Accessibility links

Тоқаев ЕО өкілдерімен кездесті. Белсенділер саяси тұтқындарды босатуды, шенеуніктердің активтерін бұғаттауды сұрады


Алматыда Азаматтық форум өтеді деген орында саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған белсенділер. 5 қазан 2021 жыл. Мейірхан Әбдіманаповтың Facebook парақшасынан алынған скриншот.
Алматыда Азаматтық форум өтеді деген орында саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған белсенділер. 5 қазан 2021 жыл. Мейірхан Әбдіманаповтың Facebook парақшасынан алынған скриншот.

5 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуроодақтың Адам құқығы жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмор мен Орталық Азия бойынша өкілі Тери Хакаланы қабылдады.

Ақорда сайтының хабарлауынша, кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық, аймақ қауіпсіздігі мәселелерінен бөлек, Қазақстандағы саяси реформалардың барысын да талқылаған. Бірақ нақты қай мәселелер жөнінде сөз болғаны хабарламада айтылмайды.

Онда Имон Гилмор мен Тери Хакала 6 қазанда Алматыда өтетін "Орталық Азия – Еуропа Одағы" азаматтық форумына қатысатыны да жазылған.

Нұр-Сұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуроодақ өкілдерін қабылдап жатқан кезде астана мен Алматыда бірнеше белсенді саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, ЕО-ны Адам құқығын бұзуға қатысы бар қазақстандық шенеуніктерге санкцияға салуға шақырды.

Facebook'та белсенділер жариялаған видеода Нұр-Сұлтанда бірнеше белсендінің Еуропарламенттің Қазақстандағы өкілдігіне барып, талаптарын айтып жатқаны көрінеді.

"Біздің талабымыз – саяси тұтқындарды босату, Еуропарламенттің ақпан айындағы резолюциясы шарттарын орындамай отырған Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктеріне санкция салу" дейді белсенділер.

Олар көтерген плакатта "санкция салынуы тиіс шенеуніктердің" тізімі де жазылып тұрды. Арасында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бар.

"Мен Назарбаев отбасының барлық мүшелерінің мүліктерін, есепшотттарын бұғаттауды талап етемін. Қазіргі заң шығару органдарында отырған депутаттар заңсыз жұмыс істеп жатыр. Заңсыз парламентті таратсын!" деді жиналғандардың бірі. Олар елде адам құқығы сақталмай отырғанын айтты.

Шараны белсенділер тобына жатпайтын екі адам түсіріп тұрды. Олар аты-жөндерін айтпады. Есіл аудандық әкімдігінің өкілі келіп, шараның заңсыз екенін ескертті.

5 қазанда осыған ұқсас акция Алматыда Азаматтық форум болады делінген қонақ үйдің алдында өтті. 15 шақты адам қалада "саяси іс бойынша айыпталған" "13 белсендінің ісі" жүріп жатқанын айтып, форумға қатысатын Еуроодақ өкілдерінің назарын елдегі саяси қудалау мәселесіне аударғысы келетінін айтты.

"13 белсендінің үстінен іс заңсыз қозғалған. Жарияланбаған сот шешіміне негізделген. Іс жабылуы керек. Айыпталушыларға моральдық-материалдық өтемақы төленсін. Осы үнімізді жеткізгіміз келеді" деді жиналғандардың бірі белсенді Мейірхан Әбдіманапов.

Әкімдік өкілі келіп, Әкімшілік кодекстің 488-бабын ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") алға тартып, шараның "заңсыз" екенін ескертіп еді, белсенділер "ол бап Конституцияға қайшы" деп тыйып тастады.

  • Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды адам құқығының жағдайына байланысты жиі сынайды. Биыл ақпанда Еуропарламент басым көпшілік дауыспен Қазақстандағы адам құқықтары жөнінде қарар қабылдаған. Қарарда елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуы, сайлаудағы әділетсіздік, түрмедегі азаптау, белсенділерді қудалау сияқты адам құқығын бұзу фактілері айтылған. Бұл қарарды жергілікті сарапшылар мен құқық қорғаушылар "кейінгі жылдардағы ең обьективті құжат" деп атаса, билік "теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" деген.
  • Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы 23 қыркүйекте таратқан елдегі саяси қуғын-сүргін туралы мәлімдемесінде Алматыда өтіп жатқан 13 белсендінің сотын "оппозиция жақтастарын саяси қудалау науқанының шарықтау шегі" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG