Тайвань сыртқы істер министрі Джозеф У Қытаймен экономикалық және саяси байланысы артып келе жатқан елдерге "Жақсылап ойланған жөн" деген қарапайым ескерту жасады.
"Қытайға тәуелді елдің сыртқы саясаты өзгеруі мүмкін. Қытайға тәуелдіміз деп ойласаңыз, әр қадамыңызға, саясатыңыз бен іс-қимылыңызға абай болуға тура келеді, өйткені ешкім өз бизнесіне қауіп төндіргісі келмейді" деді 27 қазанда Прагада Азаттыққа эксклюзив сұхбат берген Джозеф У.
Министр У Еуропа елдеріне барған "ерекше" сапары кезінде осындай мәлімдеме жасады. Қытай өз жері санайтын, өзін-өзі басқаратын арал-мемлекет өкілінің мұндай сапарға шығуы сирек. Тайвань сыртқы істер министрі Еуропаға дипломатиялық сапары аясында Қытайдың авторитар саясаты, "қасқыр жауынгер" тактикасы және Пекиннің инвестиция көмегімен "қарыз қақпанына" түсіру дипломатиясының орнына шағын, ашық әрі демократиялық балама ұсынып отыр.
Тайвань Қытайдан 1949 жылғы азамат соғысы кезінде бөлінген. Ву аралдың тарихы мен Пекинмен қарым-қатынас тәжірибесі "Бір белдеу – бір жол" бастамасына қосылып, Қытайдың қалағанына жетпей қоймайтын табандылығынан сескеніп отырған елдерді жақсы түсінуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Министр У Азаттыққа берген көлемді сұхбатында Тайвань мен Қытай арасындағы соғыс қаупі, АҚШ-тың арал алдындағы міндеттемесі, өз елінің Еуропамен дипломатиялық байланысы және басқа мемлекеттерге Пекинмен күрделі қарым-қатынасына қатысты қандай сабақ бере алатыны туралы әңгімеледі.
Еуропада Франция мен Германия сияқты мемлекеттер кейінгі жылдары Қытайға сын көзімен қарай бастаған. Бірақ олар Пекинмен экономикалық байланысына қауіп төндіріп, табысты қытай нарықтарына шығу мүмкіндігінен айрылып қалмау үшін әр сөзіне сақ болуға тырысады.
Венгрия, Черногория, Сербия сынды елдер Қытай инвестициясын қабыл алып, "жемқорлық дауы мен экологиялық зардабы көп" деп сыналған "Бір белдеу – бір жол" жобасына қосылған.
Украина Қытайдың ықпал ету саясаты қандай екеніне басынан өткен кезде көз жеткізді: осыған дейін Пекиннің Украинаға Қытай вакцинасын жіберу үшін Киевтен Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуын сынаудан бас тартуды талап еткені айтылған.
"[Қытай] жемқорлық әдістерін қолданады, [олар] жемқор саясаткерлердің қалтасына ақша салып, көп уәде береді, бірақ іс жүзінде берген уәдесінің шектеулі бөлігін ғана орындайды. Кейде олар қатысатын жобалардың сапасы төмен болады. Осы айтылғанның бәрін ой елегінен өткізсе, бұл Қытаймен іскерлік байланысты көздеген кез келген мемлекетке жақсы сабақ болады деп ойлаймын" деді Тайвань сыртқы істер министрі У.
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР
Джозеф У мен Тайваньның үлкен сауда делегациясы Словакия мен Чехияның өкілетті тұлғаларымен кездесті. Тайвань сыртқы істер министрі сондай-ақ Польша мен Брюссельге тоқтап, 29 қазанда Италияда өткен G20 елдері басшыларының саммитіне қатысты.
Тайвань сауда делегациясы сыртқы істер министрінсіз Литваға барды.
Министр У Тайбэйдің халықаралық беделін арттырғысы келеді. Бірақ Тайваньның шет мемлекеттердің қолдауына ие болуға талпынысы біраз қиындыққа тап болуы мүмкін.
Қазір 24 миллион халқы бар аралмен 15 мемлекет ғана ресми дипломатиялық қатынас жасайды. Әлем елдерінің көбі 1970 жылдардан кейін Пекинмен ресми байланыс орнатуды жөн көрген. Еуропада Тайваньның Ватиканнан басқа одақтасы жоқ.
Көп мемлекет Қытайдың қысымынан қорқып, Тайваньның жоғары шенді министрлерін қабылдауға ниет білдіре бермейді. Пекин бұл жолы да Вуды қабылдаған елдерді қатаң сынға алып үлгерді.
Қытайдың әлемдегі беделінің артуынан Тайвань көп зардап шекті. Пекиннің әлемдегі экономикалық және саяси ықпалы артқан сайын көп мемлекет пен халықаралық ұйым Тайваньды мойындаудан бас тартты. Бұл аралды басқа мемлекеттермен ресми байланыс орнату мүмкіндігінен айырып, БҰҰ, ДДСҰ сияқты негізгі халықаралық ұйымдардан шет қалдырды.
"Тайваньның қолы бірнәрсеге жетіп, бір мемлекетпен достасып, халықаралық аренада бір қадам жасаса, қытайлар жеңіліп жатырмыз деп ойлап, Тайваньды сыртқы әлемнен шектеп тастауға тырысады. Бұл тұрғыдан алғанда әлем сахнасында Қытай мен Тайвань арасында бәсеке жүріп жатыр деуге болады" дейді министр У.
Джозеф У кейінгі жылдары Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылман халықтарын лагерьге жабу саясаты сынға қалып, әлемде Пекиннің сауда жүргізу тәсіліне байланысты алаңдаушылық артқаннан кейін Тайвань беделін нығайтуға мүмкіндік алды деп есептейді. Ол Тайбэйден шетелге аттанар алдында "Бұл сапар Еуропа одағымен қарым-қатынастың жаңа дәуіріне жол ашады" деп мәлімдеді.
"Қытай Тайваньның халықаралық қауымдастықтан өзін қолдайтын дос таппай, жалғыз қалғанын қалайды. Бірақ сыртқы істер министрі ретінде Тайваньға жаңа достар табуға жауаптымын" деді министр У.
ҚЫТАЙМЕН ТІРЕС ЖӘНЕ АҚШ-ТЫҢ АРАЛ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕМЕСІ
Пекин Тайваньды өз аймағы санайды және бұл жерді қажет болса, күшпен қайтару керек деп есептейді.
Қытай президенті Си Цзиньпиннің Тайваньды "қосып алуға" талпынысы Пекиннің Тайбэйге әскери, дипломатиялық және экономикалық қысым жасауына ұласты.
Кейінгі жылдары арал үстімен Қытай ұшақтары жиі ұшатын болған: биыл қазанның басында Қытайдың 150 әскери ұшағы бірнеше күн бойы Тайвань әуе кеңістігін бұзып өткен.
Тайвань қорғаныс министрі Чиу Куо Чэн жақында "2025 жылға қарай Қытай Тайваньға басып кіруі мүмкін" деп ескертті.
Бұл эскалациядан соң АҚШ президенті Джо Байден 21 қазанда теледидардан көрсетілген жиында "Қытай Тайваньға шабуыл жасаса, Вашингтон оны қорғау "міндеттемесін" орындайды" деген мәлімдеме жасады. Бұл АҚШ саясатында өзгерістер болуы ықтимал екенін аңғартады.
Ақ үйдің өкілетті адамдары президент Байденнің сөзін жоққа шығарды. Бірақ Пекин АҚШ президентінің мәлімдемесін ауыр қабылдады. Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэнбинь "Тайвань мәселесі бойынша келісімге келу не жеңілдік жасау деген болмайды" деген пікір білдірді.
Тайвань сыртқы істер министрі У президент Байденнің сөзін АҚШ саясатының өзгеруі деп қабылдамағанын айтып, "Тайвань өз қауіпсіздігі үшін өзі жауапты" деді.
АҚШ 1979 жылы Пекинді мойындау үшін Тайбэймен ресми дипломатиялық қарым-қатынасын үзген. Вашингтон Қытайдың Тайвань аумағына қатысты талабын ашық сынамайды. Бірақ Тайваньмен қарым-қатынасы туралы заңға сәйкес, аралдың өзін қорғап, айбат көрсеткен мемлекеттің қоқан-лоқысын "алаңдауға тұратын себеп" деп қабылдауға құқығы бар. Ал АҚШ Тайваньның заңда көрсетілген құқықтарын қорғауға кепілдік береді.
Вашингтон Тайваньға қару-жарақ сатады. 28 қазанда Тайвань президенті Цай Инвэнь CNN-ге ел әскерін америкалық жауынгерлер жаттықтыратынын айтқан.
"Соғыс ешкімді қызықтырмайды. Бірақ бұл рационал басшылар үшін солай. Кейде Қытайдың өз ішінде қиындық болып жатқанда Пекинде отырған басшылар жеткілікті деңгейде рационал емес шығар деп алаңдаймыз" дейді Джозеф У.
Қытай мен АҚШ арасындағы шиеленіс артқан сайын әлем назары Тайваньға ауып отыр.
Тамызда АҚШ әскері Ауғанстаннан кеткеннен кейін Батыс елдері қолдайтын ауған үкіметі құлап, "Талибан" қозғалысы билігін орнатты. Көбі Байденнің АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығару туралы шешімін сынап жатқанда, Қытай мемлекеттік басылымдары жағдайды пайдаланып, АҚШ-тың Тайвань алдындағы міндеттемесіне қатысты күмән туғызуға тырысты.
Министр У Тайваньды Ауғанстанмен салыстырудың еш мәні жоқ деген пікірде.
"Қытайлар "АҚШ-қа сенуге болмайды, Вашингтон Тайваньды басына күн туған сәтте тастап кетеді" деген мәселе көтергісі келеді. Бұл – Қытайдың жалған ақпарат тарату науқаны. Олар осы науқанды жылдар бойы жүргізіп келеді" дейді Джозеф У.
Ол сондай-ақ Тайвань мен Ауғанстан арасында "түбегейлі айырмашылық" барын, Тайбэй өзі үшін басқа мемлекеттер соғыс жүргізеді деп күтпейтінін айтты.
"Тайвань мүлде басқа. Біз өзімізді қорғауға дайынбыз. АҚШ-тың өкілетті тұлғалары "Сендерге өздеріңнен артық көмектесе алмаймыз" дегенді жиі айтады. Ауғанстанның өзі үшін күрескісі келмейтінін көріп отырмыз. Бірақ Тайваньда бәрі басқаша. Өмір салтымызды, еркіндігіміз бен демократиямызды, өз тәуелсіздігімізді қорғағымыз келеді" деді Джозеф У.
ПІКІРЛЕР