Accessibility links

249-күн: Қытайдағы туысын іздегендер наразылықты Алматыда жалғастырып жатыр 


Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп тұрған адамдар. Алматы, 14 қазан 2021 жыл.
Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп тұрған адамдар. Алматы, 14 қазан 2021 жыл.

Шыңжаңда қамалып, қуғындалған туған-туыстарына сұрау салған азаматтар наразылық акциясын 11 қазаннан бастап Алматыдағы Қытай консулдығы алдында жалғастырып жатыр. Олар бұған дейін екі апта бойы Нұр-Сұлтанда болған. Астанада бірнеше мекемеге барып, хат тапсырған.

14 қазанда консулдық маңына қолына туыстарының суретін ұстаған бес адам келді. Үш полицей мен штаттық киімдегі бір қызметкер сырттан бақылап тұрды. Оларды әдеттегідей консулдыққа жақындатпаған.

"Санымыз бірде көп, бірде аз болып шықсақ та, талабымыз бұрынғыдай" дейді олар. Наразылардың бірі Алмақан Мырзанның сөзінше, Нұр-Сұлтанда барған мекемелердің бәрі шағымдарын қабылдап, Қытай елшілігінен ғана ешкім шықпаған.

- Туыстарымыз Қытай түрмесінен шыққанша арызды тоқтатпаймыз. Сол себепті Қытай билігі, елші Чжан Сяо бізге шығып жауап берсін, - дейді Мырзан.

Сегіз айдан астам уақыт бойы Қытай билігінен туыстарына араша сұрап жүргендер Нұр-Сұлтан сапары аса нәтижелі болды дей алмайды. Қытай елшілігі алдына шыққаны үшін екі рет әкімшілік жауапқа тартылып, барған он адамға жиыны 1 миллион 950 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Наразы топтың әрекетін желіде тікелей эфир арқылы көрсетіп жүрген Байболат Күнболатұлы айыппұлды төлеу үшін халықтан көмек жинап жатыр.

- Қазір 600 мың теңге Kaspi шотыма түсті. Тағы 300 мың теңгені қолыма әкеп берді. Бұл жетпейді. Айыппұлды жабу үшін тағы да 1,1 миллион теңге қажет. Тек қана халыққа сеніп отырмыз, - дейді Күнболатұлы.

Акцияны камераға түсіріп тұрған БайболатКүнболатұлы. Алматы, 14 қазан 2021 жыл.
Акцияны камераға түсіріп тұрған БайболатКүнболатұлы. Алматы, 14 қазан 2021 жыл.

Бірнеше айдан бері консулдық алдына шығып, талап айтып жүргендердің ешбірінің жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ. Байболат Күнболатұлы жұрттың көмегінсіз қомақты айыппұлды төлей алмайтынын айтады.

Наразылардың бірі Ақиқат Қалиолла мұндай әкімшілік жазалау бетімізден қайтармайды дейді. Ал елшілік алдына шығуды ешқандай заңға қайшы деп санамайды. "Себебі біз отбасымыздың фотосын алып шықтық, ол плакатқа жатпайды" дейді Қалиолла.

- Туыстарымызды іздеу, сұрау – заңды құқығымыз. Қытай заңында, халықаралық заңда, Қазақстан заңында да бұған қайшы бап жоқ, - деді ол.

Нұр-Сұлтанда олар Президент әкімшілігі, Сыртқы істер министрлігі, адам құқығы жөніндегі уәкілге, түрлі халықаралық ұйымдар мен елшіліктерге хат тапсырған. Бұрынғы президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесіне де өтініш берген. Әзірге хаттарға жауап немесе нақты әрекет жоқ.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG