Accessibility links

Интерпол басына Қытай мен БАЭ өкілдері келді. Енді Шыңжаң мұсылмандарын қудалау күшейе ме?


Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматы Интерпол президенті болды. Ал ұйымға кіретін маңызды комитет басшылығына Қытай азаматы келді. Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын топтар мен Батыс елдері бұл екеуі қызметін асыра пайдаланып, авторитар елдерді қолдауға кіріседі деп қауіптенеді.

19 шілдеде Түркияда тұратын ұйғыр белсендісі Идиреси Айшан Мароккода қамауға алынды. Оған Қытай билігінің Интерполға жолдаған шағымы түрткі болған. 194 елді біріктіретін Интерпол өзіне мүше елдердің шағымдары бойынша (қызыл хабарлама) өзге елдерде жүрген азаматтарды осылай ұстай алады.

Азаматтық белсенділер Айшанның ісінде саяси астар барын, Шыңжаңда оған қауіп төнетінін айтқан. Пекин Шыңжаң өлкесінде 1 миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды "саяси тәрбиелеу лагерінде" қамап отыр.

Халықаралық ұйымдардың наразылығынан соң Интерпол Идиреси Айшанға қатысты "қызыл хабарламаны" алып тастап, істің қайта қаралатынын хабарлады. Қызыл хабарлама – іздеу салған адамды қамауға алуға берілетін электронды ордер. Бірақ төрт ай өтсе де, 33 жастағы белсенді әлі Морокко түрмесінде отыр. Интерпол ордерді қайтарып алса да, жергілікті билік терроризм айыбы тағылған белсендіні Қытайға экстрадициялау мәселесін қарастырып жатыр.

Сарапшылар авторитар елдер Интерполға есірткі сатушыларды, әскери қылмыс жасағандар мен болжалды экстремистерді ұстау үшін жүгінбейтінін, ұйымды шетелдегі диссиденттерді, белсенділер мен саяси оппоненттерін аңду, қамауға алу немесе елге қайтару үшін пайдаланады деп сынға алады. Айшанның оқиғасы соның бір мысалындай көрінеді.

Идиреси Айшанның мына суреті Мороккода Интерпол ордерімен қамауға алынған сәтінде түсірілген.
Идиреси Айшанның мына суреті Мороккода Интерпол ордерімен қамауға алынған сәтінде түсірілген.

25 қарашада Интерпол бас ассамблеясы Стамбулда жиын өткізді. Адам құқықтарын қорғайтын топтар мен Батыс елдері Интерпол автократтардың ықпалына тап бола ма деп қауіптеніп отыр.

"Егер бір мемлекетке шара қабылданбаса, басқа елдер де сол жолға түседі" деді Protection Defenders құқық қорғау тобының директоры Лаура Харт.

Францияда орналасқан Интерпол басшылығына Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының кандидат болуы ерекше сынға ұшырады.

Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің қызметкері Ху Бинчен Интерполдың атқарушы комитетін басқаруы мүмкін. Бұл комитет президентпен бірге органның саясатын, жұмыс бағытын айқындайды. Ху кандидатурасын ұйғырлар мен басқа да диссиденттерді аңду үшін Интерполға жүгінеді деп сынға ұшырайтын Қытай үкіметі қолдап отыр.

Ху Бинчен.
Ху Бинчен.

Алдағы төрт жыл бойы Интерпол президенті болатын Ахмед Насер әл-Раиси – БАӘ ішкі істер министрлігінің бас инспекторы. Бұған дейін бес мемлекетте оның азаптайтыны айтылып, қылмыстық арыз түскен.

Адам құқықтарымен айналысатын топтар мен сарапшылар осы екі кандидаттың сайлануы басқа авторитар елдерге де жол ашады деп ескертеді. Иран, Ресей, Тәжікстан, Түркия мен Венесуэла секілді елдер Интерполды шетелдегі оппоненттерін ұстау үшін пайдаланады деп жиі айтылады.

"Раисиді немесе Худы сайлау басқа авторитар үкіметтерге Интерполды теріс мақсатта пайдалануға болады деген белгі беретіндей көрінеді" дейді Техас A&M университетінің сарапшысы, осы ұйымды зерттейтін Эдвард Лемон. "Олар сондай ойдағы үкіметтермен жұмыс істеп, Интерполдың ашықтығы немесе ұйымды саяси қарсыластарын аңду үшін пайдаланатын үкіметтерге қатысты реформаларды қолдамауы мүмкін".

БАӘ ішкі істер министрлігінің бас инспекторы болған Ахмед Насер әл-Раиси (сол жақта) Интерпол президенті атанды.
БАӘ ішкі істер министрлігінің бас инспекторы болған Ахмед Насер әл-Раиси (сол жақта) Интерпол президенті атанды.

Интерпол Азаттықтың Айшан ісі немесе Ху мен Раиси кандидатурасы жайлы пікір білдіру өтінішін жауапсыз қалдырды.

АВТОРИТАР ЕЛДЕРДІҢ ЫҚПАЛЫ

Интерпол саяси мақсатта қолданылуға қарсы екенін, қызыл хабарлама беруді қатаң бақылайтынын айтады. Ұйым конституциясы мемлекеттерге осы белгіні саяси оппоненттерін аңду үшін пайдалануға тыйым салады. Кейінгі жылдары сын күшейді. Агенттік босқындар мен босқын мәртебесін сұраушыларды қорғауға бағытталған реформалар жасап, өтініш беру әдісін жақсарту міндетін алды.

Бірақ белсенділер мен адам құқықтарымен айналысатын топтардың сөзінше, Интерполға мүше елдердің үкіметі агенттікті өз мақсатында пайдалануды жалғастырып келеді және жаңа басшылық кезінде бұл жағдай ушыға түсуі мүмкін.

Қытай жөніндегі парламентаралық альянс ашық хат жариялап, Худың атқару комитетіне сайлануы "ҚХР үкіметіне Интерполды теріс мақсатта пайдалануға жол ашатынын, шетелде тұратын ондаған мың ұйғыр, тибет, Тайвань және Қытай диссиденттеріне қауіп төндіретінін" жазды. Бұл альянс – әлем елдері үкіметтерінің коалициясы.

Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің өтінішінде де осы мәселе айтылады. Ұйғыр диаспораларының халықаралық ұйымы "Қытай үкіметінің шетелдегі диссиденттерді аңдуына ұшырайтын белсенділер ретінде Ху Биченнің сайлануы қауіпті болады деп алаңдаймыз" деп жазды.

Ұйғыр белсендісі, Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің президенті Долкун Иса 2017 жылы Италияда қамауға алынды. Италия сенатына барғанда, оны ұстауға "қызыл хабарлама" берілген. Бұл ордер 2018 жылы күшін жойды.

17 қарашада Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжай Лиянь Худың кандидатурасы жайлы сұрақ қойған журналистерге "Қытай полициясы Интерполмен және оған кіретін құқық қорғау органдарымен бұрыннан тәжірибе алмасады, достық байланысты қолдайды" деді.

19 ұйымнан тұратын құқық қорғау топтары да БҰҰ-ға Раиси кандидатурасы туралы хат жазды. Онда "БАӘ мемлекеттік қауіпсіздік орындарындағыларды азаптап, адам құқықтарын бұзуы" оған жоғары лауазымға сайлануға мүмкіндік бермеуі керегі жазылған.

ҚЫЗМЕТІН АСЫРА ПАЙДАЛАНУ

Интерпол басшылығына қатысты дау бірінші рет туындап отырған жоқ.

2018 жылы Интерпол президенттігіне Ресей азаматы үміткер болды. Сонда Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар кандидаттың бұл қызметті Кремльді сынаушылаға мониторинг жасап, оларды аңду үшін пайдаланатынын ескертті.

Кейінгі он жылда Агенттікте "қызыл хабарламалар" саны да өскен. Ал Интерпол бір жылда беретін мың ордердің 40 пайызы Ресейге тиесілі дейді Freedom House 2021 жылғы есебінде.

Интерпол жөніндегі сарапшы Лемон зерттеуінде жазылғандай, 2017 жылы әлем халқының тек 0,12 пайызы тұратын Тәжікстан 2528 қызыл хабарлама жібергенін, бұл Интерполдағы жалпы хабарламалардың 2,3 пайызын құрайды.

Лемон зерттеуінде Тәжікстан "қызыл хабарламаларды" Ирак пен Сирияда соғысып жатқан азаматтарға, көбіне оппозиция өкілдеріне берілгенін жазған. Олардың қатарында Тәжікстан ислам өркендеу партиясы мен оның лидері Мухиддин Кабири бар (Кабириге қатысты жіберілген қызыл хабарлама 2018 жылы күшін жойды).

Алайда Қытайдың Интерполға ықпал ету мүмкіндігі көбін алаңдатып отыр.

Protection Defenders жүргізген зерттеуге сәйкес, Қытай полициясы 2014 жылдан бері жылына 200 "қызыл хабарлама" жіберген. Бұл 2016 жылы 216-ға жеткен. 2016 жылы жағдайдың ушығуын Пекиннің шетелдегі және елдегі диссиденттерге қарсы әрекетін күшейтуімен байланыстыруға болады.

Тағы бір зерттеу Қытайдың трансұлттық репрессияны күшейткенін көрсетеді дейді сарапшылар. Орталық Азия жөніндегі Оксус қауымдастығы мен Адам құқықтары жөніндегі ұйғыр жобасы маусымдағы баяндамасында 1997 жылдан бастап Қытай 28 елден 1546 ұйғырды ұстағанын немесе депортациялағанын жазған. Бұл елдердің ішінде Қазақстан, Пәкістан, Тәжікстан бар.

"Осы аптадағы бас ассамблея шешіміне қарамастан, Интерполдағы авторитар үкіметтердің рөлі артып жатқаны байқалады. Олар ұйымды халықаралық аренадағы имиджін нығайту үшін, саяси оппоненттерін қудалау үшін пайдалануға тырысады" дейді Лемон.

Мароккода қамауда отырған Айшанның жағдайына келсек, оның тағдыры әлі бұлыңғыр.

Харттың сөзінше, оның ұйымы мен басқа да топтар Интерполдан Айшанға жіберілген "қызыл хабарламаның" күші жойылғанын жария түрде айтуын сұраған. Осылайша Марокко билігіне қарсы құқықтық шара қабылдауға болатынын айтқан. Бірақ агенттік бұл талапты орындамады.

"Интерпол болып жатқан нәрселерге моральды тұрғыдан жауапты. Олар бұл адам қамауда болмауы керек деді, бірақ неге екенін түсіндіруге көмексету үшін жаңа ақпаратты жарияламай отыр" деді Харт.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG