"БЕЛІН СЫНДЫРҒАН, БАСЫНА ЕКІ РЕТ СОҚҚЫ ТИГЕН". АБАЙСЫЗДАН БОЛҒАН ӨЛІМ ЕКЕНІ РАС ПА?
Екі баланың әкесі Руслан Карашев шағын кәсіп ашпақ болған. Ол жиһаз фабрикасындағы жұмысынан шығып, досымен бірге жеке іс бастау үшін банктен несие алған. 2020 жылғы 11 қарашада Руслан бірге жұмыс істейміз деп келіскен досы екеуі моншаға барған. Олар 17:00 шамасында моншадан шығып, ары қарай әркім өз шаруасымен кеткен. Кейінірек тергеу барысында Карашевтың таксиге отырып, телефон арқылы айтылған мекенжайдағы үйге барғаны анықталған. Руслан сол үйдің ауласынан өлі табылған. Сот-медицина сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның денесінде сау жері болмаған.
– Сол күні үйде екі баламен жалғыз отырғам. Кенже балам – екі айлық, үлкен қызым бес жаста болатын. Сағат 20:05-те полиция қызметкерлері есік қақты. Олар бірден "күйеуің нашақор екен, есірткіні мөлшерден тыс пайдаланып, көз жұмды" деді. Үйге бес полиция қызметкері кіріп, күйеуімнің қол сөмкесін лақтырып жіберді. Сөмкесі әбден лайға батқан екен. "Қайдағы нашақор? Ешқашан есірткіге әуес болған емес" дедім. Жылап-сықтап, күйеуімнен айырылып қалғаныма сене алмадым: сегіз жыл бірге тұрдық, екі баламыз бар. Полиция қызметкері "Немене деп басымды қатырып тұрсың? Қағазға қол қой. "Нашақор" дедім, болды" деп кесіп айтты, – дейді Русланның әйелі Ольга Карашева.
Полиция қызметкерлері әкелген қолсөмкеде марқұмның телефоны болған. Ольга телефонды тексеріп, күйеуі несие алған банк қосымшасы өшірілгенін көрген. Ол учаскелік полиция қызметкеріне хабарласып, жағдайды түсіндірген.
– Ертеңіне орталық полиция бөлімшесінен Д.Б. есімді қызметкер келді. Ол үйге кіріп, не болғанын сұрады. Телефонды алып, банкке хабарласты. Күйеуімнің атынан сөйлесіп, келісімшарт нөмерін айтты, банк оған құпиясөз жіберді. Осылай қосымшаны қайта жүктеп алды. Ақша операциялары тарихын қарасақ, соңғы рет 20:02-де 120 мың теңге жіберіліпті. Ал күйеуім 18:45-те қайтыс болған, – дейді Ольга.
Сол күні, 12 қарашада дәрігерлер мәйітті зерттеп, марқұм есірткіні көп мөлшерде пайдаланудан емес, басқа себептен көз жұмған болуы мүмкін деген қорытындыға келген.
– Дәрігерлер бірден "шажырқайы (құрсақ қуысындағы мүшелерді бекітіп, ұстап тұратын сіңір – ред.) зақымданып, ішіне қан кеткен" деді. Шажырқай жарақатынан өлген. Сот-медицина сараптамасын жүргізген дәрігер осылай айтты, – дейді Ольга.
Ольга осыдан кейін полиция "кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғайды деп ойлаған. Бірақ полицейлер "Руслан нашақор болған, есірткіні көп мөлшерде пайдаланғаннан өлген" деген сөзінен танбаған. Ольга олай болуы мүмкін емесін түсіндіруге тырысқан: біріншіден, Руслан солақай болмаған, сол қолының саусақтары кесілген, ал ине оң қолына салынған; екіншіден, шприцтен саусақ, тер және май ізі табылмаған, бұл инені басқа біреу салғанын дәлелдейді; үшіншіден, марқұмның денесінде осыдан басқа ине ізі болмаған.
– Олар "нашақор" деп істі жауып тастамақшы болды. Шағым жаздым: оны әбден ұрып-соққан, денесі қанталаған, қабырғасындағы ұйыған қан ізінің қалыңдығы екі сантиметрге жетеді, қолтығы мен шынтағында соққыдан қалған сопақша келген іздер бар, оның да диаметрі көрсетілген. Белін сындырған, басына екі соққы тиген. Олар осының бәрін тыңдағысы келмеді. "Есірткі табылды, болды" деді.
Ольга прокуратураға шағым жазған. Істі "абайсызда болған өлім" бабына ауыстырған. Марқұмның жесірі бұған келіспеген. Ол күйеуінің кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Ольга тағы да шағым жазып, мәйітті қазып алып, қайта тексеруді сұраған.
– Мәйітке сот-медицина сараптамасын жүргізген кезде бастан-аяқ қатысып, бәрін көзіммен көрдім. Тексеру қосымша қанталаған, көгерген іздер барын анықтады. Күйеуім бұл жарақаттың бәрін өлерінен бір сағат бұрын алған. Шажырқайы екі жерден зақымданған: біреуінің диаметрі – 1,8, екіншісінікі – 2,8 сантиметр, – дейді марқұмның әйелі.
Комиссия "Бірінші сараптама нәтижесінде өлім себебі деп тіркелген шажырқай жарақаты марқұмның өлерінен үш-төрт күн бұрын салынған" деген қорытындыға келген.
– Ол сол жарақатпен ештеңе болмағандай өмір сүріп, кейін есірткіні көп мөлшерде пайдаланғаннан көз жұмыпты-мыс. Бұл енді ақылға қонбайтын нәрсе ғой. Ішінен қан кетіп жатқан адам қалай сап-сау жүріп, моншаға түседі? Хирургтарға бардым, бәрі "мұндай жарақатпен жүру мүмкін емес" деді. Ғылым кандидаты, тәжірибелі сот-медицина сарапшысына да бардым. Ол "Жоқ, мұндай жарақатпен өмір сүру мүмкін емес" деді. Комиссия сараптамасында нарколог дәрігер "Азамат Карашев мұндай іш жарақатымен аяғын басып жүре алмас еді" деген қорытынды жазып берген. Күйеуім салауатты өмір салтын ұстанатын, – дейді Ольга.
Бірақ полиция мен сот-медициналық комиссия сарапшылары марқұмның шажырқайы өлерінен бірнеше тәулік бұрын зақымданған деген қорытындысын қайталаған.
КҮДІККЕ ІЛІНГЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР
Әзірге төрт полиция қызметкері марқұмның ақшасын ұрлады деген күдікке ілінген.
– Олар ақшаны досына аударған. Кейін сол досымен кездесіп, 120 мың теңгені төртке бөліп алып, жұмсап жіберген. Куәгерлердің айтуынша, ертеңіне орталық полиция бөлімшесінде күдікке ілінген полицейлер ақшаны қайтару үшін әріптестерінен қарыз сұраған.
Қазір "ұрлық" және "қызмет құзыретін асыра пайдалану" баптары бойынша қозғалған істі сотқа беруге дайындап жатыр.
Күдіктілер ақшаны Руслан Карашев өлгеннен кейін ұрласа, марқұмның телефоны мен банк қосымшасын ашатын құпиясөзді қалай білген? Тергеушілер әзірге бұл сұраққа жауап таппаған сыңайлы.
Ольга бір полиция қызметкерінің анасы үйіне келіп, "ұлыма жала жауып отыр" деп, арызын қайтарып алуды сұрағанын айтады.
ЖАЛҒАН КУӘГЕРЛЕР МЕН ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР
Руслан Карашевтың өліміне байланысты қозғалған істе (біраз тексеруден кейін бұл істі "кісі өлтіру" бабына ауыстырған) куәгер пайда болған. Марқұм мен оның досы барған моншада жыныстық қызмет көрсетумен айналысатын әйел Карашевпен көңіл көтергенін, оның аяқ астынан ішімен жерге құлап қалғанын айтқан. Осылайша ол абайсызда құлап, шажырқайына зақым келген деген "дәлел" ұсынылған.
– Сенген жоқпын. Жеке қауіпсіздік басқармасына (күдікке ілінген полиция қызметкерлерінің ісін тергеумен айналысады – ред.) барып, куәгердің жалған түсініктеме бергені жөнінде арыз жаздым. Күйеуім досымен бірге болған. Ол ондай ештеңе болмағанын айтты. Моншадағы камераның видеолары жоғалып кеткен. Басқарма қызметкерлері куәгер болған қызды шақырды. Ол "Мені орталық полиция бөлімшесінің қызметкері Д.Б. "өлтіремін" деп қорқытып, осылай айтуға мәжбүрледі. Марқұммен байланысқан жоқпын, оны тіпті танымаймын да" деді, – дейді Ольга Карашева.
Ольганың айтуынша, әлгі қыздың түсініктемесі мен жалған куәлік бергенін мойындағаны туралы құжаттар жеке қауіпсіздік басқармасында жатыр.
Осыдан кейін тағы бір куәгер "Қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын Русланмен төбелесіп қалдық, ол ішімен тіземе құлап, ішкі құрылысына зақым келді" деп куәлік берген.
– Жеке қауіпсіздік басқармасында әлгі куәгер Д. Б. өзіне "қазір басыңа пакет кигізсем, Кеннедидің өлімін де мойныңа аласың. Сондықтан не айтқанымды жазасың, не саған кісі өлімін артып қоямын" дегенін айтты. Тура осылай деді. Ол да алдыңғы куәгер сияқты "өлтіремін" деп қорқытқан соң осындай түсініктеме беруге мәжбүр болғанын айтты, – дейді Карашева.
Ольганың сөзінше, қазір полиция қызметкері Д. Б. қарсы тергеу шарасы жүріп жатыр, бірақ кісі өлтіру ісі бойынша күдіктілер әлі жоқ.
– Күйеуімді өлтірген жерде үш куәгер бар. Біреуі – [мәйіт табылған жердегі] үй иесі, оны күйеуімнің қазасынан кейін бірден ақша ұрлады деген айыппен түрмеге жауып тастады (бұл ұрлықтың біздің ісімізге қатысы жоқ). Оны тергеу экспериментіне шақырды. Өйткені Русланның денесіндегі көзге көрінетін жарақаттар әлгі үй иесі оны сүйрегеннен пайда болған деген жорамал айтылды. Олардың нұсқасы бойынша, Руслан моншаға кіріп, тамырына ине салып қайтыс болған, ал үй иесі оны қақпаға дейін 20 метр жерге дейін сүйреп апарған-мыс. Сот-медицина сарапшысын шақырдық, ол "Жерге қалай сүйресе де, одан денесіне қанталаған жарақаттар түсуі мүмкін емес. Ондай нұсқаны жоққа шығарамын. Денедегі қанталаған іздер бірнеше рет ұрып-соғудан, қысылып, сырылудан болған. Оны ұстап тұрып, ұрған" деді.
Куәгерлер, ұрлық пен сараптамаға қатысты түсініксіз жайттардан бөлек, басқа да күдік туғызатын нәрселер бар. Мысалы, оқиға орнынан полиция түсірген суреттер сақталған флешка жоғалып кеткен.
– Бір суретте жерде жатыр, екіншісінде отыр. Оқиға орнынан жасалған бірінші хаттамада мәйіттің шалқасынан, аяғы мен қолы түзу жатқаны, екінші хаттамада (оны кейін қайта толтырған) оның креслоға шынтағын тіреп отырғаны жазылған. Олар құжаттардың бәрін осылай өзгерте берген соң, суреттердің түсірілген уақытын көру үшін фотоаппаратты сұрадым. Өйткені суреттер әртүрлі уақытта түсірілгенге ұқсайды: бір жерде күйеуімнің киімі таза, екіншісінде лас, біресе түзу, біресе бүрісіп жатыр. Жедел жәрдем келмей тұрып оны орнынан кім қозғаған? Олар "фотоаппараттың флешкасы жоғалып кетті" дейді. Флешка жоқ болып кеткен, – дейді Ольга.
Полиция үй иесінің "марқұм есірткіні көп мөлшерде пайдаланудан көз жұмды" деген сөзіне сеніп, қылмыс орнын дұрыс қарамаған.
Бұл істен бас тартсын деп, маған моральдық тұрғыда қысым жасап жатыр. Бірақ оңай беріле қоймаспын. Істі соңына дейін жеткізбей тынбаймын
– Бір ғана істе есірткі саудасы, қоқан-лоқы көрсетіп, жалған куәлік бергізу, жезөкшелік фактілері аталды. Егер күйеуімді полиция қызметкерлері өлтірмесе, [полици яжедел уәкілі] бұл іске неге сонша килігеді? Басқа адамдар өлтірсе, неге бір жылдан бері күдіктілер әлі табылмады? Олар маған "куәгерлер үнсіз" дейді. Әрине, үндемейді, олар полиция қызметкерлері өлтіргенін айтса, сіздер қызметкерлеріңізді түрмеге жабасыздар ма? Бұл ақпарат қоғамдық резонанс туғызады, мұның кесірі орталық полиция бөлімшесінің бүкіл құрамына, жеке қауіпсіздік басқармасына тиеді, өйткені кім өлтіргенін бәрі білсе де, қылмыскерді жасырып отыр. Олар "Әйелінің көңілдесі бар, күйеуін сол өлтірген" деп шықты. "Күйеуіңізді өлтіруге сіз тапсырыс бергенсіз" деді. Бұл істен бас тартсын деп, маған моральдық тұрғыда қысым жасап жатыр. Бірақ оңай беріле қоймаспын. Істі соңына дейін жеткізбей тынбаймын, – дейді Ольга Карашева.
Семей қалалық полициясы мен Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы тергеу құпиясын алға тартып, істің жай-жапсары туралы ақпарат беруден бас тартты.
Бұл істе көп нәрсе әлі күнге жұмбақ қалып отыр. Такси жүргізушісінің сөзінше, Руслан Карашев өзі барған үйдің мекенжайын дұрыс білмеген (кейін сол үйдің ауласынан өлі табылған). Марқұмның білмейтін үйге неге барғаны белгісіз. Ольга Карашева "Күйеуімді өлгеннен кейін неге тонаған?", "Қылмыскерлер банк қосымшасына кіретін құпиясөзді қалай білген?", "Полиция қызметкерлері адамдарды жалған куәлік беруге неге мәжбүрлеген?", "Марқұмның денесіндегі ұрып-соғу іздеріне қарамастан, полиция неліктен өлім себебін "көп мөлшерде есірткі пайдалану" деп көрсеткен?" деген сұрақтарына жауап алғысы келеді.
ПІКІРЛЕР