Қостанайда тұратын Жұмабаевтар отбасы қараша соңында 30 жастағы ұлы Нұрболатты Шымкентке қалыңдығын ұзатып әкелуге жібереді. 17 желтоқсан күні ауылда тойы өтуі керек болған. Бірақ үй іші Қостанайға ұлының көгерген мәйітін әкетіп барады. Жас жігіт Шымкент полиция департаментіндегі тергеу кезінде жұмбақ жағдайда қаза тапты.
"ТЕМІРМЕН ҰРҒАНДАЙ ТІЛІНГЕН"
– Сүйріктей баламнан айырылып отырмын ғой. Құлыным-ай!.. – деп Ажаркүл Әлмағамбетова жылай сөйледі. Әйел Азаттық тілшісіне телефон арқылы сұхбат берді.
Оның 30 жастағы ұлы Нұрболат Жұмабаев 8 желтоқсан күні полиция департаментінде тергеу кезінде қайтыс болған. Шымкент полиция департаменті "азамат жауап алу барысында өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келгенше ес-түсін жоғалтқан. Кейін мезгілсіз қайтыс болды" деп ақпарат таратты.
Ұлының мәйітін көрген анасы мұны "өтірік" дейді.
– Қабағының үсті жарылып кеткен. Темірмен ұрғандай тілінген. Бір жақ көзі толық көгерген. Екі жақ құлағы мойнына дейін қанталап кеткен. Мойны түгел қарайған. Шатының ортасы көгерген. Өті жарылған. Өкпесі айналып кеткен, – дейді анасы.
Қара жамылған отбасы Қостанайға ұлының сүйегін жерлеуге әкетіп барады.
"РЕЗЕҢКЕ ТАЯҚПЕН ЗОРЛАЙМЫЗ"
Әке-шешесі Нұрболатпен 8 желтоқсанда күндізгі 12:00 шамасында сөйлескен. Әкесі Нұрболатқа видео арқылы хабарласып, хал сұрасып, ұзату туралы әңгімелеседі. Нұрболат қалыңдығын алып, бүгін-ертең Қостанайға қарай шығатынын айтады.
– Жарқырап сөйлеп тұр еді, – дейді әкесі.
Кенет ұлының телефоны ұшып кетіп, айғай-шу естіледі. Әкесіне "наручник сал, наручник сал" деген дауыстар ғана жетеді. Артынша байланыс үзіледі.
Нұрболатты бұл кезде Шымкент полиция департаментінің жедел уәкілдері ұстап жатқан. Бетперде киген қызметкерлер Жұмабаев пен досы Сергей Петровтың "басына қап кигізіп", полиция департаментіне әкетеді. Петровтың сөзінше, олар кім екенін, не үшін ұстағанын айтпаған.
Ұстау себебін полиция департаментіне жеткенде бір-ақ хабарлайды. Қалада бірнеше көлік ұрланғанын, екеуінің осы іске қатысы барын айтады. Бұдан соң Жұмабаевты бөлек, Петровты бөлек кабинетке әкетеді.
– Мен қалған кабинетте екі қызметкер отырды. Олар маған: "Мына істі мойныңа ал" деді. "Неге алуым керек? Менің не қатысым бар?" дедім. "Қол қоймаймын дейсің ғой? Денсаулығыңа сеніп тұрсың ба?" деді. Басымнан бір ұрды. "Жарайды, денсаулығыңды тексеріп көрейік" деді. Артымда арнайы жасақтың екі жігіті тұрған. Қолым кісендеулі еді. Жасақтың екі жігіті жерге жатқызды, – дейді ол.
Петровтың шекесі ісіп, көгеріп кеткен. Ішінде жарақат ізі бар.
– "Бұл саған Қостанай емес" деді. "Резеңке таяқпен зорлаймыз" деді. "Досың әлсірей бастады. Қазір-ақ мойындайды" деді. Тепкілеп, ұрып жатты, – дейді Петров.
Біраздан соң қызметкерлер күрт өзгеріп шыққан. Сергейдің қолындағы кісенді шешіп, су береді.
"Жұмабаевты біраздан бері білесің бе? Денсаулығы нашар ма еді?" деп сұрайды. Петров қызметкерлердің аяқ астынан жұмсарып, өзімен неге "адамша" сөйлесе бастағанын түсінбегенін айтады.
– Нұрболат досым ғой. Спортпен айналысатын еді. Денсаулығы мықты. Мыналар "аяқ астынан жүрегі тоқтап қалды" дейді. Мен оны ұрып-соққанына сенімдімін, – дейді ол.
Сергейді түнгі 12:00 шамасында бөлімшеден шығарған. Көлік ұрлығы ісі бойынша ешқандай айып тақпаған. Ол тергеушімен де кездеспегенін айтады. Петров полиция әрекетіне шағымданып, арыз жазды.
Жұмабаевтар отбасының адвокаты Талғат Есімовтің сөзінше, полицейлер екі азаматты үш сағаттан аса уақыт заңсыз ұстаған.
– Көлік ұрлығы ісін негізі Қаратау аудандық полициясы тергеп жатқан. Тергеуші мүлде басқа жақта жүрген. Ал екі жігітті полиция департаментіне әкеледі. Олардың құқығы болмаса да, өз бетінше тергеу жүргізіп, куәлік алады. Осылайша қызметін асыра пайдаланған, – дейді адвокат.
"ҰЙҚЫ БЕЗІНЕ ҚАН КЕТКЕН"
9 желтоқсанда Шымкент полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов журналистерге сұхбат берді. Тілшілер одан "Жұмабаев азапталды ма?" деп сұрады.
– Прокуратура қызметкерлері мен өзіндік қауіпсіздік қызметі марқұмның денесін қарап шықты. Олар "көзге көрініп тұрған жарақат жоқ" деп айтты, – деді департамент басшысы.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы Азаттыққа Жұмабаевтың "биологиялық өліммен" көз жұмғанын хабарлады.
Бірақ Жұмабаевтың туыстары Азаттыққа жіберген медициналық сараптамада марқұмның қазасына әсер еткен болуы мүмкін деп үш жайтты – "шок", "ұйқы безіне қан кету" және "ішінен алған жарақатты" көрсетеді.
Мәйітханада ұлының денесін көріп шыққан әкесі Ерқара Жұмабаев дауыстап жылады.
– Баланың денесінде сау-тамтық жері жоқ. Қолы қарайып кеткен. Ұрып өлтірген баланы. Малды да бұлай ұрмайды адам. Айуандықпен өлтірген, – деді әкесі.
Адвокаты Талғат Есімов прокуратураға қылмыстық кодекстің 99-бабы – "Адам өлтіру" бойынша шағым түсірмек.
– Медициналық сараптамадан оны ұрып-соққан деп қорытынды жасауға болады. "Жүрегі ұстаған" деген өтірік. Медициналық сараптама қорытындысы полиция сөзіне қарама-қайшы. Оларды мойындату үшін полицейлер әдейі осындай әрекетке барған. Медициналық сараптама қорытындысына сүйеніп, "Адам өлтіру" бабымен іс қозғауды сұраймын, – деді ол.
Жұмабаевтың қазасын Шымкенттегі арнайы прокуратура тергеп жатыр. Қай бап бойынша іс қозғалғаны белгісіз. Адвокат та қандай баппен іс қозғалғанынан хабарсыз. Азаттық прокуратураның баспасөз қызметіне 10 желтоқсан күні таңертең сауал жіберген. Материал шыққанша ведомстводан жауап келмеді.
Полиция департаменті өзі таратқан ресми мәлімдеме мен медициналық сараптама нәтижесі неге қарама-қайшы шыққанын түсіндірмеді. Жұмабаев пен Петровты тергеген полицейлер қызметінен шеттетілмеген.
"БІЗ ҚАТЕЛЕСТІК ДЕПТІ"
Марқұм Нұрболаттың анасы Ажаркүл Әлмағамбетованың сөзінше, күйеуі мәйітхана маңында жүргенде «Жұмабаевты тергеуге қатысып едік» деп екі адам келген.
– Ұлымыздың қазасымен арпалысып жатқанда әкесіне екі адам бірінің артынан бірі ыңылдап келіпті. "Біз қателестік, ақша берейік, көлік берейік" депті. Әкесі қайтарып тастады. Баламызды ешнәрсеге, үйдей алтын берсе де айырбастамаймыз. Баратын жердің бәріне барамыз, соңына дейін жетеміз, – деді әйел.
Оның сөзінше, полиция отбасына хабарласпаған, көңіл де айтпаған. Жедел уәкіл қызметкерлерін Жұмабаевтың әке-шешесінен кешірім алуға жіберген-жібермегені туралы сауалды полиция департаменті жауапсыз қалдырды.
Ата-анасы полиция департаменті бұл істі жауып тастай ма деп қауіптенеді.
Нұрболат үйдегі төрт баланың екінші еді. 17 желтоқсан күні үйлену тойы өтуі керек болған. Қалыңдығы Меруерт жаназасына қатысу үшін Қостанайға бара жатыр. Марқұм 11 желтоқсан күні жерленеді.
Халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстандағы түрмелерде, тергеу орындарында сотталушыларды, күдіктілерді азаптау барын, қамаудағыларға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтып, Нұр-Сұлтанға жиі қайырылады. Сотталушылардың я күдіктілердің жақындары да қамауда азаптау барын жиі айтып, дабыл қағады.
Amnesty International құқық қорғау ұйымы 2020 жылғы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде де "елдегі түрмелерде, тергеу орындарында азаптау мен басқа да қорлық түрлері қолданылаған. Билік санаулы жағдайда ғана болмаса, көбіне мұндай оқиғаларға байланысты әділ, тәуелсіз әрі тиімді тергеу жүргізбеген" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР