Accessibility links

Әділет министрі "Ел тірегі" партиясын құру тобы "құрбан образын жасауға тырысып жүр" деді


"Ел тірегі" партиясын құру жөніндегі бастамашы топ наразылық жиынын өткізіп жатыр. Алматы, 1 қараша, 2021 жыл.
"Ел тірегі" партиясын құру жөніндегі бастамашы топ наразылық жиынын өткізіп жатыр. Алматы, 1 қараша, 2021 жыл.

Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев "Ел тірегі" партиясын құру туралы бастамашы топтың құрылтай құжаттарын "талапқа сай келмегендіктен" 16 рет кері қайтарғандарын айтты. Брифинг кезінде Азаттық сауалына жауап берген ол кемшіліктерді түзетпей, құжаттарды сол қалпы қайта-қайта өткізе береді деп, партия құруға ынталы топқа кінә артты.

— Сол құжаттар пакетін қайта-қайта тапсырады. 16 рет болды. 16 рет кері қайтаруға мәжбүр болдық, себебі біз айтқан кемшіліктер түзетілмеді. Неге бұлай істеп жүр, соны ойлану керек. Олар үнемі тіркемей қояды деген иллюзия тудырып, құрбан образын жасауға тырысып жүргендей, — деді Бекетаев.

"Ел тірегі" партиясын құру туралы бастамашы топ жетекшісі Нұржан Әлтаев Бекетаевтың бұл сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, әділет министрлігі әр кез әртүрлі сылтаумен партияны тіркемей келеді. Әлтаевтың сөзіне қарағанда, министрлік алдымен партия құру жөніндегі бастамашы топ ішінде "статусы белгісіз, қайтыс болған адамдар бар" деп құжаттарды қайтарса, кейін олардың жеке мәліметтері дұрыс толтырылмаған деген уәж айтқан.

— Тізімде "өлі жан" жоқ екенін, барлығының ЖСН-дары дұрыс екенін дәлелдеген соң билік бастамашы топ мүшелеріне қысым жасай бастады. Бір әйелді жұмыстан шығарамыз деп қорқытты. Біз оның видеоүндеуін жариялаймыз деген соң бастамашы топ ішінде басқа саяси партия құрамындағы адамдар бар деп шықты, — дейді экс-депутат.

Биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі, бұрынғы депутат Нұржан Әлтаев соңғы парламент сайлауында партия атынан кандидаттар тізіміне енбеді. Былтыр жыл соңында билікке оппозиция болып, жаңа партия құратынын жариялаған соң Әлтаев "Нұр Отан" құрамынан шығарылып, депутат мандатынан айырылды.

Қазақстан заңдарына сәйкес, саяси партия құрғысы келген топ құрылтай съезін өткізіп, кемінде 20 мың адамның қолын жинауы тиіс. Соңғы жылдары бірнеше бастамашы топ пен ұйым саяси партия құратынын жариялағанымен, ешқайсысы тіркеле алмады. Бастамашылар билік кедергі жасап отырғанын айтты.

  • 2020 жылғы ақпанда Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топ құрылтай жиынын өткізбек болған. Алайда, жақтастарына билік тарапынан қысым күшейгенін айтқан олар шараны өткізбей тастады.
  • 2019 жылы "Халыққа адал қызмет" (ХАҚ) қозғалысы өкілдері әділет министрлігі партия тіркеуге кедергі жасағанын айтты.
  • 2020 жылы белсенділер құрған "Көше партиясы" ұйымы ресми тіркелу үшін құжат тапсыратынын жариялаған соң астананың Есіл аудандық соты оны экстремистік ұйым деп танып, жұмысына тыйым салды. Осы шешімнің негізінде көп белсенді қудаланып келеді.
  • Белсенді Санавар Закирова 2018 жылы "Біздің хақымыз" партиясын тіркеуге талпынып көрді. Белсенді "Нұр Отан" жаңа партия тіркеуге кедергі жасады деп мәлімдеген соң билік партиясы оны сотқа беріп, "Нұр Отан" туралы айтқан сөздерін терістеуді талап етті. Сотта билік партиясы жеңіске жетті. Кейін Закирова бұзақылық ісі бойынша бір жылға сотталып, жазасын өтеп шықты.
  • 2021 жылғы қаңтарда өткен парламент сайлауында биліктегі "Нұр Отанмен" қоса "Ақ жол" және Қазақстанның халық партиясы жеңіске жетті. Сарапшылар бұларды балама иллюзиясын қалыптастыру үшін құрылған қуыршақ партия санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG