4 қаңтарда Атырау облысында Теңіз кенішінің жүздеген жұмысшысы Маңғыстау облысындағы наразылықты қолдап, митингіге шықты. Бұл жөнінде "Ақ Жайық" басылымы жазды. Әлеуметтік желіде жұмысшылардың "Маңғыстауды қолдаймыз!" деп айғайлап, әнұран айтып бара жатқаны көрінеді.
"Ақ Жайық" басылымы наразылықты қолдаушылардың барған сайын көбейіп бара жатқанын жазды. "Теңізшевройл" компаниясы ереуілдің басталғанын растаған, бірақ ресми ақпаратты кейінірек жіберетінін хабарлаған.
Азаттық тілшісі әзірге "Теңізшевройл" компаниясынан жауап ала алмады.
Әлеуметтік желіде Маңғыстау облысы Қаламқас кенішіндегі жұмысшылардың да Жаңаөзен мен Ақтаудағы наразыларды қолдап, жұмысты тоқтатқаны туралы видео пайда болды.
"Ақтауға 300 шақырым жер. Қаламқас жаяу шықтық. Барлық мекеме" дейді жолда кетіп бара жатқан жұмысшылардың бірі. Ар жағында жүздеген жұмысшының жүріп бара жатқаны көрінеді. Ал ҚазТАГ агенттігі көлік болмай, жұмысшылардың вахтадан жаяу қайтқанын хабарлады.
2 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газдың екі есе қымбаттауына наразы жұрт көшеге шыққан. Кейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы белсенділер де бұған үн қосып, қолдау білдіретіндерін айтқан.
Қарай отырыңыз: Ақтау мен Жаңаөзендегі наразылық. Екінші күн (4 қаңтар 2022 жыл).
ПІКІРЛЕР