Accessibility links

Атырау облысы әкімінің орынбасары "Ақжайық" басылымы үстінен полицияға түсірген арызын қайтып алды


Атырау облысы әкімдігі. Көрнекі сурет.
Атырау облысы әкімдігі. Көрнекі сурет.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев "Ақжайық" газетінің бас редакторы Азамат Майтанов және газет тілшісі Фархат Әбілов үстінен түсірген шағымды кері қайтарды. Бұл жөнінде Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің сөзіне сүйенген басылымның өзі хабарлады.

"Ол [Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев] журналисті негізсіз айыптағанын түсінді, себебі материалда айыптайтындай ештеңе жоқ. Өтінішін менімен келіспей берген, бұл өзінің кездейсоқ шешімі. Барлығымыз адамбыз ғой, бұл эмоция" деді орталық коммуникациялар қызметі брифингісі кезінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Қараша айының басында Қайрат Нұрлыбаев полициядан жергілікті өңірден ақпарат тарататын "Ақжайық" басылымының бас редакторы Азамат Майтанов пен басылым тілшісі Фархат Әбіловті қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған еді. Шенеунік журналистерді "кінәсіздік презумпциясын бұзды", "жеке мәліметтерді жариялады" және "ар-намысты қорлады" деп кінәлаған.

Шенеуніктің шағымдануына 18 қазанда сайтта жарияланған "Атырау облысы әкімінің орынбасары қылмыстық іске тартылды" (Заместитель акима Атырауской области стал фигурантом уголовного дела) деген материал негіз болған. Онда шенеуніктің ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік етіп тұрған тұста 80 млн теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз бөлді деген күдікке ілінгені, қылмыстық іс қозғалғаны жазылған. Материал авторы облыстық әкімдіктегі дереккөзге сүйеніп жазған. Кейін бұл ақпарат ресми түрде расталған.

Шенеунік редакция өкілдерінен дереккөздің кім екенін ашуды, ақпаратты терістеп, кешірім сұрауын талап еткен. Ал "Ақжайық" одан бас тартқан.

Қазақстанда шенеуніктер ақпарат құралдарының үстінен жиі шағым түсіреді. Қыркүйек айында Жамбыл полициясы тамыздың соңында әскери қоймада болған жарылыс кезінде тараған ақпаратқа байланысты "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғап, журналистер полицияға шақыртылған. Іс қоғамда резонанс тудырғаннан кейін қылмыстық іс тоқтады.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының хабарлауынша, қыркүйек айында бірнеше журналист қылмыстық қудалауға ұшыраған. “Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG