Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған бірнеше белсенді Еуропарламент депутаттарына хат жазды. Хаттың мәтінін 19 қазанда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялады.
Хат авторлары өздерінің "саяси экстремизм" бойынша заңсыз сотталғанын айтып, халықаралық ұйымдардан пікір айту еркіндігі мен сөз бостандығына қол сұғушыларға шара қолдануға, Қазақстан басшыларына санкция салуды сұраған.
"Бізді қамау, қылмыстық тұрғыда қудалау және бес жылға соттау – саяси тапсырыс. Ол өзгеше ойлайтындармен күресуге, пікірін ашық айтатын, Қазақстан азаматтары мен қазіргі үкімет арасында конструктивті диалог орнатуға тырысатын оппозициялық көңіл-күйдегі Қазақстан азаматтарын қорқытуға бағытталған. Сот біздің кінәмізді дәлелдейтін айғақтардың жоқ екенін ескермеді, біздің кінәсіздігіміз жайлы бірде-бір айғақты қараған жоқ, құқықтарымыздың бұзылғанын елемеді, сот Қазақстан Конституциясы мен "Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіні" бұзды. Әншейін хаттама ережесін сақтау мақсатында көзбояушылық үшін өтті. Жалғыз мақсаты – Қазақстан азаматтарын қорқыту" делінген хатта.
Олар "саяси іс материалдарының барлығы" адвокаттар қолында бар екенін айтып, халықаралық ұйымдарды заңсыздықты тоқтатуға және әділдіктің орнауына ықпал етуге шақырған.
Хат 18 қазанда жазылған. Оған Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Уласбек Ахметов қол қойған. Аты аталған алғашқы төрт белсенді – құқық қорғаушылар "саяси қудалау кампаниясының апогейі" деп атаған "13 белсендінің ісі" бойынша сотталған.
11 қазанда Алматы соты "тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендіге үкім оқыған еді. Судья 4 белсенді: Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетовті 5 жылға бас бостандығынан айырды, 9 белсендінің бас бостандығын 1 жылдан 2 жылға дейін шектеді. Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, үкіммен келіспеді. Белсенділер үкімді апелляцияға беретінін айтқан.
Халықаралық ұйымдарға бағытталған хатқа қол қойған бесінші белсенді, "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты және ұйымдастырды" деп айыпталған Ұласбек Ахметов те қыркүйек айында екі жылға бас бостандығынан айырылған.
Бес белсендіге тағылған айып Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, бірақ Еуропарламент "оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарымен байланысты.
Қазақстанда жоғарыда аталған екі ұйымға қатысты қанша адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда 300-ге тарта адамның жазаланғанын айтады.
Шілде айының басында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды Қылмыстық кодекстегі "Экстремизм" бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР