Accessibility links

АҚШ елшілігі: Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қолдаймыз


Қытайда қамалған үш ұлын елге қайтаруды талап етіп жүрген 65 жастағы зейнеткер Халида Ақытханды полицей газельге күшпен отырғызып жатыр. 1 қазан 2021 жыл.
Қытайда қамалған үш ұлын елге қайтаруды талап етіп жүрген 65 жастағы зейнеткер Халида Ақытханды полицей газельге күшпен отырғызып жатыр. 1 қазан 2021 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап етіп, сегіз айға жуық Қытайдың Қазақстандағы өкілдіктері алдында наразылық білдірген азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қолдайды. 1 қазанда АҚШ елшілігінің Twitter парақшасында хабарлама жарияланды.

"АҚШ дипломатиялық миссиясы Шыңжаңдағы жақындары жайлы ақпарат іздеген азаматтардың бейбіт және еркін жиналу құқығын қолдайды. Мұны бұған дейін де айтқанбыз. Бейбіт жиынға шыққандарды ұстау – Қазақстан азаматтарына әділдікке қол жеткізіп, жақындарының бостандыққа шығуына септеспейді" делінген хабарламада.

АҚШ елшілігінің хабарламасы Қытайда қамалған туыстарын қайтаруды талап еткен 10 адамның Нұр-Сұлтанда ұсталып, жалпы жиынтығы миллион теңгеге жуық айыппұл алған күні жарияланды. 1 қазанда – Қытайда мемлекеттік мереке тойланатын күні Нұр-Сұлтанда туыстарына араша сұраған он адам уақытша қонып жүрген үйлерінің алдында ұсталды. Кейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" әрқайсысына 100 мыңнан астам айыппұл салынды (екі адамға 61 және 43 мыңнан айыппұл салынған).

Оларға өткен аптада миллион теңгеге жуық айыппұл салынған еді. Тұрақты жұмысы жоғын айтқан наразылар айыппұлды төлей алмайтынын айтып, жылу жинай бастаған.

Бірақ олар туыстарын қайтармайынша акцияны тоқтатпайтынын айтып отыр.

АҚШ елшілігі бұған дейін де Қытайдағы қысымды айыптап, "бейбіт түрде өз ойларын білдіру үшін жиналған адамдарды қамауға болмайтынын" мәлімдеген.

  • Наразылар Шыңжаңда қамалған немесе қайта алмай отырған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етеді. Олардың сөзіне қарағанда, Қытай билігі туыстарын жазықтан-жазықсыз сотсыз қамап, қудалаған. Кейбірін үйқамақта ұстап, Қазақстанға баруына тыйым салған.
  • Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG