Accessibility links

Украина түбінде Ресей әскері көбейді. Батыс газеттері соғыс болуы мүмкін дейді


2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Донбаста соғыс өртінің тұтануына түрткі болған. Ол соғыс әлі жүріп жатыр. Арада жеті жыл өткен соң, көктемде Ресей Украина шекарасының түбіне әскер жинап, үлкен соғысқа дайындалып жатыр деген әңгіме тарады. Енді мұндай болжам тағы айтыла бастады.

АҚШ ресми өкілдеріне сілтеме жасаған New York Times пен Bloomberg секілді басылымдар биыл қыста Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін деп жазды. Кей сарапшылар осы жолы Мәскеу 2014 жылға қарағанда жойқын шабуыл жасайды дейді.

Спутниктен түсірілген суреттерден Ресейдің батысында және Қырым маңында әскердің көбейгені байқалады.

Президент Владимир Путиннің нақты жоспары бар ма? Әлде қазір тек түрлі жолдарды қарастырып жатыр ма? Бұл сұрақтарға жауап беріп, Ресейдің пиғылын дөп басу қиын. Азаттық осы жайтқа қатысты басты сұрақтарға жауап іздеді.

Ресей мен Беларусь әскерлерінің ортақ жаттығуы кезінде жүк көліктері жылжымалы көпірден өтіп барады. Қыркүйек 2021 жыл.
Ресей мен Беларусь әскерлерінің ортақ жаттығуы кезінде жүк көліктері жылжымалы көпірден өтіп барады. Қыркүйек 2021 жыл.

РЕСЕЙ УКРАИНАҒА ҚАРСЫ ҮЛКЕН ОПЕРАЦИЯ БАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

Иә, мұндай қауіп бар. Әйтеуір қолда бар айғақтар солай дейді.

АҚШ барлау қызметі өкілдері мен Украина қарулы күштерінде істейтін лауазымды тұлғалар Украинаның солтүстігі мен шығысында Ресейдің 92 мыңға жуық әскери қызметкері барын болжап отыр. Олардың көбі Ресей мен Беларусь шекарасына жақын жердегі Елнья қаласы мен Украинаның оңтүстігіндегі Қырым түбегінде шоғырланған.

Осы аптада CNN Америка Украинаға әскери кеңесшілер мен техника, оның ішінде қару-жарақ жіберетінін жазды. Олар АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігіндегі дереккөзге сілтеме жасаған.

Осы айдың басында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтон "Ресейдің әскери іс-әрекетіне" және шабуыл жасау қаупіне алаңдайтынын айтып, бұл жағдай "үлкен қателік" болатынын ескертті.

Ресейдің шабуыл жасау қаупі жайлы әңгімені Мәскеу "негізсіз" деп атап, жоққа шығарады. Бірақ Кремльге жақын шенеуніктер мен сарапшылар бұдан гөрі үрейлі сигнал жіберіп жатыр. Олардың сөзінше, Вашингтон мен Батыс Мәскеудің Донбастағы жағдайға, НАТО-ның Киевпен байланысына және Батыстың жалпы Шығыс Еуропа, Қара теңіз бен басқа да жерлердегі әскери әрекеттеріне қатысты алаңдаған сөздеріне мән бермесе, нақты әрекетке көшуі мүмкін.

Украина сарбаздары Донбасстағы Авдеевка ауылында. 2021 жылғы наурыз.
Украина сарбаздары Донбасстағы Авдеевка ауылында. 2021 жылғы наурыз.

Ресей 2014 жылы Донбасқа, 2008 жылы Грузияға шабуыл жасағанда, солай жасамасқа амалы қалмағанын айтқан. Соңғы апталарда Мәскеу НАТО Шығыс Еуропа мен Қара теңізде жоспарлы әскери жаттығуын қасақана өткізіп, арандатып отыр деп, Киевті, АҚШ пен оның одақтастарын айыптап келеді.

Ресейдің Украинаға басып кіру ниеті жайлы әңгіме тек әскердің топтасуынан шыққан жоқ. Кейінгі алты айда Владимир Путин мен бірнеше шенеунік Украина жайлы арандатушы мақала жариялап, онда Украинаның тәуелсіз ел болу құқығына күмән келтіріп, оның демократиялық жолмен сайланған өкіметін "сенімге лайық емес, надан" деп сипаттады.

Путиннің жақын үзеңгілесі, Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев жуырда Украинаны "ауған сценарийі" күтіп тұрғанын айтты. Ол бұл пікірін Батыстан қару импорттаудан туындайтын тұрақсыздықпен байланыстырды. Бірақ сөзіне нақты дәлел келтірмеді.

Осы аптадағы мәлімдемесінде Ресей сыртқы барлау қызметі "АҚШ-тың азғыруын" сынға алып, "2008 жылы Грузиядағы соғыс қарсаңында осындай жағдай байқалғанын" ескертті. Ол жолы Ресей Грузия аумағына әскерін кіргізіп, одан бөлініп кеткен екі аймақтың тәуелсіздігін мойындаған және әскерін сонда қалдырған.

Сарапшылардың болжауынша, бұл мәлімдемелер Батысқа бағытталған сигнал ғана емес, осы арқылы олар ресейліктерді әскери шабуылға дайындап жатқан болуы мүмкін.

"Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында Киевте орналасқан "Стратегия XXI" зерттеу орталығының президенті Михаил Гончар: "Мұндай мәлімдемелер көбіне қандай да бір ірі операция алдында Ресейдің ішкі аудиториясына бағытталады" деген пікір айтты.

Украина түбіндегі Ресей әскері. Спутник суреттері.
Украина түбіндегі Ресей әскері. Спутник суреттері.

БҰЛ ЖАҒДАЙ НЕГЕ ҚАЗІР БОЛЫП ЖАТЫР?

Ресей билігі аймақтағы тұрақсыз ахуалды кәдеге жаратып қалайық деген ойға келуі мүмкін. Соңғы кездері мұндағы жағдайдың шиеленісе түсуіне Мәскеудің өзі де үлес қосқан.

Кей сарапшылар "бұл Ресейдің шабуылын оңайлатады, себебі бейбіт кезеңдегідей бірлескен қарсылық болмай қалады" деген долбар айтады.

Польша "Еуроодаққа еркін өтесіңдер" деген арбауға иланып, Беларуське ағылған Таяу Шығыстың мигранттар легімен күресіп жатыр. ЕО-ға мүше елдің сот жүйесі жоғарыдағы құрылымдарға тәуелді болмауы керек деп Еуроодаққа қарсы шығып жатқанына қарамастан, Варшава миграция дағдарысын Владимир Путиннің қолдауымен Беларусь диктаторы Александр Лукашенко ұйымдастырып отырған Еуропаны тұрақсыздандыру операциясы деп атады. Мәскеу де, Минск те мұны жоққа шығарып келеді.

Ал табиғи газ жетіспей, халқын энергиямен қамтамасыз ете алмай қиналып отырған Молдова Ресей өзін бопсалауға көшкенін мәлімдеді. Мәскеу болса Еуропадағы ең кедей ел ақша төлемей отыр деді. Сарапшылардың сөзінше, Мәскеу Еуропаның табиғи газға тәуелді екенін осылай еске салып, Германияны "Солтүстік ағыс – 2" жобасын мақұлдауға итермелегісі келеді. Бұл жоба Ресейдің Украинаны айналып өтіп, Еуропаға газ жеткуіне мүмкіндік береді.

Оның үстіне, Мәскеу "НАТО және басқалар өткізіп жатқан әскери операциялар – әдейі жасалған арандату" деп сендіріп, әрі Батыс Путин айтқан "қызыл сызықтан өтіп кетті" деп, жағдайды одан сайын ушықтыра ма деген де қауіп бар.

Азаттықтың Румын қызметіне сұхбатында НАТО бас хатшысының орынбасары Мирч Джоанэ "Қара теңіздегі және НАТО-ның шығыс қанатындағы әрекеттер тек қорғаныс мақсатын көздейді және олар ашық сипатта өтіп жатыр" деді.

Кейінгі кездері Ресейдің "қызыл сызығы" біраз жылжыды, оның үстіне Кремль НАТО, Вашингтон мен Батыс, әсіресе Украина қабылдай алмайтындай талаптар қоя бастады. Путин Украинаның өз бетінше әріптес таңдап, дербес сыртқы саясат жүргізгенін қаламайтынын аңғартып келеді.

Бұрын Ресей Украина НАТО-ға кірсе, "қызыл сызықтан" өткені деп келсе, кейінгі кездері бұл альянс пен Киев арасындағы әскери әріптестікті арттырудың кез келген түріне қарсы шыға бастады.

Еуропа саясатын талдау орталығының президенті Алина Полякованың айтуынша, Мәскеудің әскермен қорқытуы – Украинаны бейтарап етудің стратегиясы, "оған көнбесе, әскери шабуыл болуы да ғажап емес".

Украина әскерінің жаттығуы. Жаттығу Ресей аннексиялаған Қырымға жақын орналасқан Херсон облысында өтті. 17 қараша 2021 жыл.
Украина әскерінің жаттығуы. Жаттығу Ресей аннексиялаған Қырымға жақын орналасқан Херсон облысында өтті. 17 қараша 2021 жыл.

Кремль Путин мен Байденнің тағы бір кездесуін өткізуге күш салып әрі доқ көрсетіп жатқан сыңайлы. Соңғы мәлімдемелерден байқағанымыз, Мәскеу осы кездесу арқылы Батыстан өз "қауіпсіздігіне кепілдік" алуға, соның ішінде "Украина НАТО-ға ешқашан кірмейді" деген уәдесін алуға тырысып жатқан тәрізді.

РЕСЕЙДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Бірінші мақсаты – Украинаға ықпалын күшейту болуы мүмкін.

2014 жылы Ресей Донбастағы наразылықты өршітіп, Украинаның Донецк және Луганск облыстарына бақылау орнатқан күштерді қолтығынан демегенде мұны көбі Украинаның аз бөлігіне ықпалын күшейтіп, сол арқылы оның үкіметі мен сыртқы саясатына әсер ету, соның ішінде Украинаның НАТО-ға кіруіне жол бермеу әрекеті деп түсінді.

Донбастағы соғыс созылып кетті, ал Кремльдің қалауы бойынша жүзеге асқан жағдайда Киев билігіне біраз кесірін тигізетін 2015 жылғы Екінші Минск келісімін орындауда ешқандай прогресс болмады. Сондықтан Путин Украинаның біраз бөлігіне толық бақылау орнату мақсатына ешқашан жете алмасын, ал тұтас Украинаны тізгінде ұстаудың әлі алыс екенін түсінген болуы мүмкін.

Өткен аптада Politico басылымында RAND орталығының саясаттанушысы Самуэл Чараптың мақаласы жарияланды. Онда автор ресейлік бұрынғы депутат пен дипломаттың "Донбасты алып, Украинадан айрылу – Кремль үшін жеңіліске пара-пар" деген сөзін келтірген.

"Мәскеудің әскерді шоғырландыруы оның "жағдайды ушықтырмасақ, жеңіліп қаламыз" деп ойлайтынын көрсетеді. Ресей Украина жерін әрі қарай шабуылдауға дайын тұрғандай көрінеді және оған әскери әлеуеті де жетеді" дейді Чарап.

Дегенмен сарапшылардың көбі Мәскеудің тұтас Украинаны басып алуы екіталай деп санайды. Мамандардың бір бөлігі Ресей Украинаның шығысы мен орталығын басып алып, өз шекарасы мен Донбастан және қазір өзі бақылап отырған Қырымнан оңтүстікке қарай жатқан аймаққа бақылау орнатуға тырысуы ықтимал деген болжам айтады.

Ал кей сарапшылар Киевті дегеніне көндіру үшін Мәскеу ашық шабуылға бармай, соғыс жайлаған Донбастағы жағдайды ушықтырумен шектелуі мүмкін деп санайды. Ашық шабуыл қантөгіске және халықаралық қоғамдастықтың наразылығына алып келеді. 2014 жылдан бері Донбастағы қақтығыста 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.

РЕСЕЙ НЕДЕН АЙРЫЛУЫ МҮМКІН?

Ресей Украинаға ашық шабуыл жасаса, Батыс елдердінің қатаң қарсылығына тап болуы мүмкін. Сарапшылар Мәскеуге жаңа санкциялар салынып, "Солтүстік ағыс-2" жобасы іске аспай қалары анық дейді. Ресей көп шығынданған бұл жобаны экономикалық және геосаяси жағынан маңызды деп санайды.

"Солтүстік ағыс – 2" газ құбырын салу процесі.
"Солтүстік ағыс – 2" газ құбырын салу процесі.

Ресей Украина қалаларына жаяу әскер кіргізсе, жеті жыл бұрынғыға қарағанда тәжірибесі мол әрі жақсы қаруланған Украина сарбаздары оларға төтеп беріп, Ресейдің жүздеген, тіпті мыңдаған әскери қызметкері жер жастануы мүмкін. Бұл өз мұрасын қалдырып, әлі ұзақ жыл президент болуды ойлап жүр деп саналатын Путинді райынан қайтаруы ықтимал.

"[Ресейдің] жоғарғы қолбасшылығы әскерилердің жарымжан, жаралы болып оралуы не тіпті тірі оралмауы ықтимал екенін білмеуі мүмкін емес" деп жазды сарапшы Марк Галеотти The Moscow Times басылымында.

"Әйтсе де, қажет болса, орыстар Украина маңына әскер жұмылдыра алады. Егер Путин халықаралық санкциялар мен сынға, қантөгіс кесірінен ел ішінде пайда болатын наразылыққа төтеп беруге дайын болса, шабуыл жасауы да мүмкін".

"Путин расымен Украина Батысқа жақындай түседі деп қорықса, әсіресе елде НАТО күштері орналасады деп қауіптенсе.. кешіккен сайын шабуыл жасау қиындай түседі деген байлам жасауы мүмкін. Кешіктіргенше ерте қимылдау керек" деп жазды Галеотти.

"Бір жағынан бұл Мәскеудің Киевті өзі қойған шарттармен келіссөз жасауға мәжбүрлеу жолындағы саяси театрдағы кезекті қойылымы болуы да ықтимал" дейді ол.

ПУТИН БАТЫСТЫ АРБАП ОТЫР МА?

Әзірге бұл анық емес. Бірақ Ресейдің бұрынғы іс-әрекетіне көз тастау қазіргі жағдайды түсініп, биыл қыста не болатынын болжауға көмектесе алады.

Мәскеу Қырымды аннексиялап, Донбаста соғыс бастағанда, Батыс сарапшылары мен барлау қызметінің өкілдері Ресейдің тағы шабуыл жасайтынын бірнеше рет ескерткен. Былтыр көктемде шекарада әскер көбейгенде мұндай шабуыл бола қоймады. Ақыр аяғында бұл соғысқа дайындық емес, Байден әкімшілігімен келіссөз қарсаңындағы және Еуропадағы НАТО жаттығуы алдындағы күш көрсету амалы болып көрінді.

Көктемдегі әскер шоғырландырудан бері шекара түбіндегі аудандарда қалып келген сарбаздардың көбін қайта жинау – Мәскеудің Батысқа тізе батыру саясатын жалғастырудың бір бөлігі болып көрінеді. Бұл Путиннің таяуда айтқан ұсынысымен астасып жатыр және ол бұрынғы мәлімдемелерінде де Ресей өз шекарасына жақын жерде НАТО әскерінің орналасуына қатты алаңдайтынын ескерткен.

"Путин режимі ұстараның жүзімен келеді, себебі ол "Солтүстік ағыс – 2" жобасын іске қосудан дәмелі. Ол құпия әскери операция бастаған күннің өзінде, [бұл жоба] тоқтайды деген сөз. Меніңше, бұл жердегі басты ой – Ресейдің бұлай істей алатынын көрсету болуы мүмкін" дейді украин сарапшысы Гончар.

Материалды әзірлеуге Азаттықтың Румын қызметінің тілшісі Кармен Валика және "Настоящее время" тілшісі Владимир Михайлов қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG