Accessibility links

Бразилиялық "қазақтар", ел чемпионатындағы бәсеке. Қазақстан футзалының феноменіне не себеп?


Қазақстан футзал құрамасы Литвадағы әлем кубогында. 2021 жылдың қыркүйегі.
Қазақстан футзал құрамасы Литвадағы әлем кубогында. 2021 жылдың қыркүйегі.

Қазақстан футзал құрамасы Литвада аяқталған әлем кубогында үздік төрттікке енді. Бразилиядан келген легионерлер мен жергілікті қазақтардан құралған құрама жартылай финалға дейін жетіп, бұл жетістік қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Қазақстан құрамасы бұл жетістігіне қалай жетті? Әлем кубогындағы нәтиже Қазақстан футзалының дамуына қалай әсер етпек?

Литвадағы әлем кубогы алдында сарапшылар да, букмекерлік кеңселер де Қазақстанды жартылай финалға шығатын құрамалар арасына қоспаған еді. Бірақ бразилиялық маман Пауло Рикардо Фигейро Силва (Кака) жаттықтыратын Қазақстан құрамасы жартылай финалға жетіп, үздік төрттікке енді. Ширек финалда Қазақстан Ираннан (2016 жылғы әлем кубогының қола жүлдегері, Азияның 12 дүркін чемпионы) 0:2 есебімен жеңіліп жатып, 3:2 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда Португалиямен 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти сериясынан жеңіліп қалды (Португалия әлем кубогының финалында Аргентинаны 2:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды).

Қолаға таласта Қазақстан футзалдан әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилиядан жеңілді – 2:4. Қазақстандық жанкүйерлердің басым бөлігі футзалшылар жүлде ала алмаса да, оларға "тамаша эмоция сыйлағаны үшін" алғыс айтып жатыр. Қазақстан құрамасы сапында Бразилиядан шақыртылған үш легионер – Игита (қақпашы), Дуглас, Тайнан ойнады. Қалған 13 ойыншы Қазақстанда туған.

Бразилиядан келген Игита бірнеше рет "әлемнің үздік қақпашысы" атанған (Сурет kff.kz сайтынан алынды).
Бразилиядан келген Игита бірнеше рет "әлемнің үздік қақпашысы" атанған (Сурет kff.kz сайтынан алынды).

Қазақстан бұған дейін 2016 жылы Еуропа чемпионатында қола медаль, 2018 жылғы Еуропа біріншілігінде 4-орын иеленген. Қазір Қазақстан UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) рейтингінде Испания, Ресейден кейінгі 3-орында тұр.

Бразилиялық легионерлер легі Қазақстанға алғаш рет 2010 жылы келе бастады. Олар алдымен алматылық "Қайрат" командасы сапында ойнап, кейін Қазақстан азаматтығын алып ұлттық құрамада ойнай бастады.

"ФУТЗАЛҒА ДЕГЕН МАХАББАТ" ҺӘМ "ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП"

Қазақстандық сарапшылар футзалдағы жетістікті бірнеше себеппен байланыстырады. Футзалдан әлем кубогының матчтарын жүргізген комментатор Уәлихан Қосанбай Бразилиядан келген футзалшылар қазақстандық футзалшылардың дамуына орасан зор әсер етті деп санайды.

- Бразилиялық легионерлер өздерінің тәртіптерімен, жаттығуға деген көзқарастарымен қазақстандық футзалшыларға үлгі болды. Осы легионерлер Бразилияда футзалдың қандай екенін көріп келді. Қалай нәтижеге жету керегін көрді. Бұдан бөлек, құрамадағы ойыншылардың – футзалға деген махаббаты және алматылық "Қайрат" футзал клубының дамуы да әсер етті, - дейді ол.

Қазақстан футзал құрамасы Литвадағы әлем кубогында. 2021 жылдың қыркүйегі.
Қазақстан футзал құрамасы Литвадағы әлем кубогында. 2021 жылдың қыркүйегі.

Ал спорт шолушысы Айдос Рымқұл Қазақстан футзалына легионерлер тарту жергілікті ойыншылардың дамуына көп әсер етті деп біледі.

- Басқа спорттарға легионерлер тартқанымызбен аса үлкен нәтиже болмап еді, бірақ футзалға Бразилиядан ойыншылардың келуі оң әсерін берді. Бразилиядан легионер шақыра бастаған алматылық "Қайрат" командасы еді және Қазақстанға Бразилияның мықты ойыншылары келді. Осының бәрі жергілікті ойыншылардың өсуіне әсер етті. Литвада ойнағандардың басым бөлігі Қазақстанда туған ойыншылар. Қазір құрамадағы Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Дәурен Нұрғожин, Ақеділ Мадияровты еуропалық кез келген клуб таласа алады. Ал жанкүйерлер Бразилиядан келгендерді "бразилиялық қазақтар" деп атап кетті. Бұдан бөлек, Қазақстан ішкі чемпионатында бәсеке жоғары. Қазір Қазақстан біріншілігі Еуропадағы ең үздік төрт чемпионат қатарына енеді. Қазақстан, Португалия, Испания және Ресейден ғана Еуропа чемпиондар лигасына екі клуб қатыса алады, - дейді ол.

ҚАЗАҚСТАН НӘТИЖЕСІН ҰСТАП ТҰРА АЛА МА?

Уәлихан Қосанбай Қазақстанның әлем кубогында үздік төрттікке енуіне бапкерлердің де жұмысын атайды.

- Кака бапкердің Қазақстанға қосқан үлесі көп. Эмоцияналды бапкер, ойыншыларға мықты мотивация бере біледі. Қазақ жігіттеріне жақсы болды, кейбір спортта қазақ спортшылар эмоцияны шығара алмай жатады. Ал Кака эмоция шығарып, ойыншылардың көзіндегі отты жаға алады. Сондай-ақ Каканың көмекшісі украиналық Сергей Коридзенің еңбегін атап өткен жөн. Коридзе қарсыластарды зерттейді, ал Кака соған қарай тактика құрады, - дейді ол.

Ал Айдос Рымқұл Қазақстан құрамасының футзалдағы жетістігі бұл спорттың елде әріқарай "бум" болатынына сенім білдіреді. Ол Қазақстан футзал құрамасындағы жеңіс алда да жалғасады деп есептейді.

- Қазақстан 2022 жылы Нидерландта өтетін Еуропа чемпионатына қатысады. Осы жарысқа іріктеуде Қазақстан топтағы қарсыластары Беларусь, Венгрия және Израильді жеңіп, бірінші орынмен шықты. Резерв бар. Литвада ойнаған қазақстандық ойыншылардың көбі 20 жастан енді асқан. Биылғы әлем кубогынан кейін футзалға қызығушылар да артады, демеушілер де көбейеді, - дейді Айдос Рымқұл.

Қазақстан футзалдан әлем кубогына осымен үшінші рет қатысты. 2000 жылы Гватемалада өткен әлем чемпионатында топтан шыға алмаған. Ал 2016 жылғы әлем біріншілігінде 1/8 финалда Испаниядан жеңілген. Келесі әлем кубогы 2024 жылы өтеді. Жарысты ұйымдастыратын ел енді анықталмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG