Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен мен Ақтау қаласында газ бағасын арзандатуды талап еткен халық алаңнан тарқамады. 4 қаңтарға қараған түні кемінде жүздеген адам екі қаладағы орталық алаңға қонып шыққан. Ақтауда алаңға палатка мен киіз үй құрылған. Әлеуметтік желіде наразылық туралы видеолар тарады.
Ақпаратқа қарағанда, 4 қаңтарда күндіз алаңда шамамен жүздеген адам болған. Олардың саны барған сайын көбейіп жатыр. Оларға Шымкент, Орал, Ақтөбе қалаларынан да келгендер қосылып жатқаны хабарланды.
Сейсенбі күні таңертең Ақтау тұрғындарының бірі Азаттық тілшісіне 3 қаңтарда кешке облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келген кезде алаңда шамамен 6 мың адам болғанын айтты. Дені – жастар. Халық төмендегідей талап айтқан: Үкімет отставкаға кетсін! Шал кет! Жұмыссыздық жойылсын! Зауыт-фабрика салынсын! Жемқорлық, тамыр-таныстықтың жолы кесілсін!
Тұрғынның айтуынша, Ақтауда халыққа полиция Жаңаөзендегідей пеш орнатып, ыстық тамақ жасауға мүмкіндік бермеген. Бірақ жергілікті халық пен кәсіпкерлер наразыларға ыстық тамақ тасыған. Халық тұрған "Ынтымақ" алаңы көлік кіре алмайтындай бекітілген.
"Наразылардың дені – жастар. Арасында бізге мас адамдарды жіберіп, арандатуға тырысқандай болады. Бірақ біз арандатуға ермейміз" дейді наразы тұрғын Есберді Асауов.
4 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған комиссия келетіні жайлы хабар шыққан. Әзірге комиссияның келгені жайлы хабар шыққан жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4 қаңтарда күндіз Ақтаудағы жағдайға байланысты үкімет комиссиясы іске кіріскенін" хабарлады.
"Құрамында Президент әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кірісті. Республикалық оперативтік штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелді. Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс" деп жазды Тоқаев Twitter'де.
2 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газдың екі есе қымбаттауына наразы жұрт көшеге шыққан. Кейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы белсенділер де бұған үн қосып, қолдау білдіретіндерін айтқан.
Видео: Ақтау мен Жаңаөзендегі наразылық. Екінші күн (3 қаңтар 2022 жыл).
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ақтау қаласына кіретін жолдар жабылған. Қарақия ауданындағы Құрық портына кіретін де жол жабылған. Соның салдарынан Қырғызстан және өзге елдерден келген жүк көліктері тұралап, жолда қалған.
ПІКІРЛЕР