіз қалды.
Макларен Левит-Тищенко жекпе-жегінен "манипуляция белгілері" анықтаған. Рио ойындарында жеребе комиссиясының мүшесі болған Тед Таннер Макларен тобына жекпе-жектер қалай бұрмаланатынын айтып берген.
"Жекпе-жекке манипуляция жасау үшін бес төрешінің ринг айналасындағы орны өте маңызды рөл атқарған. Бірінші позицияда отырған төрешінің қалған төрт төрешіге ықпалы зор болған. Бес жұлдызды төрешілер көбіне бірінші позицияға отырған" деп жазылған зерттеуде.
Макларен тобы "Рио ойындарында ирландиялық бес жұлдызды төреші Майкл Галлахер олимпиада кезінде 29 жекпе-жекте төрелік етіп, оның 20-сында бірінші позицияда отырған. Бұдан Галлахердің маңызды жекпе-жектердің нәтижесіне ықпал етуге таңдалғанын байқауға болады" деп мәлімдеді.
Дәл осы Галлахер Левит-Тищенко жекпе-жегінде бірінші позицияда отырған.
Рио ойындарында жеребе комиссиясының мүшесі болған Тед Таннер Макларен тобына берген сұхбатында "Левит пен Тищенко жекпе-жегіне осы бес жұлдызды төрешіні қойғанда-ақ нәтиже бұрмаланатынын бірден сездім. Мен төрешілердің таңдалуымен келіспеген едім" дейді.
"ҚАЗАҚСТАН 10 МЛН ДОЛЛАР АУДАРҒАН"
Канадалық заңгер басқаратын топ "бокстан әлем чемпионаты мен басқа да халықаралық жарыстарды ұйымдастырған елдердің, AIBA-ға қаржылай көмек жасаған елдердің көп жүлде алуға мүмкіндігі болған" деп мәлімдеді.
" 2011 жылы Бакудегі әлем чемпионатында AIBA-ның [сол кездегі] атқарушы директоры Хо Ким төрешілерге "егер жекпе-жек тең болып қалса, AIBA-ға инвестиция құйғандардың, жарысты ұйымдастырушы елдің боксшыларына жеңісті беріңдер" деп тапсырған. 2010 жылы Әзербайжан AIBA-ға 10 миллион доллар қаржы берген. Осылайша AIBA өз тарихында алғаш рет бір елден қаржы алған. Артынша Қазақстан да 10 миллион доллар ақша берген. Осыдан соң төрешілерге жекпе-жекте қазақ пен әзербайжан боксшыларына көп жеңіс беру тапсырылған" дейді зерттеушілер.
Қазақстан бокс федерациясы Макларен зерттеуіне қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. 2010 жылдары Қазақстан бокс федерациясын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы әрі елдегі миллионерлердің бірі Тимур Құлыбаев басқарған еді. Ол 2019 жылы бокс федерациясы президенттігінен кеткен.
Бұл – Макларен тобының AIBA-ға қатысты тексерісінің алғашқы бөлігі. Келесі екі бөлігі қараша мен 2022 жылдың наурызында шығады деп жоспарланған. Макларен тобына зерттеу жүргізуге AIBA-ның қазіргі басшылары тапсырыс берген. Осы зерттеу қорытындысынан соң AIBA-ның қазіргі басшылығы нақты шешім қабылдамақ.
Рио олимпиадасындағы бокс нәтижелеріне күдік туындап, 2017 жылы сол кездегі федерацияның президенті Ву Чинг Куо бокстан аластатылған еді. Кейін Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) AIBA-ны Токио олимпиадасын ұйымдастыру құқығынан айырған. Токиодағы бокс жарысын ХОК өзі ұйымдастырды.
Макларен тобы осыған дейін Ресейдегі допинг саясатына қатысты зерттеу жүргізіп, Мәскеу допингті билік деңгейінде қолдап келген деп мәлімдеген. Осыдан соң ХОК шешімімен Ресей 2018 жылғы Пхенчхан қысқы олимпиадасына және биылғы Токио олимпиадасына тусыз және әнұрансыз қатысты.
Бұдан бөлек, Макларен ауыр атлетика мен жеңіл атлетика айналасындағы допинг дауларында зерттеп, екі спортта да допинг былықтары болғанын анықтаған.
ПІКІРЛЕР