Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп жүрген азаматтардың талабынан хабардар. 8 желтоқсан күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген әкімнің сөзінен осыны аңғаруға болады.
— Олар ақпан айынан бері шығып келеді. Бірақ олардың талаптары – Қытайдың ішкі ісі. Білуімше, азаматтарымыз сыртқы істер министрлігіне де қайырылған. Бірақ олар күн сайын қоғамдық тәртіпті бұзады – сол үшін жауап беру керек. Кез келген адамның туыстарымен бірге тұруға құқығы бар. Бірақ өзге елдің заңын бұзған болса, сол үшін жауапқа тартылады. Адам қайда болмасын, істеген әрекеті үшін заң алдында жауап беруі тиіс, – деді Сағынтаев.
Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен бір топ адам он айдан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді.
Пикетке қатысушылардың бірі, Қытай түрмесіндегі інісінің бостандығын талап етіп жүрген белсенді Байболат Күнболатұлының сөзіне қарағанда, 4 желтоқсанда - акцияға тура 300 күн толған шақта полицейлер Халида Ақытхан, Тұрсынгүл Нұрақай, Ақиқат Қалиолла, Гүлбаран Өмірәлі және Жәмила Мәкенді ұстаған. Наразылар Қытай билігі туыстарын жазықтан-жазықсыз түрмеге қамап, кейбірін үйқамаққа алып, себепсіз Қазақстанға жібермей отыр деп санайды.
Он ай ішінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Есесіне осы уақыт аралығында наразыларды ұстау жиіледі. Бұған дейін туыстарына араша сұраған топ "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, ұзын саны 4 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Құқық қорғаушылар полиция әрекетін сынап, азаматтардың бейбіт жиналу құқығы тапталғанын айтқан.
8 желтоқсанда да Қытай консулдығы алдына наразылар жиналып, акция өткізген. Полиция үш адамды ұстап, бірнеше сағаттан соң босатты.
ПІКІРЛЕР