"АЛТЫН АЛМАЙ ТЫНБАЙМЫН"
Ослода әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова (72 кг) финалда жапон Масако Фуруичиден жеңіліп, күміс медаль иеленді. Фуруичи – Бақбергенова үшін ыңғайсыз қарсылас, екеуі осымен төртінші рет белдесіп, үшеуінде қазақ балуаны жеңіліп қалды.
"Ағайым (бапкерін айтады – ред.) екеуміз алтын аламыз деп ойлаған едік. Күміске көңілім толмайды. Финалда жеңіліп қалған соң күміс медаль қола жүлде сияқты көрінеді екен. Енді олимпиада ойындары мен 2022 жылы өтетін Азия ойындарына дайындаламын" деді Бақбергенова финалдан соң Qazsport арнасына.
Ал жақында ғана жастар арасында әлем чемпионы атанған Нулифар Раимова жүлдесіз қалғанына өкініп, "өз қателігім болды, күресуге болатын еді" деп көзіне жас алды.
Дегенмен әйелдер күресінен Қазақстан балуандары 2012 жылдан бері әлем чемпионатының финалына алғаш рет шықты. 2012 жылғы әлем біріншілігінде Гюзаль Манюрова күміс медаль иеленген еді.
Әйелдер күресінен Ослодағы жарысқа қатысқан қазақстандық қалған жеті балуан елге жүлдесіз оралды.
Ал грек-рим күресінен 33 жастағы Алмат Кебіспаев (67 кг) ғана қола медаль иеленді. Ол жартылай финалда Назир Абдуллаевтан (Ресей күрес федерациясы) жеңіліп, финалға шыға алмады. Қола медальға таласта түрік Мурат Фиратты жеңді. Кебіспаев әлем чемпионатында осымен бесінші рет жүлдегер атанды. 2011 жылы күміс, 2010, 2015 және 2019 жылдары қола медаль алған.
2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты финалына шыққан Қорлан Жақанша (55 кг) Ослода екінші айналымда жеңіліп қалды. Ол жарыстан соң Qazsport арнасына берген сұхбатында "әлем чемпионатынан я Азия чемпионатынан алтын алмай тынбаймын" деді. Бірнеше халықаралық жарыстың жеңімпазы Айдос Сұлтанғали де Ослодағы жеңілісінен соң "халықтан кешірім сұраймын, өте өкінішті" деді.
Еркін күрестен Ослоға барған тоғыз балуан да үштікке ене алған жоқ. Балуан Әлішер Ерғали "еркін күрестен әлем чемпионатынан медальсыз қайтқанымыз өкінішті" деді.
Қазақстан күрес түрлерінен әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. 28 жылдың ішінде бұл ел еркін күрес пен әйелдер күресінен әлем біріншілігінде я олимпиада ойындарында алтын алмаған. Ал грек-рим күресінен 22 жыл бұрын, 1999 жылы қазақстандық балуан Мхитар Манукян әлем чемпионы болған еді. Содан бері Қазақстан грек-рим күресі балуандары әлем біріншілігінде жеңіске жете алмай келеді.
Сарапшылар мен жанкүйерлер Қазақстан күрес құрамасының Токио олимпиадасындағы нәтижесін де өте нашар деп бағалаған. Жапониядағы олимпиадада Қазақстан күрестен тек бір қола медаль алған. Бұл медальды еркін күрестен Нұрислам Санаев (Ресейдің Тыва республикасында туған, кейін Қазақстан құрамасына ауысқан) иеленді.
Токиодағы сәтсіздіктен соң сарапшылар күрес федерациясына, бапкерлер құрамына түбегейлі өзгеріс керегін айтқан еді. Бірақ Қазақстан күрес федерациясы олимпиададан кейін құрама бапкерлерін өзгерткен жоқ. Ал Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының жетекшісі Елсияр Қанағатов Азаттыққа күрес бапкерлеріне қатысты шешім әлем чемпионатынан кейін қабылданатынын, Ослодағы әлем чемпионатының нәтижесіне қарайтындарын айтқан еді.
"ҚЫРҒЫЗСТАННАН ҮЙРЕНУ КЕРЕК, ҰЯЛАТЫН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ"
Бірнеше халықаралық жарыстан, Азия ойындарынан хабар таратқан спорт шолушысы Бек Төлеуов күрестен 22 жылда алтын алмау сұмдық жағдай деп бағалайды.
- 2019 жылы астанада өткен әлем чемпионатында күрестің үш түрінен, яғни 18 салмақтың біреуінен алтын алмағанда жақын арада әлем чемпионы шыға қоймас деп ойлап едім. Сондықтан Ослодағы біріншіліктен ештеңе күтпедім. Қазақ балуан халық дейміз, бірақ кейінгі жылдары кімді айта аламыз? Күрестен 22 жыл бойы бірде-бір чемпион шықпау – сұмдық жағдай. Қазір күрестен алтын алмау үйренішікті болып барады. Ешкімнің жаны ауырмады. Балуандардың жаттығу залына барсаң барын салып жатады, бірақ нәтиже жоқ. Басшылардан себебін сұрасаң, ештеңе айта алмайды, нақты түсіндіре алмайды. Еркін күресте Дағыстан, АҚШ, Иран балуандарына төтеп беру қазір оңай емес, - дейді ол.
Бек Төлеу күресті жандандыру үшін жаңа көзқарас пен жас мамандар қажет деп біледі. Ол Ослода екі алтын, екі күміс, екі қола алған Қырғызстан құрамасымен бірге жаттығудан ұялмау керек деп санайды.
- Балуандардың көбі психологиялық тұрғыда әлсіз. Финалға жетіп, күмісті қанағат тұтып қалады. Кейін сенің күмісің біз үшін алтынмен бірдей деген әңгіме басталады. Мамандарды күресі дамыған елдерге тәжірибе алмастыруға жіберу керек. Басқаны қойып, Қырғызстанға барып үйрену керек. Ұялатын ештеңе жоқ. Сосын ішкі чемпионат пен олимпиадаға баратын құрамаға әділдік орнамай, ештеңе оңала қоймас. Грек-рим күресінен Ермұрат Тасмұратов (Рио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері – ред.) Қазақстан құрамасына ене алмай Өзбекстанға кетті. Көп балуанға мүмкіндік бермей жатады, - дейді спорт сарапшысы.
Күрес тақырыбында жазып жүрген журналист Серік Қантаев ішкі чемпионаттағы бәсекелестің төмендігі әлемдік жарыстардағы нәтижеге әсер етіп жатыр деп есептейді.
- Қазір ішкі бәсекелестік әлсіз, оның үстіне жарқ етіп көрінген балуанға қолдау аз екенін мойындауымыз керек. Алмат Кебіспаев күресетін емес, бапкер болатын жаста. Алайда ішкі біріншілікте Алматты кім айқын басымдықпен жеңіп жатыр? Мысалы, Алмат ересектер арасында күресуді бастағанда оның салмағында кімдер болды? Нұрбақыт Теңізбаев (Пекин олимпиадасының күміс жүлдегері), Ермек Көкетов (2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері), Ербол Қоңыратов (2012 жылғы Азия чемионы) сынды балуандар болды. Қайсын әлем чемпионатына апарсаңыз да жүлдеге үміттенуге болатын еді. Бүгінде ондай таңдау жоқ. Жас балуандар жарқ етіп шықса, кейін олардан көз жазып қаламыз. Бапкерлеріміз де уақытында, дер шағында балуанды пайдалана алмайтындай. Мәселен, 2018 жылы ел біріншілігінде ағайынды Ернар мен Ернұр Фидахметовтер екі салмақта чемпион болды. Бірақ сол кезде оларға жол ашқан, бағалаған бапкер сирек болғаны жасырын емес. Шеттегі жарыстардың көбінен тыс қалды. Олардың орнына басқа балуандарды апарды, - дейді ол.
Спорт статистикасын жинаумен айналысатын жанкүйер Анық Көкенайұлы Ослодағы нәтижені өте сәтсіз деп бағалап, "Ослодағы жарыс бұрынғы жаттығу, бұрынғы тәсіл, бұрынғы жүйе дұрыс емесін көрсетті" деп санайды.
- Меніңше, Алматтың қоласына қуануға болмайды. Ол талай әлем чемпионатына барды, Рио олимпиадасында медальға сынық сүйем жетпей қалды. Қазір тәжірибесі толықты, бірақ ешқандай дұрыс нәтиже шығара алмады. Ел ішінде бәсекелестік жоқ. Бір салмақта кем дегенде 3-4 балуан болу керек. Әлем чемпионатына, олимпиадаға бір балуанды ғана дайындайды. Сол үшін аудан, облыс, республикалық біріншілікті әділ өткізсе, нағыз талантты балуан соның ішінен шығар ме еді, - дейді спорт жанкүйері.
Ослодағы әлем чемпионатында медаль саны бойынша үздік бестікке Иран (7 алтын, 3 күміс, 3 қола), АҚШ (5-5-5), Жапония (5-3-4), Ресей (4-5-9) және Қырғызстан (2-2-2) енді. Қазақстан бір күміс, бір қоламен жалпы есепте 15-орында.
2022 жылғы әлем чемпионаты Белградта (Сербия) өтеді.
ПІКІРЛЕР